«ҚазМұнайГаздың» еншілес ұйымына бензин мен дизель саудасын негізсіз шектегені үшін 542,9 млн теңге айыппұл салынды

Жарияланды
Шығарушы редактор
Фото: shutterstock

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «ҚазМұнайГаз» АҚ мен қытайлық  CNPC  компаниясына тиесілі «Petrosun» ЖШС-на 542,9 млн теңге айыппұл салды. Компания нарықтың жекелеген субъектілеріне АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны саудасын негізсіз шектеген.

«Осыған байланысты, департамент қызметкерлерінің қорытындысы негізінде «Petrosun» ЖШС үстем жағдайды теріс пайдалану фактісі бойынша 542,9 млн теңге сомасы көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ агенттік  «Petrosun» ЖШС-нің іс-әрекеттері жекелеген контрагенттермен шарттардың талаптарын бұзып, олардың заңды құқыгі мен мүддесіне қысым жасауға әкеп соқтырды деп тұжырымдайды.

БҚДА шілде айында Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа тиесілі PetroRetail компаниясының, халыққа QazaqOil брендімен танымал станциялар желісінің «ҚазМұнайГаздан» сатып алынған мұнай өнімдерінің бір бөлігін басқа жанармай құю станцияларына қайта сататынын мәлімдеген болатын.

«Көтерме бағалар (литріне 227 теңге) мен бөлшек саудадағы бағалардың (литріне 295 теңгеден 450 теңгеге дейін) арасындағы айырмашылықтың жоғары болуы көлеңкелі схемалардың таралуына себеп болады. Дизель отынының негізгі көлемі – 45 пайызы жанармай құю стансаларының ірі желілеріне, ал дала жұмыстары кезеңінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне шамамен 30% пайызы сатылады. Ал нарықтың қалған бөлігі бақыланбай, «көлеңкеде» қалып кетеді. Мәселен, «Petrosun» ЖШС контрагенттер құрылымында бұрынғы делдалдар – «Silk Way Petroleum» ЖШС, «SAPAR Trading» ЖШС, «Petro Capital» ЖШС, «Lf-Trade» ЖШС және т.б. бар», делінген агенттіктің 2022 жылғы есебінде.

QazaqOil 220 меншікті жанар-жағармай құю станциясы мен 17 серіктес жанармай құю станцияларына иелік етеді. Ал «ҚазМұнайГаз» өзінің мұнай өнімдерінің 35%-ын осы жанармай станцияларына, яғни PetroRetail компаниясына жібереді. БҚДА мәліметі бойынша компания бұл өнімлі басқа жанармай құю станцияларына қайта сатады.

«Petrosun» компаниясы – «ҚазМұнайГаз» бен Қытайдың CNPC компанияларына тиесілі.

Ал «Silk Way Petroleum» компаниясының жалғыз құрылтайшысы – «Қазақстан – отын-энергетика кешені» сауда үйі».Оған Тимур Құлыбаев иелік етеді. «SAPAR Trading»-тің негізін қалаушы және басшысы Самат Құрмамбаев болса, «Petro Capital» компаниясының негізін қалаушы және басшысы ретінде Айдын Сейсенбай көрсетілген, ал «Lf-Trade»-ке Қаныш Сыздықов иелік етеді.

Мұндағы «PetroRetail» болса бірқатар компаниялар арқылы Тимур Құлыбаев пен оның іскер серіктесі Данияр Абулғазинге, сондай-ақ Бауыржан Тойбазаровқа, Айдын Сейсенбайға және Раушан Сағдиеваға тиесілі.

БҚДА ірі компаниялардың жанармай құю станцияларына бензин мен дизель отынын сатудан негізсіз бас тарту фактілерін тексеріп жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар, есепте «Petrosun» меншік иесі ауысқаннан кейін тұтынушылардың ауызша өтініштері бойынша отынды орталықтандырылған есепке алмай сату тәжірибесінің кеңінен қолданыла бастағаны айтылады. Бұл ретте дизель отынын беруден бас тарту фактілері тіркелмеген, бұл орайда дизельдік отынды қолма-қол ақшаға сату жағдайары артқан.

Осылайша, баяндамаға сәйкес, мемлекет мұнай өнімдері нарығының 30%-ға жуығын бақылай алмайды. Бұл өз кезегінде баға белгілеудің ашықтығына теріс әсер етеді және бағаны жасанды көтеруге алып келген.

Сондай-ақ оқыңыз