БЖЗҚ активтері екінші деңгейлі банк облигацияларына инвестицияланбақ: экономика үшін қаупі бар ма?

Жарияланды
БЖЗҚ активтері банктерге берілмек / shutterstock

    Таяуда ғана Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов БЖЗҚ активтерінің екінші деңгейлі банктердің ұзақ мерзімді облигацияларына инвестиция ретінде бағытталатынын мәлімдеді. Қаражат нақты секторды несиелеуге жұмсалмақ. Сүлейменовтың сөзінше, экономиканы несиелеу өсімінің орнықты факторларының бірі – банктерді қорландыратын тұрақты көздерді қалыптастыру. Ол үшін қаржы институттары ұзақ мерзімді жобаларды қаржыландыруды жүзеге асыруы тиіс.

    Осы мақсатта Ұлттық банк нарықтық шарт негізінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» активтерін банктердің ұзақ мерзімді облигацияларына салмақ. Тиісінше, банктерге бизнесті несиелеу бойынша қарсы міндеттеме қойылады.

    Ұлттық банктің бізге берген жауабы бойынша, зейнетақы активтерін ЕДБ облигацияларына инвестициялау қайтарымды негізде нарықтық мөлшерлемелер бойынша жүзеге асырылады.

    «БЖЗҚ үшін инвестициялық тәуекелдерді азайту мақсатында халықаралық рейтингтік рейтингі бар екінші деңгейлі банк ғана қаражат тартуға рұқсат алады. Екінші деңгейлі банкке қосымша меншікті капиталдың мөлшері бойынша талап белгіленеді. Бұл ретте банктер алынған қаражатты экономиканың нақты секторының жобаларын несиелендіруге ғана бағыттауға міндетті. Банктерге қойылатын бұл талап облигациялар шығарылымының проспектілерінде бекітіледі. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін банктердің ұзақ мерзімді облигацияларына инвестициялау шарттары (облигациялар бойынша сыйақы мөлшерлемелері, облигациялардың айналыс мерзімдері, ЕДБ-нің меншікті капиталының мөлшеріне қойылатын талаптар және тағы басқа) қазіргі уақытта Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы алаңында талқыланып жатыр», делінген Ұлттық банк жауабында.

    БЖЗҚ ақшасын алғысы келетін банк белгілі бір талаптарға сай болуы тиіс. Алайда оның параметрі әзірге нақты атап көрсетілмеді.

    2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша зейнетақы активтерінің жалпы көлемі – 16 772,89 млрд теңге. Ұлттық Банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері – 16 759,31 млрд теңге. ҰБ зейнетақы активтерін негізінен

    • Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына (48,11 пайыз),
    • Квазимемлекеттік компаниялардың облигацияларына (10,25 пайыз),
    • Екінші деңгейдегі банктерінің облигацияларына (5,19 пайыз),
    • Шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздарына (4,51 пайыз),
    • Халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздарына (2,20 пайыз),
    • ҰБ депозиттеріне (2,64 пайыз) және ҚР эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттарына (1,62 пайыз) инвестициялайды.

    2022 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық Банктің басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің табыстылығы 6,55 пайыз, есептелген инвестициялық кірістің мөлшері 914,1 млрд теңгені құраған.

    «2022 жылы әлем геосаяси шиеленіс пен инфляцияның өсуіне, сондай-ақ жаһандық экономикадағы құлдырау қаупіне байланысты жаңа сын-қатерлерге тап болды. Инфляцияның жоғары және тоқтаусыз жағдайында орталық банктер монетарлық саясатты қатаңдатуға көшті, бұл активтердің іс жүзінде барлық сыныптары құнының төмендеуіне алып келді. Мәселен, 2022 жылы MSCI акцияларының индексі World Index – 19,5 пайызға төмендеді, АҚШ қазынашылық индексі – 7,6 пайызға, корпоративтік облигациялар индексі 15,8 пайызға төмендеді. Дамушы нарықтардың облигациялар индексі 15,3 пайызға әлсіреді. Көптеген халықаралық институционалдық инвестор инвестициялық қызметтің теріс нәтижелерін көрсетіп, айтарлықтай шығынға ұшырады. 2023 жылдың 10 айында есептелген инвестициялық кірістің мөлшері 1 257,6 млрд теңге құрады. Осы кезеңде БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 7,98 пайызды құрады», делінеді Ұлттық банктің бізге берген жауабында.

    ҰБ мәлімдеуінше, БЖЗҚ қаражатын екінші деңгейлі банктердің ұзақ мерзімді облигацияларына инвестициялаудың ұсынылып отырған тәсілі зейнетақы активтері бойынша тұрақты инвестициялық табыс есебінен БЖЗҚ салымшыларына да, өсуіне және әртараптандырылуына жәрдемдесу есебінен Қазақстан экономикасына да пайда әкеледі.

    Сарапшы Ғалымжан Айтқазин Ұлттық банктің бұл бастамасын дұрыс емес деп санайды.  

    «Екінші деңгейлі банктерді нақты ынталандырудың орнына Ұлттық банк БЖЗҚ қаражатын тарта салған оңтайлы әрі жеңіл деп есептейді. Ең болмағанда мұның нарықтық конъюнктура мен өтеу принципі бойынша жасалып жатқаны қуантады, өйткені қаражат банктердің ұзақ мерзімді борыштық міндеттемелерін сатып алуға жұмсалады. Ал былай қазіргі экономикалық реалияда (жоғары инфляция) және бизнесті несиелеудегі жоғары ставкалар кезінде БЖЗҚ қаражатының жағдайды өзгерте қоярына күмән мол. Өйткені, БЖЗҚ қаражатының нарықтық шарттарда қайтарылуы түпкілікті қарыз алушылар өз қарыздары бойынша одан да жоғары пайыздық мөлшерлемені алуы ықтимал дегенді білдіреді», дейді.

    Сарапшының сөзінше, Ұлттық банк экономиканы несиелеу бойынша басқаша дұрыс әрі тиімді нұсқаны таңдай білуі керек.

    «Ұлттық Банк пен оның басқаруындағы кез келген бюджеттен тыс қорлар экономиканы кредиттеудің кез келген нысанына тартылмауы тиіс екеніне нық сенімдіміз, өйткені бұл үкіметтің мүдделер саласымен қиылысады. Сонымен қатар Ұлттық Банктің баға тұрақтылығы мен макроэкономикалық/қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі негізгі мандаты бар және Ұлттық банктің несиелеу үшін қолынан келетін нәрсесі – әділ және түсінікті жағдай жасау, бірақ несие берушінің өзі ретінде әрекет етпеуі тиіс. Сонымен қатар БЖЗҚ қаражатын екінші деңгейлі банктерге беру деген – банктердің бірден нақты секторды несиелей бастайтынын да білдірмейді. Өйткені бұған ақырғы тұтынушының өзі мүдделі болмауы мүмкін», дейді.

    Оның пайымынша, шындығында, қазіргі макроэкономикалық жағдайлар экономикадағы баға қысымы жойылғанға дейін қатаң болып қалады.

    «Макроэкономикалық тұрақсыздық, яғни жоғары инфляция, экономикадағы ағымдағы базалық мөлшерлеме сияқты, нарықтық жағдайларға, соның ішінде пайыздық мөлшерлемелерге сәйкес жұмыс істейтін нарық ойыншыларының жоспарлау көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік бермейді», дейді ол.

    Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкиннің айтуынша, біріккенге дейінгі мемлекеттік емес зейнетақы қорларынан айырмашылығы Ұлттық банк консервативті инвестор болып саналады.

    «Реттеуші стратегиясы тәуекел деңгейі ең аз инвестицияларды қамтиды. Негізінен бұл – жеткілікті жоғары рейтингке ие қаржы құралдары мен мемлекеттік бағалы қағаздар. Зейнетақы активтерін корпоративтік облигацияларға немесе ЕДБ облигацияларына инвестициялауға ешқандай шектеу жоқ. Инвестициялық саясат аясында ондай мүмкіндік бар. Мәселе басқада – Ұлттық банк қойып отырған критерийге сай болатын бағалы қағаз жоқ. Осы жылы біз саясатқа өзгеріс енгіземіз. Ол бойынша банк облигацияларын сатып алуға баса мән беріледі. Биыл және келесі жылы БЖЗҚ портфелі, яғни облигациялар кеңейе түседі», деп түсіндіреді ҰБ өкілі.

    Сарапшы Мұрат Темірхановтың айтуынша, БЖЗҚ-дан ақша алу – қордан берілетін зейнетақы көлемін ең төменгі деңгейге дейін азайтады.

    «Болашақта жиынтық зейнетақыны арттыру үшін Үкімет мемлекеттік бюджетті пайдалануға мәжбүр болады. Алайда, біздің пікіріміз бойынша, демографиялық жүктеме коэффициентінің нашарлауы есебінен және бюджет жүйесі проблемасы есебінен орта мерзімді перспективада Үкіметке өзінің зейнетақы міндеттемелерін орындау қиынға соға бермек. Бюджеттен зейнетақы төлеу проблемалары мұнай бағасының қатты және ұзақ құлдырауы жағдайында әлдеқайда ертерек басталуы мүмкін, бұл мемлекеттік бюджеттің мұнай секторына терең тәуелділігімен байланысты. Қазақстанда көлеңкелі экономиканың өте үлкен үлесі және табысы төмен халықтың үлесі бар. Бұл тарату жүйесіне де, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне де өте теріс әсер етеді. Көлеңкелі экономикада табыс табатын немесе ресми табысы тым төмен қызметкерлер мемлекеттік бюджетке және БЖЗҚ-ға ең аз үлес қосады. Бұл ретте, зейнеткерлік жасқа келгенде олар мемлекеттік бюджеттен салыстырмалы түрде жақсы зейнетақы алады, соның салдарынан олардың салыстырмалы түрде жақсы зейнетақы алмастыру коэффициенті болады», деп тарқатады мәселе түйткілдерін.

    Сарапшы пікірінше, қазіргі уақытта жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тіпті де мәні қалмады. Өйткені қаражатты мерзімінен бұрын алып қоя беру салдарынан жүйе зейнетке шыққан адамның еңбегіне сай өтемақы төлей алмайтын болады.

    «Нәтижесінде, жақын арада зейнетақы бюджеті шығыстарының үдемелі өсуіне байланысты мемлекеттік бюджетке түсетін жүктеме өте қатты көбейеді. Біз бүгін зейнетақы жүйесін жаңғырту туралы емес, оның іргелі қағидаттарын толығымен қайта қарау туралы айтуымыз керек», дейді ол.

    Еске сала кетейік, Жаңа Салық кодексі талқыланған Мәжілістің 18 қазан күнгі отырысында депутаттар БЖЗҚ-ның инвестициялық кірісі мен зейнетақы жинақтарының өзін жеке табыс салығынан босатуды ұсынды.

    Сондай-ақ оқыңыз