Жаңалықтар

Сауд Арабиясы Жетісуда жел электр станциясын салуы мүмкін

Фото: kursiv.media

Сауд Арабиясы Корольдігі Жетісу облысында қуаттылығы 1ГВт болатын ірі жел электр станциясын салуы мүмкін. Бұл туралы премьер-министрі Әлихан Смайылов төрағалығымен өткен кеңесте белгілі болды.

Смайылов төрағалығымен Үкіметте өткен кеңесте Сауд Арабиясы Корольдігімен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Жетісу облысында қуаттылығы 1 ГВт болатын ірі жел электр станциясын салу жобасы сөз болды.

«Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүріп жатыр, соңғы келісімге қол жеткізілгеннен кейін, 2025 жылы құрылысты бастау жоспарланған. Премьер-Министр әкімшілік рәсімдерді жеделдетуді және орталық мемлекеттік органдар тарапынан барлық қажетті шешімдерді бір күнде әзірлеуді тапсырды», – делінген Үкімет хабарламасында.

Үкімет хабарлауынша, Сауд Арабиясымен ауыл шаруашылығы, фармацевтика, металлургия және т. б. салаларда жаңа жоба жасау талқыға түскен. Бұдан бөлек, екі ел кәсіпкерлері арасында бизнес-форум ұйымдастырылады.

Айта кетейік, Қазақстан аумағындағы ЖЭС-на Қытай инвесторлары тартылған. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында, Жамбыл облысы Сарысу ауданындағы ЖЭС құрылысына қытайлық инвесторлар тартылған.