«9-20-25»: жаңа ипотекалық бағдарламадан не хабар бар?

Жарияланды
«9-20-25» жаңа бағдарлама бола ма / Фото: kursiv.media

Елімізде тағы бір ипотекалық бағдарлама іске қосылуы мүмкін. Алғашқы болып депутат Дәулет Мұқаев сүйінші сұраған жоба – «9-20-25» тұрғын үй бағдарламасы деп аталады. Алайда бағдарламаның ықтимал операторы «Отбасы банк» баспасөз қызметі жаңа ипотека әлі жоба күйінде, қарастыру сатысында екенін хабарлады.

 «9-20-25» тұрғын үй бағдарламасының ықтимал нұсқасы. Бұл жоба әзірлену сатысында. Банк сарапшылары есеп-қисап жүргізіп, шарттарды талдайды. Жоба мақұлданса, «Отбасы банкі» қазақстандықтарды қосымша хабардар етіп, толық ақпарат береді», – деп хабарлады банкте.

Жоспар бойынша ипотеканың мөлшерлемесі 9%, бастапқы жарнасы 20% және 25 жыл мерзімге берілуі мүмкін. 

Айта кететіні, жылдық 9% қазақстандық нарықтағы ипотекалық несиелер арасындағы ең төменгі мөлшерлеме болмақ. Бұдан тек «7-20-25» бағдарламасының пайыздыө мөлшерлемесі тһмен, бірақ жыл басынан бері ай сайынғы лимит белгіленіп, аталған ипотека бойынша несие алу қиындай түсті. Мәселен, ипотекаға өтініш қабылдау басталған сәтте қаржы институттарының сайттарына жарты сағаттың ішінде орта есеппен 12 мың адам кіреді екен. Бірақ олардың ішінде ең жылдам әрі құжаттарды дұрыс тапсырғандардың ғана мүмкіндігі жоғары.

«9-20-25» қазақстандықтардың жекелеген санаттарына ғана арналуы мүмкін

Сондықтан аталған бағдарламаға көпшілік қол жеткізе ала ма, жоқ па әлі белгісіз. Жалпы жаңа ипотеклық бағдарламаға қажеттілік бар ма? Нарықта ипотекаға сұраныс жоғары ма? Бұл туралы толығырақ «Үй алайық»  ипотекалық компаниясының жетекшісі Мәдина Болатханқызынан сұрадық.

«9-20-25» бағдарламасы халыққа өте қажет. Неге? Себебі қазір алғашқы салыммен үй алғанда көпшілік «7-20-25» бағдарламасына құжат тапсыруға тырысын, өтініш қабылдау кезеңін күтеді. Алайда «7-20-25» бағдарламасы бойына кез келген уақытта барып, ұнатқан үйін рәсімдей алмайды. Ал «9-20-25» бағдарламасы іске қосылса, алғашқы салым 20%-бен баспаналы болатындар қатары көбейер еді деп ойлаймын», – дейді сарапшы.

Алайда ол жоба талабы бойынша лимит енгізілуі мүмкін екенін де ескертеді.

«20% алғашқы салыммен үй алуға мүмкіндік беретін бағдарламаға халық мұқтаж. Ал жоба бойынша тек жаңа үйлерді емес, қайталама нарықтағы жылжымайтын мүлікті алатындай мүмкіндік туса жақсы болар еді. Себебі елімізде ипотекаға сұраныс өте жоғары», – деп түсіндірді жылжымайтын мүлік саласы бойынша маман.

Оның айтуынша, кез келген адам қолма қол ақшаға бірден үй сатып ала алмайды.

«Ипотекаға сұраныс жоғары екенін «7-20-25» бағдарламасына өтініш берген сәтте банктер сайтына кіретін адам санынан білуге болады. Сондай-ақ, «Отбасы банк» арықылы мемлкеттік бағдарламаларға өтініш бергенде 1 пәтерге орта есеппен 150-ден аса адамның құжат тапсыратынынан білуге болады», – дейді ипотекалық компаниясының жетекшісі.

300 мың теңге жалақы алатын адамға да төлем қабылетін растау қиын

Сарапшы ипотекалық несие рәсімдеген кезде төлем қабілетін растау бойынша жеңілдік жасауды ұсынды.

«Менің ойымша, жоба іске қосылса бұл нарықтық бағдарлама болады. Төлем қабілеттілігін растау жағына келгенде тексеріс мемлекеттік бағдарламалардың талабындағыдай жүргізілсе халыққа жеңілдеу болар еді. Себебі көбінесе 20% алғашқы салыммен үй алатын адамдар пәтер жалдап тұрады, оның ақысын төлей алады. Бірақ сол адамдар «Отбасы банктен» 22 млн-ға үй алатын болса, ерлі-зайыптылардың бірі ғана жұмыс істейтін 3 баласы бар отбасы 300 мың теңге жалақымен төлем қабілеттілігін растау жағынан өте алмай қалады. Сондықтан төлем қабілеттілігін растау жағын жеңілдету керек», – деген ұсынысымен бөлісті маман.

Ипотекалық несиелер саны және сомасы азайды

Бірінші кредиттік бюро мәліметінше, қазақстандықтардың жалпы несие портфелі 18,5 трлн теңгені құрайды.

Оның жартысына жуығы немесе 8,9 трлн теңге тұтынушылық кепілсіз несие. Одан кейінгі орында ипотека – шамамен 5,7 трлн теңгеге рәсімделген.

Статистиканы зерделесек, жылдық динамикада көрсеткіш төмендеген. 2023 жылдың 9 айының соңында елімізде 1,3 трлн теңгеге ипотекалық несие рәсімделген. Былтырғы сәйкес кезеңде бұл сома 1,5 трлн теңгені құраған болатын.

Тұрғын үй бағасы тұрақты, бірақ сұраныс төмендеді

Жылжымайтын мүлік нарығы бойынша соңғы статистикаға сүйенсек, қазанда баспана бағасы аса құбыла қойған жоқ. Жаңа үйлердің бағасы +0,3%-ға, қайталама нарықтағы баға +0,7%-ға өсті.

Алайда елімізде жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелердің саны күрт төмендеді. Мәселен, Астанада қазан айындағы көрсеткіш 5 438 бірлікті құрады, бұл қыркүйек айындағы көрсеткіштен 19%-ға төмен.

Алматыда сатып алу, сату мәмілелерінің саны да -9%-ға төмендеп, 5854 мәмілені құрады. Өткен 9 айдағы транзакциялардың орташа саны 5162 болған.

Алайда Түркістан облысында баға қыркүйекпен салыстырғанда бірден +30%-ға өскен. Бұл ретте облыс биыл алғаш рет келісім шарттар саны бойынша Шымкенттен асып түсті.

Жалпы алғанда республика бойынша сатып алу, сату мәмілелерінің саны қыркүйекпен салыстырғанда 7%, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 4%, ал 2021 жылғы қазандағы деңгейден 25% төмен.

Сондай-ақ оқыңыз