Жаңалықтар

ҚТЖ Қытайға астық тасуды тоқтатты

Фото: kursiv.media

13 қарашада Қазақстаннан Қытайға астық жөнелту тоқтатылды. Бұл туралы астық экспорттаушылар хабарлады.

Қарашаның 13-18 аралығында теміржолда жүк түсіру нашарлағанына байланысты ҚТЖ Қытайға астық тиеуді тоқтатқан.

ҚХА жазуынша, ҚТЖ Қытай теміржолдары Достық-Алашаңқай шекара өткелі арқылы пойыздар уақтылы қабылдамай, жүктерді баяу түсіруі себепті және қозғалысы уақытша тоқтатылған пойыздардың көбеюіне байланысты 2023 жылдың 13-18 қарашасы аралығында астық жүктерін тасымалдауға тыйым салуды жөн көрген.

Агенттіктің ақпаратына сүйенсек, ҚТЖ-ның бұл әрекетіне кәсіпкерлер наразылық танытқан. Олардың айтуынша, ҚТЖ жүк тиеу жоспарын бірнеше ай бойы үйлестірмеген, сонымен қатар,түрлі тыйымдар да енгізген. Соның салдарынан келісім-шарттар бұзылып, шығын өсіп, қазақ астығының бағасы түсіп жатқан көрінеді.

Алайда ҚТЖ ресами сайтында Қытай мен Қазақстан арасындағы экспорттық жүктерді тасу бойынша жоспар мерзімінен бұрын орындалғаны туралы ақпарат жарияланды.

«2023 жылғы 13 қарашада Достық шекаралық өткелі арқылы Алашаңқай станциясына (ҚХР) салмағы 3700 тонна қазақстандық жүктер құрамы берілді. Осылайша, ҚХР-ға экспорттық жүктерді беру жөніндегі 2023 жылға арналған Теміржол ынтымақтастығы ұйымының (ТЖЫҰ) кеңесінде келісілген жоспар мерзімінен бұрын орындалды», – делінген ҚТЖ хабарламасында.

Жыл басынан бері Достық станциясы арқылы ҚХР-ға 10 млн астам экспорттық жүк тасымалданған. Экспортқа астық, көмір, кен, май, түйіршіктер, концентрат, мыс, калий, кокс, мырыш, феррохром, ферроқорытпа және басқа тауарлар жөнелтілген.

Шілде айында ғана Қазақстанның Азық-түлік корпорациясы қытайлық COFCO компаниясымен 75 мың тонна бидай экспорттауға келіскен.

Ал тамызда корпорация төрағасы Самат Теңбаев нарықтағы Ресей мен Қазақстан бәсекелестігі туралы сөз қозғап, Қытайдың бізден 3-3,5 млн тонна астық алуға дайын екенін атап өткен.  

Қараша айының басында Қазақстанның Азық-түлік келісім шарт корпорациясы Қытайға тағы 200 мың тонна астық жеткізу жөніндегі меморандумға қол қойған.