Мәжілістің комиссия отырысында «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң жобасының таныстырылымы өтті. Мемлекетттік сатып ауға қатысты өзгерістер жайлы Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл баянадама жасады.
Ұсынылып отырған жаңа Заң жобасы негізінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, сатып алу рәсімдерін оңайлату және бюрократиядан арылту, құрылыс нарығын монополиядан арылту сатып алу рәсімдерін одан әрі автоматтандыру көзделген. Сонымен бірге сатып алу бойынша бірыңғай платформа құрылады.
«Заң жобасымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, төтенше жағдайлардың алдын-алуға бағытталған ережелер көзделген. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаттарының қатарына, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына, мүдделер қақтығысына жол бермеу қосылды. Осы ретте, әлеуетті өнім беруші, оның басшысы немесе құрылтайшылары бұрын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаса – мемелекеттік сатып алуларға қатыса алмайды», – дейді вице-министр.
Сонымен бірге жаңа заңға сәйкес конкурсты өткізу мерзімін 1 айға қысқарту ұсынылады. Қазіргі қолданыстағы заңға сәйкес ол шамамен екі айды құрайды. Заң шеңберінде шарттық міндеттемелерін орындамаған өнім берушілермен шарт бұзылған жағдайда, екінші мердігермен шарт жасасып, жұмысты жалғастыруға мүмкіндік беру тетігі де қарастырылуда.
Сонымен бірге қоғамдық мониторинг енгізіліп, әсіресе құрылысқа байланысты жұмыстар ерекше қадағаланатын болады. Тапсырыс беруші тарапынан шарттың тиісінше орындалуын бақылау құрылыс сапасын арттырудың маңызды шартқа енгізіледі. Мәселен, жұмыстарды орындау кестелерін, шарттардың орындалуы бойынша есептерді жалпы қолжетімді етіп жариялау, сондай-ақ шарттарды орындау мониторингіне қоғамдық кеңестерді тарту ұсынылады.
Вице-министр жалпы еліміздің мемлекеттік сатып алу жүйесі жаман еместігін. тіпті Дүниежүзілік Банк Қазақстанның мемлекеттік сатып алу жүйесін әлемдегі ең үздіктердің бірі деп танығанын, ал Global Data Barometr зерттеулеріне сәйкес сатып алудың автоматтандырылуы және ашықтық деңгейі бойынша Қазақстан әлемдегі 109 елдің ішінде 3 орында тұрғанын айтты. Бірақ министрлік өкілінің бұл бағлауымен депутат Анас Баққожаев келіспеді.
«Сіздер мемлекеттің сатып алу порталын үздік деп жатырсыздар. Сіздер үшін солай шығар. Бірақ мен олай ойламаймын. Себебі, мемлекеттік сатып алу заңының негізгі мақсатты қаражат үнемдеу. Бірақ біздің мемлекеттік сатып алуда ондай үнемдеу жоқ. Қайда барсаңыз да, Алматыға барсаңыз да, Астанаға барсаңыз да жарнамаларда «тендерге инвестиция салсаң 30% табыс табасың» дегенді көресің. Яғни соны ұйымдастырып отырған адам оның 20 пайызын алса, инвестиция салған адам 30 пайыз табыс көреді. Сонда тендердің 50% бағасында пайда жатыр. Бұл не деген мемлекеттік сатып алу?! Мысал жүзінде айтайын, қызанақтың бағасы 800 теңге, ал Квазимемлекеттің бағасы қойған баға 1800 теңге. Бұл не деген қызанақ болды сонда?! Бір министрлікте орындық бағасы қымбат болса, екіншісінде арзанырақ. Сонда бірінші министрліктің адамы жұмсағырақ орындықта отыруы керек пе? ол тұрмақ, бір қаламсаптың бағасында реттілік жоқ. Сіздер электрондық жүйе бар деп мақтанасыздар, бірақ жоспарлауда, бағаны қоюда ешқандай ақпартық жүйе жоқ. Интеллектуалдық жүйелер қазір дамыған. Соларды пайдалануға болады» деді депутат.
Министр депутаттың бұл пікірімен келісті. Алдағы уақытта жасанды интеллект мүмкнідіктерін пайдаланып жатқанын айтты. Ол үшін салыстырмалы каталог дайындалатынын, осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Осы орайда ағымдағы сатып алу алаңдарын сақтау және интеграцияланып, бірыңғай платформа құрлытатынын айтты.
«Сатып алу бойынша бірыңғай платформаны іске асыру мәселесін пысықтау нәтижелері бойынша, Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай операторы –«Электрондық қаржы орталығы» акционерлік қоғамы базасында Бірыңғай платформа құру туралы шешім қабылданды. Бірінші кезеңде, сатып алу бойынша егжей-тегжейлі ақпаратты жинау және көрсету үшін ағымдағы сатып алу алаңдарын сақтау және интеграциялау ұсынылады. Жалпы алғанда, заң жобасын қабылдау сатып алу процесін жеңілдетуге және қысқартуға, бағадан сапаның басымдығы қағидатын қамтамасыз етуге алып келеді», деді Кеңбейіл.
Ал депутат Ринат Зайытов жалпы мемлекеттік сатып алу туралы Заңды ақша қалай ұрланатынын білмейтін адам жазған деп сынады.
«Мына заңды мемлекеттік сатып алуда қалай ақша ұрланатынын мүлдем білмейтін адам жазған секілді. Ақша қалай ұрланатынын мен сізге айтып берейін. Бірінші басшы «закупщикке» «мынау өтсін конкурстан» деп тапсырма береді. Содан кейін ол соған сай қылып техникалық талаптар жазады. Басқалар өтіп кетсе де, оларды үйтіп-бүйтіп қағып тастайды. Ақырында ештеңе бітпейді, ақша желінеді. Бұл заңда жан-жақты жауапкершілікке тарту деген жоқ. Мекеменің басшылары егер жұмыс істелінбесе, жауапкершілікке тартылуы керек. Қаталдық керек мұнда. Заңға бағынған құл болмайды», деді депутат.