Кәсіппен айналысатын отбасылар декларация тапсыратын кезең таяды: үшінші кезең туралы нені білуіңіз керек?

Жарияланды
Фото: shutterstock

2021 жылдан бері Қазақстанда салық төлеушілерге санатына қарай табысын декларациялау міндеттеліп келеді. Атқаратын қызметіне қарай бірнеше санатқа бөлініп, осы кезге дейін екі кезең артта қалды. Үшіншісі 1,5 айдан кейін басталады. Бұл жолы табысы туралы толыққанды ақпарат беретін кімдер? Қандай формада тапсырады? Есеп тапсырмаған жағдайда не болады?

Жалпыға бірдей декларациялау не үшін керек?

Мұндағы мақсат — көлеңкелі экономика мен және жемқорлықпен күрес. Сол арқылы әркім тапқан табысы мен иеленген мүлігінің таза жолмен келгенін дәлелдейді. Кәсіпкерлікпен айналысқан адамның бәрі бірдей салық төлеп, бизнесін ашық жүргізуі керек. Жалпыға бірдей декларациялауды енгізу процесін бір сәтте мүмкін емес. Сондықтан Қазақстан Республикасының Салық кодексіндегі «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Заңының 45-1-бабының негізінде Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау 4 кезеңде енгізіледі делінген еді. Осы уақытқа дейін екі кезеңі өтті. Атап айтқанда, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратындар және олардың жұбайлары, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар және олардың жұбайлары, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілет берілген адамдарға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары, «ҚР сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңына және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «ҚР банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар нарығы туралы» заңдарына сәйкес декларацияны ұсыну жөніндегі міндет жүктелген адамдар тапсырған еді.

          Биыл жыл басында екінші кезең басталды. Бұл жолы мемлекеттік мекеме қызметкерлері (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және т. б. салаларын қоса алғанда) және олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары тапсыруға міндеттелген. Бір жарым айдан кейін үшінші кезеңге аяқ басамыз. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары тапсырады. Ал 2025 жылдан бастап соңғы кезең енгізіліп, қалған санаттағы азаматтар декларация өткізуге міндеттеледі. Осылайша жалпыға бірдей енгізуді көздейтін мақсат орындалады.

50 күн қалды: бұл жолы тапсыратын кімдер және олар нені білуге тиіс?

          Айтқандай, заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары тапсырады. Жеке кәсіпкерлігі мен ЖШС жұмыс істеп тұрмаса да, аталған санатқа кіретіндер есеп тапсыруға міндетті. Яғни іс жүзінде кәсіпкерлік қызмет жүргізіп отырмаса да, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті базасында осы санаттағылардың атына тіркелген ЖК не ЖШС жалпыға бірдей декларация тапсыруы керек. Егер жұмысы жүріп тұрмаған кәсіпкерлік болса, жыл соңына дейін жауып тастаған жөн. Сол кезде ғана 2024 жылдың 1 қаңтарында декларациялау міндеттелмейді.

Кіріс кірмесе де, есеп тапсыру керек

          Жұмыс істеп тұрмаған кәсіпкерліктер мен олардың басшылары туралы ақпарат kgd.gov.kz порталында бар. Атап айтқанда, «Электрондық сервистер» — «Бизнеске көмек» — «Сенімсіз салық төлеушілер тізімі» — «Әрекетсіз деп танылған салық төлеушілердің тізімі» деген бөлімде тұрады. Одан қала берді Салық комитетіндегілер екінші деңгейлі банктердің мобайл қолданбасы арқылы push-хабарлама жібереді. Сондықтан бұған дейін айтқанымыздай, жұмыс істеп тұрмаған болса, жауып тастау қажет. Кейіннен тізімде барсыз ба — соны тексересіз. Ақпараттың жаңарғанын нақтылап алмасаңыз, «тосын сый» күтіп тұруы мүмкін. Демек бір айдан астам уақыт ішінде ЖК не ЖШС жауып, декларация тапсыру мерзімін бір жылға шегеруге болады. Дегенмен 2025 жылдан бастап барлық жеке тұлға тапсыруға міндеттеледі. Сол себепті бұдан «қашып құтылу» мүмкін емес.   

Декларация қандай формада толтырылады?

          Жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде есеп 2 түрлі формада тапсырылады:

  • Активтер мен міндеттемелер туралы декларация (250.00 нысан) – жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне қатысқан бірінші жылда бір рет тапсыру ұсынылады;
  • Кірістер мен активтер туралы декларация (270.00 нысан) – жыл сайын тапсырылады.

Декларациялау жүйесіне қосылған кезде активтер мен міндеттемелер туралы декларация ішінде мыналар қамтылуы қажет:

  • Шет мемлекеттегі жылжымалы және жылжымайтын мүлік;
  • Шетел банктеріндегі шоттарда тұрған ақша;
  • Қазақстаннан тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғы капиталына қатысу үлесі;
  • Бағалы қағаздардың, инвестициялық алтынның, 10 000 АЕК-тен жоғары қаражат және т.б.;
  • Меншік құқығындағы өзге де мүлік.

          Бұл нысан бойынша есеп тапсырту арқылы жиналған активтер мен мүліктердің бастапқы балансы анықталады. Салық комитетінің базасында ел аумағындағы мүлік туралы ақпарат бар. Сондықтан декларацияда оны көрсетпейсіз. Яғни шетелде әлдебір жылжымалы, жылжымайтын мүлік болса, соны көрсетуіңіз керек. Ал одан кейінгі жылдары декларацияның басқа түрі қосылады. Ол — 270.00 нысан бойынша. Мұнда бір жылда тапқан барлық табыс, алынған мүлік көрсетіледі. Құнды қағаздар, шетел банктерінде жатқан, көлемі 1 000 АЕК-тен асатын қаражат, салық шегерімдері және т.б. туралы ақпарат беріп, оның қандай жолмен келгенін де дәлелдеу қажет.

          Демек, егер 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларация тапсыратын санатқа кірсеңіз, онда Активтер мен міндеттемелер туралы 250.00 нысан бойынша декларация өткізесіз. Одан кейін 270.00 нысан бойынша жыл сайын табыс пен мүлік туралы декларация тапсырып отырасыз. Нысандарды тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша өткізесіз. Егер қағаз түрінде жіберетін болсаңыз, 15 шілдеден кешіктірмеу керек. Ал электрон түрде 15 қыркүйекке дейін қабылданады.     

Онлайн тапсыру жолы

          250.00 және 270.00 нысандары бойынша декларацияны қалауыңызға қарай қағаз түрінде не онлайн тапсырсаңыз болады. Алғашқысын Салық комитетіне, ХҚКО не пошта арқылы өткізеді. Оңай жолы — электрон түрде тапсыру. Онлайн тапсырудың да бірнеше тәсілі бар:

  • Egov.kz порталы арқылы;
  • eGov-mobile мобайл қолданбасы арқылы;
  • e-Salyq Аzamat мобайл қолданбасымен;
  • «Салық төлеушінің кабинетінде»;

Egov.kz арқылы тапсырамын десеңіз

          Ол үшін порталда авторизациядан өтіп, «Басты бет» — «Азаматтарға» — «Кеден және салық» — «Салық салу» бөліміне кіресіз. Ол жерден «250.00 нысан бойынша декларация тапсыру» немесе 270.00 нысан бойынша «Жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларация қабылдау» деген қызметті таңдау керек. Электрон қызмет нысанынан «Қызметті онлайн алу» деп басып, декларацияны толтырып, ЭЦҚ арқылы қол қоясыз.  

Ескеретін бірнеше жайт

          Декларация тапсыруға міндеттелген санатқа кіретін адамдар қолма-қол қаражаты туралы да ақпарат беруге тиіс. 250.00 нысанында «Айлық есептік көрсеткіштің он мың еселенген шегінен аспайтын сомадағы қолма-қол ақша туралы ақпарат» деген бөлім бар. С бағанына декларанттың қолында бар, мөлшері 10 000 АЕК-тен аспайтын қолма-қол ақша сомасы көрсетіледі. Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 631-бабының 1-тармағының 2-тармағына сәйкес, активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда (250.00-нысан) Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлердегі қолма-қол ақша туралы мәлімет көрсетіледі. Декларация тапсырылған жылдың алдындағы жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша қолданыстағы 10 000 АЕК шегінен аспайтын мөлшерде көрсетілген. 2024 жылы 2023 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша АЕК мәнін қолданасыз деген сөз. Жалпы алғанда еліміздегі Салық кодексінде жеке тұлғалардың қолма-қол ақшаны қалай сақтайтынына қатысты нақты регламент жоқ. Яғни жеке тұлғада бар қолма-қол қаражат 10 000 АЕК-тен асатын болса, ол максимум 10 000 АЕК деп қана көрсетеді. Қалған қаражатты ол қалауына қарай банкте ұстай ма, басқа жерде сақтай ма — өзі шешеді. 

Декларация тапсырмаса не болады?

          ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 272-бабының 1-тармағына сәйкес, салық органы алғаш рет ескертумен шектеледі. Сондай-ақ, егер адам декларацияда толық емес немесе нақты емес мәліметтер берген жағдайда да бірінші ретте ескерту жасалады. Ал енді тіпті елемейтін болса, онда айыппұл салынады. Атап айтқанда, есепті уақытылы өткізбеген жағдайд қайталанса, онда 15 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. Қате тапсырған кез де қайталанса, онда айыппұл — 3 АЕК.

          Айтпақшы, 2021 жылдың 7 қаңтарынан бастап, мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларға Қазақстан Республикасынан тысқары жерде қолма-қол ақша мен құнды қағаздар сақтауға, шетел банктерінде шоттар мен депозиттер ашуға және иеленуге тыйым салынған (12-баптың 5-тармағы 1-тармағы). Егер осы тыйым бұзылған болса, онда мемлекеттік қызметкерлер жұмыстан босатылады.

Сондай-ақ оқыңыз