Антикор Арыстанбек Мұхамедиұлының «Көшпенділер» фильмі үшін салынған бекіністің арзанға сатылуына қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр

Жарияланды

Арыстанбек Мұхамедиұлының бекіністің арзанға сатылуына қатысы бар ма? Фото: kursiv.media

Антикор «Қазақфильмнің» экс-президенті «Көшпенділер» фильмі үшін салынған бутафор бекіністі нарықтық құнынан 44 есе арзанға сатты деп тұжырымдайды. Агенттік бұл іске бұрынғы Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Қазақфильмнің» экс-президенті нарық бағасынан төмен бағаға сатып жіберді деген «Түркістан» бутафор бекінісін мемлекетке қайтарып жатыр.

«Антикор президенттің активтерді іздеу және қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ экс-президентінің қылмыстық әрекетін әшкереледі. Мәселен, 2017 жылы Алматы облысы, Іле жағалауында «Көшпенділер» киножобасы үшін салынған «Түркістан» бутафор бекінісі өз құнынан 44 есе арзан бағаға Мәдениет және спорт министрлігінің бұрынғы басшысына тиесілі коммерциялық ұйымға сатылған», — деді брифингте «Антикор» ресми өкілі Арман Тілеукенов.

Дегенмен агенттік бекіністің сатылуына қатысы бар адамдардың аты-жөнін жарияламады. Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, 2015-2019 жылдар аралығында кинорежиссер, сценарист және ақын Бақыт Қайырбеков киностудия президенті болған.

Ал сол жылдары Мәдениет министрлігін Арыстанбек Мұхамедұлы басқарды. Ол бұл қызметте 2014 жылдан 2019 жылға дейін отырған. Осы ретте Антикор бұл іске бұрынғы министрдің қатысы бар-жоғын тексеріп жатқанын айтады.

Мұхамедиұлы «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» көрме жобасын жүзеге асыруға бөлінген 155 миллион теңгені жымқырғаны үшін сегіз жылға сотталған. Оған елордадағы «Дипломат» қонақүйін заңсыз иемденді деген де айып тағылып отыр.

Бұған дейін «Антикор» Австрия, Лихтенштейн, Түркия және БАӘ-ден заңсыз активтерді қайтарып, бюджетті 160 миллиард теңгеге толықтырғанын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз