ҚХР мен Қазақстан арасындағы «Бақты» бекеті жеке тұлғаларды өткізуді уақытша тоқтатады. Бұл жайлы ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
«Екі тарап азаматтарының қауіпсіздігі мақсатында 2023 жылғы 10 қарашадан бастап реконструкциялау кезеңінде Абай облысының «Бақты (ҚР) – Покиту (ҚХР)» өткізу пунктінде жеке тұлғалардың өткізілуі уақытша тоқтатылады»,- делінген хабарламада.
Оған себеп – қазіргі уақытта Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу пункттерін нақты жабусыз жаңғырту және техникалық жете жарақтандыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Жөндеу жүргізіліп жатқан бекеттер ішінде осы Абай облысының «Бақты» өткізу пункті де бар.
Бірақ «Бақты» өткізу пунктінің жұмысы толық тоқтатылмаған. Онда қазіргі уақытта шекарадан өту келісілген уақытша технология бойынша жүзеге асырылып жатыр. Бірақ реконструкциялау барысында жеке тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін болмаған соң, бұл бекеттен азаматтардың өтуін уақытша шектеуді жөн деп шешкен.
Десе де, визасыз режим мүмкіндіктерін пайдаланам деген азаматтар басқа өткізу пункттерінен өте алады. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысының «Майқапшағай (ҚР) – Зимунай (ҚХР)», Жетісу облысының «Алакөл (ҚР) – Алашанькоу (ҚХР)», «Нұр жолы (ҚР) – Қорғас (ҚХР)», Алматы облысының «Қалжат (ҚР) – Дулаты (ҚХР)» өткізу пункттерінде жеке тұлғалардың өтуін ұйымдастыру штаттық режимде жүзеге асырылады.
«Осылайша, өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жеке тұлғалардан Қытай Халық Республикасына тек жоғарыда аталған өткізу пункттері арқылы шығуды алдын-ала жоспарлауды сұраймыз», деп ескертеді комитет.
Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы 2023 жылғы 10 қарашадан бастап ҚР және ҚХР мемлекеттерінің басшылары қол қойған визасыз режим туралы келісім негізінде жеке, іскерлік және емдеу мақсатында екі тараптың азаматтары үшін 30 күн (туристік) мерзімге визасыз режим енгізілген. Осыған байланысты мемлекеттік шекараның Қазақстан-Қытай учаскесіндегі өткізу пункттерінде жеке тұлғалардың өту қарқыны күшейеді деп күтілуде.
Қытаймен арада визасыз режимнің күшіне енуіне байланысты Көлік министрлігі екі ел арасында әуе рейстерінің де саны артатынын хабарлады. Жалпы, Қазақстан мен Қытай арасында аптасына 27 рейс ұшатын болады.