Жаңалықтар

«Қазарнаулыэкспорт» кәсіпорнының бас директоры екі айға қамалды

«Қазарнаулыэкспорт» («Қазспецэкспорт») кәсіпорнының бас директоры Арман Рамазанов екі айға қамауға алынды. Бұл туралы Астана сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Рамазанов әскери және әскери-техникалық тауарларды сатып алу кезінде ұрлық жасады деген күдікке ілінді.

«2023 жылдың 11 қарашасында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Арман Рамазановты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады», – делінген сот таратқан ақпаратта.

Бұған дейін Рамазанов және оның қарамағындағы қызметкерлерді Бас әскери прокуратураның келісімімен Қаржы мониторингі агенттігі ұстағаны белгілі болды.

Тергеу мәліметіне сәйкес, «Қазарнаулыэкспорт» РМК лауазымды тұлғалары мен олар бақылайтын заңды тұлғалардың басшылары көрші мемлекеттерден жеткізілетін әскери техниканың бағасын шарықтатқан.

«Олар мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын орындау шеңберінде бағаны көтеру арқылы әскери және әскери-техникалық тауарларды (өнімдерді) сатып алу кезінде миллиард теңгеге жуық бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді», – делінген хабарламада.

Өзге мәлімет Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.

Айта кетейік, «Қазарнаулыэкспорт» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қарулы Күштерді, басқа әскерлерді және жауынгерлік құралымдарды қамтамасыз ету мақсатында Үкімет қаулысымен құрылған және қару-жарақ пен әскери техника, сонымен қатар әскери мүлік импорты мен экспорты бағыттарында жұмыс істейді.