Қару-жарақ қаражатынан 1 млрд теңге жымқырды деген күдікпен «Қазарнаулыэкспорт» басшылары ұсталды

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қаржылық мониторинг агенттігі «Қазарнаулыэкспорт» РМК лауазымды тұлғаларын ұстады, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.

Қаржылық мониторинг агенттігі Бас әскери прокуратураның үйлестіруімен «Қазарнаулыэкспорт» РМК лауазымды тұлғалары мен бақылауындағы заңды тұлғалардың басшыларын ұстаған.

«Олар мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын орындау аясында бағаны көтеру арқылы әскери және әскери-техникалық мақсаттағы тауарларды сатып алу кезінде 1 млрд теңгеге жуық бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілінген», делінген баспасөз хабарламасында.

Агенттіктің хабарлауынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

«Қазарнаулыэкспорт» – Қазақстан Республикасының Үкіметімен құрылған. Кәсіпорын ҚР Қарулы Күштерін, басқа да әскер мен әскери құралымдарды қару-жарақ пен әскери техникамен қамтамасыз етумен және әскери мүлік импорты мен экспорты бағытында жұмыс жасайды.

Осыған дейін Қорғаныс министрінің орынбасары Бақытбек Сыздықов Қазақстан қорғанысқа қажетті қару-жарақты көбінде Түркия, Сербия және Қытайдан сатып алатынын айтқан.

«Украина мен Ресей арасындағы соғыстың басталғанына бір жылдан асты. Батыс, Еуропа, АҚШ елдері Украинаға қару-жарақты үйіп-төгіп беріп жатыр. Олардың ішінде Himars, Leopard , Abrams танкілері сынды көптеген қару-жарақтар бар. Қазақстан, оның ішінде Қорғаныс министрлігі осы соғысты бақылап отыр ма? Осы орайда Қазақстанның қару-жарағы жаңара ма? Қазақстанда сол Himars немесе Abrams танкілері мен әскери ұшақтары пайда болуы мүмкін бе?» деп сұрады БАҚ өкілдері.

Министрдің орынбасары аталмыш техникалардың тым қымбат болуына байланысты бұл елдерден қару-жарақ сатып алу қарастырылмайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз