Банк секторынан корпоративтік клиенттер қаражатының жылыстауына не себеп?

Жарияланды
Фото: kursiv.media

2023 жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша банк секторында қалыптасқан соңғы көрсеткіштерді негізге ала отырып, «Курсив» қыркүйектегі нәтижелер қазан айындағы жағдайға қалай әсер еткенін есептеп шықты.

Зерттеу барысында отандық банктердің қызметіне қатысты үйлестіруші мекеме жария еткен ресми мәліметтер есепке алынды.

Активтер

2023 жылдың қыркүйек айында банк секторындағы жиынтық активтер 2,53%-ға немесе 1,18 трлн теңгеге ұлғайып өскен. Активтердің бұлайша қарқындап өсуі биыл осымен екінші рет байқалып отыр, бұған дейін бір айдағы мұндай өсім көрсеткіші маусымда көрініс берген-тін (+2,64%). Қыркүйектегі нақты өсім номиналды өсімнен төмен шықты, бұған ұлттық валютаның 3,22%-ға әлсіреуі (1 АҚШ доллары үшін 459,7 теңгеден 474,5 теңгеге дейін) және соған сәйкес айырбас бағамының қайта бағалануы септік етті. Салыстыру үшін айта кетсек: маусымдағы өсім көрсеткіші долларлық активтердің «қағаз» түріндегі қымбаттауы есебінен мүмкін болды, бірақ ол кезде ұлттық валютаның АҚШ доллары алдындағы құлдырауы 0,98%-ды ғана құраған болатын.

Қыркүйектегі жиынтық активтердің ұлғайып өсуін, ең алдымен, сектор ішіндегі негізгі төрт ойыншы қамтамасыз еткен, олар: Халық (бір айдағы өсім көрсеткіші + 141 млрд теңге), ЦКБ (+282 млрд теңге), Kaspi (+228 млрд  теңге) және Forte (+141 млрд теңге). Отандық банк секторындағы активтердің бір айдағы өсімінің 80%-ы осы төрт банктің еншісінде. Қалған 20% үлесті былайша бөліп көрсетуге болады: Freedom (+73 млрд теңге), Еуразиялық (+50 млрд теңге), әмбебап емес Отбасы банкі (+48 млрд теңге), санкциялар қыспағындағы ВТБ (+46 млрд теңге), сондай-ақ, ептеген үлес түріктің КЗИ банкіне (+28 млрд теңге), Jusan-ға (+21 млрд теңге), Қытай Банкіне (+20 млрд теңге) және Bereke-ге (+16 млрд теңге) тиесілі. 

Қыркүйекте – нарық ішіндегі 21 ойыншының арасында активтердің төмендеуі төрт ойыншыға қатысты орын алған. Кәрістің Шинхан банкі мен Қытайдың сауда-өнеркәсіп банкінде (СӨБ) ептеген төмендеу байқалса, айырбас бағамының оң сипатта қайта бағалануына қарамастан, американдық Сити банк көлемі 20 млрд теңгеге қысқарып қалған. Ал ең нашар көрсеткішке Bank RBK жол берген (– 76 млрд теңге).

Ұлттық валютаның 2,55%-ға әлсіреуі аясында, жыл басынан бергі кезеңде сектор бойынша активтердің ұлғаю көрсеткіші 7,4%-ды құраған (+3,3 трлн теңге). Абсолютті мәнде алғанда, ең тартымды динамиканы Kaspi (үш тоқсанның қортындысы бойынша +943 млрд теңге) және Freedom (+844 млрд теңге) көрсеткен. Бұл екеуінің жиынтық үлесі сектор ішіндегі активтердің жалпы өсімінің жартысынан асып түсіп, 1қазандағы жағдайға сай 54%-ды құраған. Әрі қарай Еуразиялық банк (+524 млрд теңге) және БЦК (+517 млрд теңге) жайғасқан.

Активтер көлемін ұлғайту тұрғысындағы үшінші эшелонға Отбасы (+392 млрд теңге) және Шинхан (+378 млрд теңге) орныққан. Бұл тұрғыда өзіндік төртінші эшелон да жоқ емес және оны Forte (+169 млрд теңге), Bereke (+152 млрд теңге), Хоум Кредит (+151 млрд теңге) банктері құраған. Тағы төрт банктің (ВТБ, КЗИ, Қытайдың СӨБ және Al Hilal) активтері 23 млрд теңгеден 55 млрд теңгеге дейін ұлғайып өскен. Салыстырмалы түрде қарасақ, активтердің жеделдеп өсуі Шинхан (жыл басынан бері +299%), Freedom (+67%) және Al Hilal (+38%) тарапынан байқалған. Бастапқы базасы мейлінше жоғары дейтін ойыншылардың арасында Еуразиялық банк біршама жақсы қарқын алған (+22%).

Үш тоқсанның қорытындысы бойынша сегіз банктің активтері төмендеп кеткенін байқай алдық. Абсолютті мәнде – ең нашар динамика Ситиге тиесілі (– 296 млрд теңге). Сол сияқты, Bank RBK (–199 млрд теңге), Қытай Банкі (–143 млрд теңге), Jusan (–135 млрд теңге) және Алтын (–97 млрд теңге) банктер де елеулі деңгейде төмендеуге жол берген. Нұрбанктің (–9 млрд теңге) және Заман-банктің активтері аса қысқара қоймаған. Алайда, Заман-банк нарық ішіндегі ең шағын ойыншы екенін ескерсек, абсолютті мәндегі елеусіз төмендеу  (–13 млрд теңге) салыстырмалы мәндегі ең сезімтал көрсеткішке айналуы мүмкін (–35%, сектор бойынша ең нашар динамика). Ал активтердің төмендеуіне жол берген сегізінші банк – Халық (–44 млрд теңге), бірақ қыркүйекте Халық жоғары өсім көрсеткенін есепке алсақ, жыл соңына дейін ол төмендеу траекториясын жоғары көтеріп, түзей алады деп болжауға болады, қалай дегенмен, бұл банк сектор ішіндегі ең ірі ойыншы емес пе…

Салымдар

Қыркүйек айында жүйедегі бөлшек қаражат көлемі 2,6%-ға немесе 484 млрд теңгеге ұлғайып өскен (есепке алынған соңғы айда теңге 3,22%-ға әлсіреп кеткенін ескерсек, бұл соманы таза түсім дей алмаймыз). Бұл арада да жиынтық өсімнің қалыптасуына, негізінен, әмбебап төрт банк пен олардың жеке тұлға ретіндегі клиенттері үлес қосқан, әңгіме: Kaspi (бір айда +131 млрд теңге), Халық (+119 млрд теңге), Еуразиялық банк (+84 млрд теңге) және БЦК (+65 млрд теңге) жайында. Бұл төртеуі сектор бойынша жеке тұлғалардың депозиттік портфелінің (ағымдағы және карточкалық шоттарды қоса алғанда) қыркүйектегі өсімінің 82,5%-ын қамтамасыз еткен. Жүйедегі басқа да ойыншылардың арасында Bereke (+22 млрд теңге), Jusan (+20 млрд теңге), Forte (+18 млрд теңге) және Хоум Кредит (+12 млрд теңге) сынды банктерді де атап өткен жөн. Қыркүйекте, сондай-ақ үш банктің (Bank RBK, Алтын, Al Hilal) бөлшек қаражатында жылыстау көрініс берген, бірақ олардың көлемі мардымсыз деуге болады.

Биылғы жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша сектор ішіндегі жеке тұлғалардың қаражаты 10,1%-ға немесе 1,7 трлн теңгеге ұлғайып өскен. Бұл көрсеткіштің жартысына жуығы (47,7%-ын) Kaspi банкке тиесілі, онда бөлшек түрдегі қалдықтар 816 млрд теңгеге өскен. Одан кейін біршама алшақтау орналасса да Еуразиялық (+216 млрд теңге), Freedom (+146 млрд теңге) және Bereke (+129 млрд теңге) келеді. Отбасы және БЦК, сәйкесінше,  96 млрд теңгеге және 94 млрд теңгеге өскен, Хоум Кредит – 67 млрд теңгеге, Халық – 50 млрд теңгеге (қыркүйектегі өсім есебінен оң көрсеткішке шыққан, бірақ бұған дейін теріс динамика көрсеткен-тін). Салыстырмалы түрде алып қарағанда, ВТБ портфелі жылдамдап өсуде (+103%, бірақ ол өте төмен базадан бастау алған), сол сияқты, бұл тұрғыда көш басында Bereke (+63%) мен Freedom (+47%) бар. Салыстыра кетсек, бөлшек портфель көрсеткіші бойынша ең ірі дейтін Халық пен Kaspi-де жыл басынан бері жеке тұлғалардың қаражаты, сәйкесінше, 1,0% және 22% деңгейінде өскен. Нарық ішінде қазір портфель динамикасы теріс көрсеткішке шыққан елеулі ойыншы жоқ деуге болады. Бөлшек түрдегі салымдардың жылыстауы Шинхан және Заман банктерінде байқалған, бірақ бұл екі банктің отандық депозит нарығындағы үлесі өте төмен екенін де ұмытпаған жөн.

Ал корпоративтік клиенттердің қаражаты туралы айтар болсақ, биыл қыркүйекте олардың жүйе ішіндегі көлемі 0,65%-ға немесе 91 млрд теңгеге қысқарып кеткен. Ойыншылардың бірқатарында қаражаттың жылыстауы ай сайынғы стандартты волотильдік аясында орын алған, мысалға, қыркүйекте Bank RBK қоржынынан жылыстаған қаражат ауқымы 45 млрд теңгені, Алтын банктен – 41 млрд теңгені, Халықтан – 35 млрд теңгені құраған. Бұл тұрғыда квазимемлекеттік  Bereke өз алдына бөлек тұр – мұнда заңды тұлғалардың қаражаты бір айда 390 млрд теңгеге, яғни екі еседей көлемде шөгіп қалған (–45%). Және де бұрынғы Сбердің жалпы міндеттемелері азаймақ тұрсын, тіпті, ептеп өскен де (+12  млрд теңге). Осы арада айта кетсек, биыл қыркүйекте Bereke KASE алаңында 400 млрд теңге сомасына (16% жылдық мөлшерлемемен) қысқа мерзімді борыштық бағалы қағаздарын орналастырған болатын (өтеу мерзімі 2024 ж. наурызынан желтоқсанына дейін). Соған қарағанда банк акционері (және оның басты кредиторы) «Бәйтерек» ұлттық холдингі осылайша Bereke банктің қарыздық жүктемесін депозиттерден (шексіз мерзімге ұзарту мүмкіндігі бар) қысқа мерзімді облигацияларға айналдыруды ескерсе керек. Бұл Bereke-нің сатылуы қарсаңында жасалған шара болуы да мүмкін: биыл қазанда ҚР ҚНРДА  басшысы Мәдина Әбілқасымова: «тиісті тексеру процедурасы жүріп жатыр, процесс басталды, келіссөздер жүргізілетін болады» деп, аталған банкке Катар инвесторлары көз тігіп отырғанын мәлім еткен болатын.

Биылғы жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша заңды тұлғалардың жиынтық қаражаты 5,5%-ға, яғни 802 млрд теңгеге шөгіп қалған. Жекелеген ойыншылардың арасында 11 ұйым қаражаттың жылыстауымен бетпе-бет келген (теңгенің доллар алдындағы құлдырауы аясында депозиттер қысқарып жатқандықтан, әңгіме қаражаттың жылыстауы туралы). Бұл тұрғыда ең нашар динамика Халыққа тиесілі (жыл басына бері: –639 млрд теңге). Әрі қарай бұл тізімдегі аутсайдерлер қатарында Bereke (–379 млрд теңге), Bank RBK (–214 млрд теңге), Сити (–169 млрд теңге), Jusan (–121 млрд теңге) және Алтын (–104 млрд теңге) тұр. Қалған бес банктен қаражаттың номиналды жылыстау көрсеткіші 52 млрд теңгеден (Қытай Банкінде) басталып, төмендей береді.

Ал, керісінше, заңды тұлғалар қаражатының өсуі бойынша көш басына шыққан банктер қатарында Шинхан (+373 млрд теңге), БЦК (+228 млрд теңге) және Отбасы (+117 млрд теңге) бар. Бұл үшеуінен өзге бірде-бір банк 100 млрд теңге шамасындағы өсім көрсеткішіне жақындай алмаған. Көш басындағы үшеуге біршама жақын тұрған Forte (+58 млрд) ғана.

Кредиттер

Қыркүйекте сектор бойынша несие көрсеткішінің жиынтық көлемі (осы арада және бұдан әрі – кері РЕПО есепке алынбаған) 542 млрд теңгеге немесе 2,04%-ға өскен. Бұл өсімнің жартысынан астамын Халық құраған (бір айда +276 млрд теңге). Оның соңынан ілескен банктер көрсеткен динамика төмендегідей: БЦК (+60 млрд теңге), Kaspi (+59 млрд теңге), Forte (+42 млрд теңге), Отбасы (+37 млрд теңге). Қыркүйекте несие портфелі біршама жеңілдей түскен ойыншы Jusan банк (–50 млрд теңге).

Жиынтық несие көрсеткіші жыл басынан бері 12,9%-ға немесе 3,1 трлн теңгеге ұлғайып өскен. Портфель өсіруде көш басына бір ай бұрын үшінші орында тұрған Халық шыққан (+739 млрд теңге). Сәйкесінше, БЦК (+663 млрд теңге) және Kaspi (+644 млрд теңге) бұл тізімде бір саты төмен ығысқан. Несие портфелінің төмендеуіне бес банк жол берген (Al Hilal, Bereke, ВТБ, Алтын және Сити), дегенмен, бұл бесеуінде де төмендеу көрсеткіші болмашы деңгейде ғана.

Қарыз алушылар аясынан алып қарағанда, бөлшек кредит портфелі үш тоқсанның қорытындысы бойынша 20,2%-ға, ШОБ портфелі 11,7%-ға өскен, ал корпоративтік портфель, керісінше, 2%-ға қысқарып қалған. Бұл тұрғыда өзінің ай сайынғы шолуында ҚР ҚНРДА осынау жағымсыз динамикаға барынша мән беріп, мұның себебін, біріншіден, биыл ірі бизнестің кредит алуға деген ықыласы төмендеп кетті деп түсіндіреді: бұған көп жағдайда «макроэкономикалық қолайсыз жағдай аясында ауқымды капиталды қажет ететін ұзақ мерзімге негізделген жобаларды тоқтата тұру» жөніндегі бизнестің өз шешімі септік еткен (шамасы бұл арада – шарықтап өскен инфляция мен базалық мөлшерлеменің жоғары болуы, сәйкесінше кредиттердің қымбаттауы меңзелсе керек). Екіншіден, реттеуші мекеменің айтуынша, қолданыстағы қарыздар бойынша жоспарланған өтем ауқымы 2022 жылдың тоғыз айындағы 8,7 трлн теңгеден 2023 жылдың сәйкес кезеңінде 10,8 трлн теңгеге дейін өскен. Бұл арада да, мәселе инфляцияға келіп тіреледі: былтыр алынған жаңа қарыздардың 80%-ға жуығының өтелу кезеңі бір жылға дейінгі мерзімді құраған. Ал үшіншіден, корпоративтік секторды кредиттеу көрсеткішінің баяулай түсуіне мемлекеттік бағдарламалар бойынша берілетін жеңілдетілген қарыздар үлесінің төмендеуі ықпал еткен (жаңадан берілген қарыздардың жалпы ауқымының 6,8%-нан 5,9%-ға дейін).

ҚР ҚНРДА мамандары мұның мәнісін 2023 жылдың маусымынан бастап, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау жөніндегі бизнестің өтінішін мақұлдау процедурасының тоқтатылуымен түсіндіреді, себебі бұл мақсатта бөлінген бюджет қаражаты толығымен игерілді, дейді реттеуші мекеменің өкілдері.

Сондай-ақ оқыңыз