Ресей Қазақстанға үш ЖЭО салуға көмектеседі

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
Фото: shutterstock

Ресей Қазақстандағы 3 ЖЭО құрылысына қатысады. Бұл туралы Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұмағарин мәлімдеді.

«Ресей тарапының Қазақстандағы 3 ЖЭО жобасын жүзеге асыруға қатысуы туралы құжат дайын. Оған бүгін қол қойылады деп күтіп отырмыз», – деді Жұмағарин.

Ақордада өткен Қазақстан мен Ресей Президенттерінің келіссөздері нәтижесінде қос елдің энергетика министрлері Алмасадам Сатқалиев пен Николай Шульгинов Көкшетау, Семей және Өскеменде жылу электр станцияларын салу туралы келісімге қол қойды.

Бұған дейін, 2027 жылға қарай Көкшетауда қуаттылығы 240 МВт болатын жаңа ЖЭО салынатыны хабарланған. Құрылыстың жалпы құны 239 миллиард теңгеден асады.Энергетика министрлігі Көкшетауда ЖЭО салуға екі рет тендер жариялағанымен, бірде-бір инвестор өтінім бермеген.

Премьер-министрдің орынбасары екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамыту бағытын талқылау мақсатында 31 қазанда Үкіметаралық комиссия отырысы өткенін айтып өтті. Сол жиында ЖЭО құрылысымен қатар, Ресейден ағаш экспортын арттыру, қазақстандық темір рудасы шикізатын ай сайынғы транзитпен қамтамасыз ету, екі ел арасындағы әуе рейстерінің санын арттыру мәселесі қаралған.

Жұманғариннің сөзінше, Ресейдің Новосібір және Челябинск қалаларына QAZAQ AIR әуе рейстерінің саны артады.

Сондай-ақ оқыңыз