Бишімбаев түрмеден ерте шықпағанда, ол қыз тірі қалар еді, оқиғаға әділетсіз сот кінәлі – журналист

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: Ашық дереккөзден

Экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелін өзінің анасы Альмира Нұрлыбековаға тиесілі мейрамханада өлтірген.

БАҚ-та тараған ақпаратқа сәйкес, Қуандық Бишімбаевты Астананың Достық 16П мекен-жайында орналасқан «Bau» мейрамханасынан ұстаған. Мейрамхана орналасқан ғимарат гастрономиялық орталық саналады. Онда мейрамханалар мен кафелер, бар және караоке орналасқан. Бұл гастро-орталыққа «EZY PARK» ЖШС иелік етеді. Kompra деректерінде бұл компанияның жалға берумен және жалға берілетін мүлікті пайдаланумен айналысатыны жазылған.

Бұл ғимаратқа иелік ететін ЖШС 2019 жылы тіркелген. Ал компанияның салық төлеу мерзімі 2020 жылдан басталған. Атап айтқанда, компанияның салық түсімі 2020 жылы – 1,1 млн теңгені құраса, 2021 жылы – 6,5 млн теңге, ал 2022 жылы – 13,6 млн теңге, 2023 жылы – 31,5 млн теңге болған. Egov деректерінде ЖШС-нің бірінші жетекшісі – Бақытжан Байжанов деп көрсетілген.

Компанияның бес құрылтайшысы бар. Олар – Сержан Мадиев, «Documentolog» ЖШС атқарушы директорының қаржы жөніндегі орынбасары, Қаныш Төлеушин, Инновация және аэроғарыш өнеркәсіп вице-министрі, Тасболат Абдуллин, 2019 жылға дейін «BI GROUP DEVELOPMENT» даму жөніндегі төрағасының орынбасары қызметін атқарған, сонымен бірге Әли Оспанов деген азамат. Ал бесінші құрылтайшы Бишімбаевтың анасы – Альмира Нурлыбекова.

Оқиға қалай болған? Әлеуметтік желіде өзін мейрамхана қызметкері ретінде таныстырған Жан Карим атты азамат мейрамхана иесінің сол күні ғимаратты ертерек жауып, қызметкерлерді таратып жібергенін айтады.

«Мен аталмыш мейрамхананың қызметкері ретінде сіздерден мейрамхана қызметкерлерін жазғырмауларыңызды сұраймын. Олар өз жұмысын лайықты деңгейде орындайтын. Барлығы «қызметкерлер қайда, не қараған?» деп жазып жатыр. Жұрттың пікірінше, мейрамхана қызметкерлері адамды ұрып-соғып, өлтіріп жатқанда жәй қарап тұрған. Бірақ бәрі жұрт ойлағандай емес. Біз ол жерде болмадық. Біз жұмыс уақытымызды аяқтап, мейрамхананы жауып, үйімізге тарап кеткен едік. Ғимаратта күзет жоқ. Мейрамхана иелері кешке өздері отырмақ болып шешкен. Персонал болмады ол кезде. Олардың еш кінәсі жоқ», деп жазады ол.

Расымен, мейрамхананың әлеуметтік парақшасында арнайы қызмет көрсету үшін жабылатыны хабарланған екен. Кейін мейрамхана парақшасы өшірілген.

Ел не дейді? Бұл оқиғадан кейін көпшілік мұндай мейрамханаға байкот жариялап, бармау қажеттігін айтып, мекемені жауып тастауды ұсынған. Олар кісіні оңай өлтіре салатын мейрамхананы «қауіпті жер», «қарғыс атқан орынға» балап жатыр. Осы орайда кісі өлімі болған жерден тамақ ішіп-жеу мүмкін еместігін де жазып жатыр қолданушылар.

Сондай-ақ желі қолданушылары Қуандық Бишімбаевтың заң бойынша өзіне тиесілі мерзімін толық отырып шықпағанын, бұл әділетсіздіктің осыдан басталғанын айтады.

«Мерізімін толық өтемеді. 10 жыл емес, небары 2 жыл ғана отырды. Қымбат көліктерде жүрді, жеке мейрамханасы бар. Ал қарапайым адамдар адал еңбек етіп, шахталарда өліп жатыр, зейнеткерлікке бір жыл жете алмай өліп кеткендер қаншама немесе 5 баласы тірідей өртеніп кеткен отбасылар бар. Қарапайым халық несиеге тамақ сатып алып жатқанда, біреу 60 000 долларға сағат тағып жүр. Бір қызығы аз-маз ақша ұрлаған көше ұрысы да 2 жылға бас бостандығынан айырылады, миллиардтарды жымқырған адам да сондай мерзімге отырады», деп жазып жатыр желі пайдаланушылары.

Журналист Гүлбану Әниятқызы да бұған әділетсіз соттың кінәлі екенін жазған.

«Егер Бишімбаев түрмеден ерте шықпағанда, бұл қызбен таныспас па еді, ол тірі қалар ма еді? Әділетсіз сот, баяғы жемқорлық кінәлі. Өте өкінішті», деп жазды журналист өзінің парақшасында.

Қайтыс болған Салтанат Нукенова Бишімбаевтың екінші әйелі. Ол небары 31 жаста болған. Ресми ақпаратқа сәйкес, әйел мейрамханада алған жарақаты салдарынан тіл тартпай кеткен.

Әлеуметтік желі пайдаланушылары арасынан оның әйелін де кінәлі еткендер табылды.

«Бұл қыз ақшаға кұнықпағанда, үйленіп ажырасқан еркекпен көңіл қоспағанда тірі қалар еді», деп жазған әлеуметтік желі қолданушысы.

Осыдан соң, көпшілік қыздарға «байдың бұзылған ұлынан алыс жүруге» кеңес беріп жатты.

Ал енді біреулер Бишімбаевты жамандыққа қимаған секілді. «Подстава», «Жала жабу» деп сенбеді олар.

Көпшілік желі қолданушыларынының пікірінше миллиардтарды жеп, лайықты жаза алмаған бұл экс-шенеунік кісі өлтірген соң да, көп отырмай, бостандыққа шығуы әбден мүмкін. Халық оларға заң жүрмейтінін «жақсы біліп» алған секілді.

Еске сала кетсек, бейсенбі күні кешке қарай экс-министр Бишімбаевтың әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тарады.

«9 қараша күні сағат 19.54-те қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының пультіне қоңырау түсті. Жедел жәрдем бригадасының келуімен 1992 жылы туған әйелдің өлімі анықталды. Мәйіт полицияға берілді»-делінген Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында.

Қзіргі таңда күдікті қамауға алынып, тиісті сараптама тағайындалған. Оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Назарбаев Бишімбаевтың «бұрын «Бәйтерек» холдингінің басшысы болған кезде күмән тудыратын істермен айналысқаны» туралы айтқан. 2017 жылдың қаңтарында Бишімбаев холдинг директоры болғанда Қызылорда қаласында салынуы керек болған әйнек зауытының құрылысы кезінде мердігер компаниядан ірі көлемде пара алды және «Бәйтерек» холдингінен ірі көлемде ақша жымқырған қылмыстық топ құрды деген айыппен ұсталған.

Сондай-ақ оқыңыз