«Бәйтерек» холдингіне дәнді дақыл өсірумен айналысатын қос компанияның 49 пайыз акциясы не үшін қажет?

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: baiterek.gov.kz

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ «Aвантюрин» ЖШС және «Qarqyn Group» ЖШС-ның 49,0% акциясын иеленді. Бұл туралы холдингтің Қазақстан қор биржасына жолдаған ақпаратында жазылған.

«Облигациялары Қазақстан қор биржасының ресми тізімінде тұрған «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ 2023 жылдың 06 қарашасынан бастап «Авентюрин» ЖШС жарғылық капиталына қатысудың 49,0 % үлесіне және «Qarqyn Group» ЖШС жарғылық капиталына қатысудың 49,0 % үлесіне иеленгені туралы KASE-ге хабарлады», – делінген ақпаратnа.

Келісімге тараптар 6 қараша күні қол қойған. Холдинг ақпаратында келіcімнің басқа шарттары нақтыланбаған.

Ашық деректерге сәйкес, «Авентюрин» ЖШС – СҚО, Ғабит Мүсірепов ауданында тіркелген. Шағын кәсіпорын тұқым өсіру, дәнді және бұршақ дақылдары өсірумен айналысады. egov порталында 2020 жылы құрылған компанияның басшысы Әли Ғаббасов деп көрсетілген. Қүрылтайшысы – Әли Ғаббасов пен «Әділ» басқарушы компаниясы. Ал басқарушы компанияның құрылтайшысы – жоғарыда аты аталған азамат. Екі фирма да бір мекенжайда тіркелген. Мемлекеттік кірістер комитеті сайтының дерегі бойынша, «Авантюрин» ЖШС еш салық төлемеген. Ал «»Әділ» басқарушы компаниясы 2027-2022 жылдары 78-85 млн теңге салық төлесе, биыл қазынаға 87 млн теңгеден аса салық құйған.

Холдинг жарғылық капиталын иемденген екінші компания – Qarqyn Group биыл тамыз айында ғана құрылған. Жас компанияның төлеген салығы -7 мың теңге. Жалға алынған жылжымайтын мүлікті «субарендаға» өткізу және басқарумен айналысатын фирманың құрылтайшысы – «Қарқын» агрофирмасы мен Лейлә Буканова деп көрсетілген. Компания Қостанай облысында орналасқан. «Қарқын» агрофирмасы 1997 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Құрылтайшысы – Сайран Буканов. Бұл фирма да тұқым өсіру, дәнді және бұршақ дақылдары өсірумен айналысады.

Бұған дейін «Бәйтерек» холдингі Қазақстандағы дәулетті адамдардың біріне қатысы бар компанияның 49%-ына иелік ететіні хабарланған. Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы, Чермошнян ауылдық округіне тіркелген «ТайыншаЖер Плюс» ЖШС-ның да негізгі қызметі «тұқым өсіруді қосқанда, дәнді және бұршақ дақылдарды өсіру» деп көрсетілген.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» – Қазақстан экономикасын әртараптандыру, инновацияларды қолдау, экспортты дамыту, еңбек өнімділігін ұлғайтуды қолдайтын, оны дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ететін ұлттық институт. Холдинг 2013 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен құрылды.

Оған ҚДБ, Qazaqstan Investment Corporation, Отбасы банкі, Қазақстан тұрғын үй компаниясы, «Даму» қоры, Kazakh Export» «Аграрлық несие корпорациясы» және «Береке» банкі тиесілі.

Оның жалғыз акционері – Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті. Холдинг 2022 жыл үшін 58,6 млрд теңге дивиденд төлейтінін жариялады.  Жақында холдинг 1,5 трлн теңгеге облигация шығарды.

Жақында Дүниежүзілік банк «Бәйтерек» ҰБХ жұмысына өзгеріс енгізуді ұсынған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз