Chery, Haval, Jetour және Changan: Қазақстанда Қытай көліктеріне деген сұраныс артып келеді

Жарияланды

Фото: kolesa.kz

«Қазақстан Автокөлік Одағының» мәлімет бойынша, қазан айында 17 115 жеңіл машина мен жеңіл коммерциялық техника, сонымен қатар 1 072 жүк көлігі мен автобус сатылған. Солардың арасында нарықта қытайлық көліктерге сүраныс жоғары. Ең көп сатылған көліктер арасында қытайлық брендтер басым.

Күздің екінші айында Chevrolet ең көп өткен брендтер арасында үздік атанды (3 821, былтырғы қазанмен салыстырғанда +21,8%). Hyundai дилерлері 3 428 автомобиль (+65,4%) сатты. Үшінші орынға жайғасқан Kia 2 386 (+69,5%) моделін саудалады. 1 204 (+79,7%) өнімі иесін тапқан Chery төртінші қатарға тұрақтады. Ал бесінші орынды осымен екі ай қатарынан Toyota (1 184, +78%) иеленді. Jac алтыншы қатардан көрінді –(793; +198,1%). Жетінші тұрған Haval-дың 786 көлігі  (+297%) иесін тапты. Одан кейін тізімде Jetour (620), Changan (543) және рейтингіге алғаш енген Omoda (351) тұр.

«Қазан айында елде саудаланған жаңа көліктердің жалпы саны 150 мыңнан асып кетті, бұл былтырғы нәтижеден жоғары. 2023 жылғы көрсеткіш жергілікті автомобиль ритейлі үшін рекорд болғалы тұр, «ҚАО» болжамы бойынша биыл шамамен 190 мың автокөлік сатылады. Алайда келер жылдың алғашқы тоқсанында өсім сәл бәсеңдейді. Бұған негізінен нарықтағы жағдаят себеп болады, бірақ ресми автодилерлер ұсынатын көлік саны артады”, – дейді ҚАО президенті Анар МАҚАШЕВА.

Елдегі ең танымал модельдер көшін әдеттегідей Chevrolet Cobalt (2 329) бастап келеді. Екінші орынға Hyundai Tucson (975) жайғасса,үздік үштікті Hyundai Santa Fe (915) түйіндеді. Әрі қарай тізімде Chevrolet Onix (841), Chery Tiggo 2 (711), Kia Cerato (548), Toyota Camry (540), Kia Ceed (450), Hyundai Elantra (415) және Kia Sportage (406) бар.

Он ай қорытындысы бойынша брендтер арасында Hyundai (38 433) оқ бойы озық шықты. Екінші орын 35 768 автомобиль сатқан Chevrolet үлесінде. Үшінші қатардан орын алған Kia 20 969 (+88,3%) моделін саудалады. Chery дилерлері 9 620 автомобильдің (+207,6%) кілтін тапсырды. Бестікті Toyota (8 058; +2,1%) түйіндеді.

Жалпы елімізде еңбекке жарамды әрбір 2 адамның біреуінде жеңіл автокөлік бар екені айтылады. Алайда қазақстандықтардың көлік салығы үшін қарызы 22,4 млрд теңгеге жеткен.

Осы орайда Қазақстан 2026 жылға қарай автокөлік өндірісін 500 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз