«Самұрық-Қазына» 38 млрд теңге қарызы бар QAZAQ AIR әуе компаниясын сата алмады

Жарияланды
Шығарушы редактор

«Самұрық-Қазына» QAZAQ AIR әуе компаниясын тағы да сата алмады. Екі кезеңнен тұратын конкурс нәтижесі жарамсыз деп танылды.

«2023 жылғы 18 тамызда жарияланған «QAZAQ AIR» АҚ акцияларының 49%-дан 100%-ға дейінгі бөлігін сату бойынша екі кезеңнен тұратын ашық конкурс жарамсыз деп танылды», – делінген қор хабарламасында.

Компанияның хабарлаынша, «QAZAQ AIR» АҚ-ын бәсекелес ортаға беруге дайындық ҚР Үкіметінің тиісті қаулысымен бекітілген Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес өткен. Бірқатар инвестор қызығушылық танытқанымен, конкурс шартына сәйкес келетін өтінім түспеген.

«Осылайша, Қордың нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, ашық екі кезеңдік конкурстың бірінші кезеңі конкурстық өтінімдердің болмауына байланысты жарамсыз деп танылса, қайталама конкурс өткізіледі», – делінген қор жауыбында.

«Самұрық-Қазына» АҚ активтерін бәсекелес ортаға беру ережесіне сәйкес, белгіленген тәртіпте қайтадан конкурс өткізеді.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры иелігіндегі компанияларды жекешелендіру бағдарламасы аясында Qazaq Air компаниясын жекенің қолына беруге талпынып жатқанына біраз болды.

Qazaq Air-дің IPO-сы бұған дейін бірнеше рет кейінге шегерілген. «Самұрық-Қазына» әуе компаниясының 2022 жылы жекешелендіру жоспарынан бас тартуын бизнес ауқымының шағын болуымен түсіндірген еді.

Биыл тамызда «Самұрық-Қазына» Qazaq Air АҚ акцияларын тағы сатуға шығарды. Конкурстық өтінімдерді қабылдау 28 қыркүйекте аяқталуы керек еді, алайда Тәуелсіз Кеңесші ұсынысы негізінде бұл мерзім қыркүйек айының соңынан 13 қазанға, сағат 10:00-ге дейін ұзартылды.

Әлеуетті инвесторлар конкурсқа қатысу үшін кепілдік жарна ретінде 173,4 млн теңге салуы керек. Компания акцияларының бастапқы ең төменгі бағасы – 10,2 млрд теңге деп белгіленген.

Qazaq Air компаниясын сатып алғысы келетін инвестор 2033 жылға дейін 38 млрд теңге қарызын өтеуі тиіс. «Самұрық-Қазынаның» дамыту және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжанның айтуынша, бұл компанияның бес ұшақ үшін алған қарызы.

Ол 2033 жылға дейінгі кесте бойынша толық төленуі керек (бір транш – 2030 жылға дейін, екіншісі – 2033 жылға дейін). Бірінші транш бойынша өтеу 2024 жылдан 2029 жылға дейін жыл сайын 425 млн теңгеден, 2030 жылы – бірден 13,234 млрд теңгеден өтеді. Екінші транш бойынша өтеу 2024 жылдан 2032 жылға дейін 425 млн теңгеден, 2033 жылы – 18,282 млрд теңгеден жүріп жатыр.

«Самұрық-Қазына» қоры Qazaq Air әуе компаниясын 2015 жылы Қазақстан өңірлерін, сондай-ақ көршілес мемлекеттермен шекаралас аймақтар арасындағы әуе қатынасын дамыту мақсатында құрды. Әуе компаниясының паркі бес De Havilland Dash-8-Q400NG (бұрынғы Bombardier Q400) ұшағынан тұрады және Астана әуежайында орналасқан. 2022 жылдың қарашасында «Самұрық-Қазына» қоры Qazaq Air үшін 20 Boeing 737 Max ұшағын сатып алуды қарастырып жатқанын хабарлады.

Компания 22 бағыт бойынша жолаушы тасымалдайды. Оның 16-сы ішкі рейстер болса, 6 халықаралық рейс. 2022 жылы 561 000 жолаушы тасымалдаған. 2022 жылғы кірісі – 20,4 млрд теңгені құрайды. 

Сондай-ақ оқыңыз