Жаңалықтар

Бишімбаев ісі: күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды

Астанада мейрамханада әйел өлтірді деген күдікті ПД изоляторына қамалды / Shutterstock

Астана қаласының полиция департаменті «мейрамханадағы әйел өліміне» қатысты іс бойынша ұсталған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.

«Астана қаласының полиция департаменті мейрамханадағы әйел өлімі фактісі бойынша тергеу «Адам өлімі» ҚР ҚК 99 бабы, 1 тармағына сәйкес жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Күдікті Астана қ. ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды» делінген хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, істің объективті мән жайларын анықтауға бағытталған кешенді тергеп-тексеру шаралары жүргізілуде.

«Тергеу барысы ІІМ басшылығының бақылауында», делінген ақпаратта.

Естеріңізге саламыз. бейсенбі күні кешке қарай экс-министр Бишімбаевтың әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Ішкі істер министрлігі оның ұсталғанын растады.

Бұған дейін 10 жылға сотталған Бишімбаев қандай жағдайда босап шыққанына қатысты Шымкент соты ақпарат таратқан еді. Мәліметке сәйкес, 2018 жылғы 14 наурыздағы үкімімен Қ.Бишімбаев 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда мемлекет басшысының (ол кезде президент Назарбаев) 2019 жылғы 13 ақпандағы Жарлығымен Қ.Бишімбаевқа рақымшылық жасалып, жазасы 10 жылдан 4 жылға дейін қысқартылған. Осыдан соң Бишімбаев жазасын шартты түрде өтеу туралы өтініш білдірген. Нәтижесінде өтелмеген 1 жыл 3 ай 13 күні шартты түрдегі жазаға ауыстырылып, босатылған.