Жаңалықтар

Сенат төрағасы Ресейдің қатысуымен салынатын 3 жылу электр орталығының құрылысынан «қулық» іздемеуге шақырды

Инвестициясыз жылу электр орталығын жаңғырту қиын. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанда Ресейдің қатысуымен салынатын 3 жылу электр орталығының (ЖЭО) құрылысына қатысты пікір білдіргенде осылай деді.

Журналистер Сенат төрағасынан Ресей Қазақстанға 3 ЖЭО салуға неге құлшынып отыр, мұның соңында АЭС құрылысына келісім рәсімдеу «қулығы» жатқан жоқ па деп сұрады.
Сенат төрағасы Ресейдің қатысуымен салынатын 3 жылу электр орталығының құрылысынан «қулық» іздемеу қажет екенін меңзеп: «Мұндай мәселе жоқ. Бұл мәселені бұлай қарастырмау керек. АЭС құрылысы бөлек мәселе. Мемлекет басшысы атап өткендей, жалпыхалықтық референдум өтеді. Атом электр станциясын салу қажет пе, қажет емес пе деген мәселені ел азаматтары шешеді. Азаматтар бізге АЭС қажет деген тоқтамға келсе, байқаулар мен рәсімдер ашық ұйымдастырылады. Ешбір жағдайда 2 мәселені байланыстыруға болмайды», – деді.

Сенат төрағасы Ресей Федерациясы Қазақстанның стратегиялық серіктесі екенін атап өттті.

«Екі ел арасында өте тығыз экономикалық қарым-қатынас бар. Тауар айналымы 28 млрд долларды құрайды. Бірлескен экономикалық жобалар да жеткілікті. Бүгінгі таңда еліміз үшін күрделі мәселелердің бірі – инфрақұрылымды, халықты жылумен, ыстық сумен қамтамасыз ету жүйесін жаңғырту. Өткен қыста бұл бағытта күрделі мәселелер болды. Мұны өздеріңіз білесіздер. Мәселе тек Павлодар облысында ғана болған жоқ. Еліміздің көптеген аймақтарында жылу электр орталығы негізінен кеңестік кезеңде салынған болуы мүмкін. Олар ескірген және жаңартуды қажет етеді», – деді М. Әшімбаев.

Сенат төрағасы осыған дейін жылу электр орталықтары неге тиісінше жаңғыртылмағанының басты себебін айтты.

«Тариф төмен болды. ЖЭО-ны басқарған субъектілер тариф саясатын өзгертпесе, ЖЭО-ға салынған кез келген инвестиция өзін-өзі ақтамайтынын жеткізді. Сондықтан мемлекет басшысы жұмысты жандандырып, «Инвестицияға айырбас тариф» саясатын жүзеге асыруды тапсырды», – деді ол.

М. Әшімбаевтың айтуынша, республикалық бюджеттен үнемі ақша бөлінсе де, ЖЭО-ны жаңғыртуға жетпей жатыр.

«Инвестициясыз жылу электр орталығын жаңғырту қиын. Қазақстанға қаражатын тарифті өсірмей қайтарып алатын инвестор қажет», – деді Сенат спикері.

М. Әшімбаев жылу бағасының қымбаттауынан тұрғындар қиын жағдайға тап болмауы керек екенін айтты.

«Бірнеше ЖЭО-ға инвестор келіп, мемлекетіміздің заңнамасына сәйкес, экологияға зиян келтірмейтін әдіспен нысандарды жаңғыртып, жаңасын салып, халыққа нақты сапа көрсетсе, бұл бағыттағы бастамалар жанданады деп ойлаймын», – деді Сенат төрағасы.
9 қарашада Қостанайда өткен Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұмағарин Ресей Қазақстандағы 3 ЖЭО құрылысына қатысатынын мәлімдеді.

«Ресей тарапының Қазақстандағы 3 ЖЭО жобасын жүзеге асыруға қатысуы туралы құжат дайын. Оған бүгін қол қойылады деп күтіп отырмыз», – деді С. Жұмағарин.

Кейін құжатқа Ақордада қол қойылды. Вице-премьер Роман Скляр жылу электр стансасын ресейліктер салатынын мәлімдеді.

Бүгін, 10 қарашада Қазақстандағы 3 ЖЭО-ны ресейлік «Интер РАО» салатыны белгілі болды.

РФ Энергетика министрлігі «Интер РАО – Экспорт» компаниясы Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жылу электор орталығын салатынын жариялады.