Иі жұмсақ емес көрінген инфляция біртіндеп иіліп келе жатыр. Қазан айының қорытындысы бойынша инфляция жылдық мәнде 10,8 пайызбен шектелді. Бір ай бұрынғы көрсеткіші 11,8 пайыз болған. Осылайша, жылдық инфляция сегіз ай қатарынан (наурыздағы 18,1 пайыздан ұдайы баяулап келе жатыр) төмендеуді көрсетті. Баға өсімінің баяулауына себеп бір емес, бірнешеу: олар – жаһандық нарықтағы бағаның біртіндеп түсе бастауы, геосаяси ахуалдарға қатысты белгісіздіктің жойылуы, Ұлттық банк ұстанған қатаң-ақша несие саясатының өз жемісін беруі және тағы басқа факторлар. Алайда инфляция төңірегінде мемлекеттік басқару элитасындағы және қаржы нарығы сарапшылары арасындағы пікірлердің қақ жарылуы ешқашан толас таппақ емес, сірә.
Мәселен, мәжіліс депутаттары инфляция бұдан да жоғары қарқынмен баяулауы керек еді деп есептейді. Ал Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтың пікірі бұған кереғар.
«Былтыр жыл соңында және биыл жыл басында ол 21 пайыздан асып кетсе, қазір 10,8 пайыз болып тұр. Үкімет, жергілікті атқарушы органның және Ұлттық банктің қатаң ақша-несие саясаты өз жемісін берді. Қазір елдегі бос ақша массасына сай жеткілікті тауар көлемі өндірілмеді. Бос ақша бағаға қысым көрсетеді. Сондықтан Ұлттық банк ұстанған ақша-несие саясатының басты мақсаты – бос ақша массасын тауарлық нарыққа жібермеу. Қазір біз базалық ставканы күрт төмен түсіретін болсақ онда банктердің біздің ноталар секілді құралдарымызға деген қызығушылығы да кенет түсіп кетеді. Сосын олардың ақшасы не валюталық, не тұтынушылық нарыққа кетеді. Әрине, біз ставканы түсіреміз, бірақ абайлап қана», дейді Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, инфляция дегеніміз тек жекелеген тауар бойынша баға өсімі емес, экономикадағы бағалардың жалпы өсімі және ақша массасының тауардан да артық болып кетуі. Қазір қаржы жүйесіндегі бос ақша көлемі – 4 триллионнан астам.
Нарықта ақша массасының шектен тыс асып кетуін ол былай түсіндіреді.
«Әрине, инфляция өте күрделі экономикалық процесс екені даусыз. Ол көптеген компоненттен құралады. Сондықтан инфляцияны тек бірге жұмыс істеу арқылы, күш біріктіріп қана ауыздықтай аламыз. Көбіне, адамдар «бағаның өсуі» және «инфляция» деген ұғымдарды шатастырып жатады. Теорияға сүйенсек, инфляция дегеніміз – ақша массасының тауар массасынан асып кетуі. Басқаша айтқанда, экономикада көп ақша кезіп жүреді, бірақ соған сай тауар болмайды. Осылайша, тепе-теңдік бұзылады. Мысалы, сізде 100 теңге және 10 бөлке нан бар делік, мұндай жағдайда әр бөлкенің құны 10 теңге болады. Егер сіз кенеттен ақша басып шығарсаңыз немесе нарыққа 100 теңге емес, 150 теңге шығарсаңыз, ал бөлке саны 10 болып қала берсе, бағасы 15 болады. Бұл жерде ұсынысқа, яғни өнім жағына, әрине Үкімет жауап береді. Ұлттық Банк ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, жалпы сол секілді басқа да салаларда өнім өндіре алмайды деп жалғастыра беруге болады. Ақша массасын бақылау жағына, әрине, Ұлттық Банк жауапты. Яғни Үкіметтің негізгі міндеті елімізде тауар көп болуы үшін отандық өнім өндіруді барынша ұлғайту деп есептеймін. Ал Ұлттық Банк ақша басып шығармау үшін тұрақты ақша массасын қалыптастыруға, ақша экономикада бақылаусыз, бей-берекет жүрмеуі үшін артық фискалдық ынталандыру болмауын қадағалауға тиіс», дейді инфляцияны ауыздықтауда Үкімет пен Ұлттық банктің міндетін түсіндіре отырып.
«Экономикалық зерттеулер институтының» сарапшылары биыл инфляцияның соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жеткенін айтады.
«19,6 пайыз деңгейі соңғы 14 жылда бола қоймаған көрсеткіш. Бұған дейін бағаның шарықтап өсіп кетуіне геосаяси тәуекелдердің артуынан туындаған жаһандық жеткізу тізбегінің бұзылуы себеп болды деп айтылды. Қазір біздің Ұлттық банк әлем елдерінің орталық банктері секілді тежелген ақша-несие саясатын ұстануда. Бұл өз кезегінде ұзақ мерзімді перспективада баға тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Ұлттық банк міндетінің бірі – баға өсімін тежеу болса, экономикалық өсімге Үкімет жауапты болады. Қысқа мерзімді перспективада Үкімет инфляцияны төмендетуге нақты және тиімді әсерін тигізе алмайды. Ұзақ мерзімді перспективада Үкімет экономиканы әртараптандырып, тауарлар мен жоғары қосылған құны бар қызметтер өндірісіне бейімделуі тиіс. Осыған байланысты халықтың инфляциялық дағдарысқа сезімтал тобын, яғни азаматтардың жаңа категориясын анықтау керек. Олар үшін қажетті азық-түлік және азық-түлік емес тауарларды сатып алу үшін арнайы сервис ұйымдастыруға болады», дейді институт сарапшылары.
Олардың айтуынша, Үкіметтің инфляцияны баяулатуға қатысты қабылдаған шаралары нәтиже бере қоймады.
«Негізі, Үкіметтің шаралары жұмыс істеді. Егер геосаяси дағдарыс болмғанда оның әсерін осы жыл бойы көрген болар едік. Үкімет, Ұлттық банк және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қабылдаған шаралар әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуін тежеуге бағытталды. Бұл азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға тікелей әсер етуі керек болатын. Сонымен қатар пандемия дағдарысынан кейін Қазақстан сияқты әлемдік экономика да өседі деп жоспарланған. Тауарларды жеткізу тізбегі бұзылмайды деп есептелді, бірақ Ресейге қарсы салынған санкциялар бұған кедергі келтірді. Нәтижесінде қабылданған шаралардың жемісін көрмедік. Алайда бұл шаралар 2021 жылдың күзінде және 2022 жылдың қысында қабылданбаған болса, біз тауарлар мен қызметтердің бұдан да үлкен инфляциясына куә болушы едік. Мысалы, отын-энергетикалық ресурстар бағасына мораторий 2022 жылдың тамызына дейін созылды, ал тамызға дейін инфляция жалпы алғанда баяу өсті, бірақ 2022 жылдың қыркүйегінен бастап инфляция ай сайын 1 пайыздан астам өсіп отырды. Бұл бұрын қабылданған инфляцияға қарсы шаралар кешенінің тікелей оң әсерінің дәлелі», деп дерек ұсынады сарапшылар.
Monetarity телеграм-каналының авторы және редакторы Владислав Туркиннің айтуынша, инфляцияның 10,8 пайызға дейін төмен түсуін тосынсыйға балауға болмас, бірақ әжептәуір нәтиже де байқалады.
«Ұлттық банктің «егер инфляция мәні бір таңбалы болса, онда базалық ставканы алаңсыз түсіре беруге болады» деген емеуріні есте. Қазір біз инфляцияның бір таңбалы мәнге айналуына және ставканың жаңа төмендеуіне бір қадам ғана жетпей тұрмыз. Ал былай нақты ставканың қазіргі мәні 4,5-5 пайыз аймағында бақылау үшін 0.25 пайыздық тармақ шеңберінде тағы бір төмендеуге итермелеуі мүмкін. Алайда мен «инфляциялық қысымның тұрақтануының алғашқы белгілерін көргеннен кейін ставканың әлсіреу цикліне асығудың қажеті жоқ» дейтін батыс орталық банктерінің және халықаралық ұйымдардың ұсыныстары мен тезистеріне көбірек келісемін», дейді сарапшы.
Оның айтуынша, қазандағы инфляция қыркүйекпен салыстырғанда жоғарылап, 0,7 пайыз болды (қыркүйекте 0,6 пайыз болды). Айлық инфляцияның мәні өсім көрсетті, бірақ қазіргі жоғары инфляция режимі жағдайында олай болуы түсінікті дейді эксперт. Тереңірек үңілсек, позитивті тіпті көбірек табамыз дейді ол.
Қолданбалы экономиканы зерттеулер орталығының» (AERC)мәлімдемесіне зер салсақ, 2024 жылы жоғарғы база эффектісінің фонында жылдық орташа тұтынушылық инфляция деңгейі 8,6 пайызға дейін баяулайды. 2023 жылға арналған мұнай бағасы туралы алғышартты қайта қарауды ескере отырып, AERC өнеркәсіптік инфляцияны жылдық 1,3 пайыздан 1,5 пайызға дейін көтерді. Орталық сарапшылары келесі жылы өнеркәсіптік инфляция жылдық 3,2 пайызға дейін жылдамдайды деп күтеді. Тұтынушылық және өнеркәсіптік инфляцияны ескергенде елімізде жалпы ішкі өнім дефляторы биыл 12,7 пайызды, келер жылы 9,7 пайызды құрауы мүмкін.
БҰҰ мәліметі бойынша, биыл қазанда FAO (БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы) азық-түлік бағалары индексінің орташа мәні 120,6 тармаққа дейін төмендеді, бұл қыркүйектегі көрсеткіштен 0,7 тармаққа немесе 0,5 пайызға және өткен жылғы көрсеткіштен 14,8 тармаққа (10,9 пайыз) төмен. Айта кету керек, қазан айында FAO индексі 2021 жылғы деңгейден төмен болды, бірақ әлі де 2020 жылғы көрсеткіштен жоғары.
FAO дерегінше, қазанда индекстің баяулауы қант, бидай, өсімдік майы және ет бағалары индексінің құлдырауында көрініс тауып жатыр. Бұл ретте сүт өнімдерінің индексі өсуге бет алған. Жалпы алғанда, өткен айда азық-түлік тауарларының жаһандық бағасы біршама жақсарды, бұл өз кезегінде әлемдегі инфляциялық қысымның әлсіреуіне қолдау көрсетті.