Мемлекетке опасыздық жасады деп 18 жылға сотталған ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке қатысты тағы 2 қылмыстық іс тіркелген. Енді ол аса ірі көлемде қаржы жымқырып, пара алды деген күдікке ілінген. Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Қазақпарат» агенттігіне Кәрім Мәсімовке қатысты жаңа қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«ҰҚК Кәрім Мәсімовке қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 218-бабы, «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)» және 366 – «Аса ірі көлемде пара алу» бабында көзделген қылмыстық құқық бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастырып жатқанын хабарлаймы», – делінген ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің агенттік сауалына берген жауабында.
Тергеу амалдарын жүргізу үшін Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Астанадағы тергеу изоляторына жеткізілген.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес, 218-бапта 5 мың айлық есептік көрсеткішке тең (17,2 миллион теңге) айыппұлдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 366-бап бойынша, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі мүмкін.
Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Кәрім Мәсімов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды.
ҰҚК Кәрім Мәсімовке қатысты қылмыстық істі тергеуді 2022 жылдың тамызында аяқтаған.
2023 жылдың сәуірінде сот үкімі шығып, оған 18 жылға бас бостандығынан, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Ал оның орынбасары болған Әнуар Садықұлов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 16 жылға сотталды. Сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.
ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Өсіпов қылмыстық кодекстің 362-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Кәрім Мәсімов жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеп жатыр.