Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим күшіне енді

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: kursiv.media

Бүгін 10 қарашада Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим туралы келісім күшіне енді. Бұл жайлы ҚР Сыртқы істер министрілігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«2023 жылғы 10 қарашада Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім күшіне енді»,- делінген хабарламада.

Келісімнің 1-ші бабына сәйкес екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады.

Сондай-ақ азаматтар екі мемлекет аумағында күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімдегі кезеңге келе алады. Ал 180 күн ішінде бір елде болу уақытының жиынтығы 90 күннен аспауы қажет.

Екі елдің бірінде 30 күннен артық болу қажеттігі туындаса, азаматтар тиісті санаттағы кіру визасын рәсімдеуі қажет. Визасыз режим жұмысқа орналасуға, оқуға және миссионерлік қызмет жасауға құқық бермейді.

Министрлік ҚХР Гонконг және Макао арнайы әкімшілік аудандарының аумағына визасыз кіру келісімі қолданылмайтынын ескертеді. Қазақстан азаматтары Гонконгқа визасыз 14 күннен аспайтын мерзімге бара алады, ал Макаоға бару үшін виза рәсімдеуі қажет.

Жалпы алғанда қазақстандықтар 34 елге визасыз бара алады. Бұл елдердің тізімімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

Қазақстан мен Қытай өзара визасыз режим енгізетіні сәуірден бері айтылып келеді. Бұл келісімге 17 мамырда Сиань қаласында қол қойылды. Бұған дейін БАҚ беттерінде «келісім күшіне енді» деген ақпарат тараған. СІМ мұның жалған ақпарат екенін мәлімдеді.

Қазақстан сондай-ақ Сейшел аралдарымен визасыз режим туралы келісімге қол қойды. Сонымен бірге Вьетнаммен визасыз режим орнатуға келісіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты жедел дамыту жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған бірлескен іс-қимылдар жоспарын бекітті.

Сондай-ақ оқыңыз