Жаңалықтар

SPO KEGOC: компания акциялары KASE алаңындағы алғашқы сауда күнін өсіммен бастады

Фото: Depositphotos/2visiblesite

10 қараша күні KASE алаңында екінші рет орналастырылған KEGOC акцияларының қайталама саудасы басталды. Сауда бастала салып компанияның бағалы қағаздары біршама қымбаттап, әр акциясы 1540-1550 теңгеден сатылды. Бұл акциялар 1482 теңгеден орналастырылған болатын.

KASE Басқарма Төрағасы Алина Алдамберген KEGOC акцияаларының сәтті орналастырылуы жеке инвесторлардың нарыққа үлкен қызығушылығын білдіреді деді,

«KEGOC акциялары қор нарығына алғаш 2014 жылы орналастырылғаны белгілі. Екінші рет орналастырылған акциялар да инвесторлар арасында одан әр ітанымал болып, нарықта өтімділікті арттырады деп сенеміз. KEGOC акциялары – KASE индексіне кіретін «көк фишкалардың» бірі. SPO арқылы біз ірі эмитентімізді әлемге танытамыз», -деді ол.

«KEGOC» АҚ-ның жай акцияларын қайталама орналастыру қорытындыcы бойынша, KASE сауда-саттық жүйесінде 18,7 млрд теңге мөлшерінде қаржы тартылған. Бұл оналастырылған акциялардың 82,4%-ын құрайды. 

«KEGOC» АҚ-ның жай акцияларына KASE-де жазылу барысында инвесторлардан жалпы сомасы 28,8 млрд теңгені құрайтын 37 445 өтінім түскен. Соның ішінде жеке тұлғалардан түскен өтінімдер көлемі 12,6 млрд теңгеге (қабылданған өтінімдер көлемінің 43,9%), сақтандыру ұйымдары, екінші деңгейдегі банктер және брокерлер түріндегі институционалдық инвесторлардың өтінімдері 14,5 млрд теңгеге (қабылданған өтінімдер көлемінің 50,3%) және заңды тұлғалардың өтінімдері 1,7 млрд теңгеге (5,8%) жетті. KASE-дегі ұсынысқа қатысты сұраныс 127 % құрады.

«Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесі KASE-де жиынтық көлемі 18,7 млрд теңгені құрайтын 37 444 өтінімді қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған. Осыған орай, KASE-дегі сұраныстың жалпы көлемінің 64,9% қанағаттандырылды. Бұл ретте жеке тұлғалар берген өтінімдер толық көлемде, заңды тұлғалардың өтінімдері ішінара қанағаттандырылып, институционалдық инвестордың бір өтінімі қанағаттандырылмаған.

Жеке тұлғалардың шоттарына орналастыру нәтижесі бойынша 12,6 млрд теңге сомасына қағаздар түсіп, институционалдық инвесторлардың қанағаттандырылған өтінімдерінің көлемі 4,4 млрд теңгені (23,4%), заңды тұлғалардың өтінімдері 1,7 млрд теңгені (9,0%) құрады.

KASE-де 2023 жылғы 28 қыркүйек пен 27 қазан аралығында өткен «KEGOC» АҚ-ның қазіргі акционерлері үшін басымдықпен сатып алу құқығы шеңберінде 3,9 млн теңге көлемінде акция сатылды.

Аталған акцияларды KASE-де жария ұсынымы өткізу кезінде «Қазақстан Халық Банкінің еншілес ұйымы – «Halyk Finance» АҚ сатушы ретінде әрекет еткен.

Бірлескен үйлестірушілер мен букраннерлер: «Қазақстан Халық Банкінің еншілес ұйымы «Halyk Finance» АҚ, «Фридом Финанс» АҚ, «SkyBridge Invest» АҚ. Бірлескен букраннерлер: «Банк ЦентрКредит» АҚ еншілес ұйымы – «BCC Invest» АҚ, «First Heartland Jusan Invest» АҚ.

Бұл – Қазақстан қор биржасындағы бірден 5 маркетмейкері бар алғашқы құрал.

SPO барысына ұраныс ұсыныстан 1,5 есе асып түскен. Сараптаудан кейін құны 22,6 млрд теңге болатын өтінішті қанағаттандырылған. Яғни жарияланған 15,3 млн қарапайым акция толық сатылымға шыққан.

Сатылымға шыққан KEGOC акцияларының 67%-ын қазақстандықтар сатып алды.

 Самұрық-Қазына төрағасы Нұрлан Жақыпов айтуынша, 1%-ын шетелдік жеке инвесторлар, 32%-ын қазақстандық институционалды компаниялар сатып алған. Компания директорлар кеңесі мен ел үкіметінің 7 қарашадағы шешімінен кейін «Самұрық-Қазынаның»  KEGOC-тағы үлесі 90%-дан 85%-ға дейін кеміді. Ал еркін сатылымда жүрген «KEGOC» акциялары 2,7%-дан 8,1%-ға өсті (БЖЗҚ-ға тиесілі акцияларды қоспағанда).

«