Қазақстанда цифрлық теңге қолданысқа енгізілді

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

15 қараша, Қаржыгерлер күнінде Қазақстан Ұлттық банкі цифрлық теңгені қолданысқа енгізді. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлерінің XI Конгресінде ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді. Сондай-ақ конгрес барысында цифрлық теңгемен алғашқы бөлшек транзакция жасалып, оған бір шыны аяқ кофе сатып алынды.

Ұлттық банк Ұлттық төлем корпорациясының төрағасы Бинұр Жаленов цифлық теңге деген қолма-қол ақшаның бір баламасы екенін айтады.

«Цифрлық теңге – теңгенің қолма-қол және қолма-қол емес түріне қосымша, үшінші формасы. Ол бұлардың қасиеттерін біріктіреді. Цифрлық теңгемен интернет жоқ болса – офлайн төлем, банк қосымшасы арқылы – онлайн төлем жасауға болады. Жай сөзбен айтсақ, бұл цифрлық қолма қол ақша», – деді ол.

Цифрлық теңгені «Еуразиялық банк», «Халық банкі», «Банк центр кредит» және Altyn bank қосымшалар арқылы қолдануға, қолма-қол ақшаға әлемнің кез-келген нүктесінде аударуға болады. Сонымен қатар, әлеуметтік карта, «Оңай» картасымен интеграцияланады.

«Біз цифрлық теңгені әлеуметтік әмиян, цифрлық отбасы картасы және т.б. жүйелермен тамаша үйлесетіндей етіп жасадық», – деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар, NPC басшысы Ұлттық банктің цифрлық ұлттық валюталардағы трансшекаралық төлемдерге арналған SWIFT платформасын тестілеуге қатысатын әлемдегі алғашқы үш орталық банктің тізімінде екенін айтып өтті.

«Ол инновациялық қаржылық қызметтерді құру үшін блокчейн технологиясының әлеуетін ашып, мемлекеттік шығындардың мақсатты және тиімді жұмсалуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар дәстүрлі қаржы мен цифрлық активтер әлемі арасында «көпір» болады. Бүгін қолданысқа енгізілуі цифрлық теңге экожүйесін дамытуға бастама берді және жақын арада қазақстандықтар оның негізіндегі алғашқы өнімдерді пайдалана алады», – деді Бинұр Жаленов.

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, цифрлық теңгенің «ізі» болатындықтан, ол бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына ықпал етпек.

«Ол ақша айналымының ашықтығын қамтамасыз етеді. Кейінгі жылдары қолма-қол ақшаның үлесі онсыз да азайған. Алдыңғы орынға картамен төлем, онлайн аударымдар шығып отырғанын байқаймыз. Мұның өзі көлеңкелі экономиканың үлесін азайтып келе жатыр. Оған қоса, сенімді әрі қауіпсіз. Әрбір цифрлық теңгенің токен номері болады. Егер сіздің ұялы телефоныңызды ұрлап алып, сауда жасайтын болса, төлем қай жерде жасалғаны анықталып, бірден қылмыскер ізіне түсуге мүмкіндік береді»,– дейді экономист.

Цифрлық теңгенің тағы бір артықшылығы – интернетті қажет етпейтіні. Интернет жоқ болса да аударым жасап кете бересіз.

Ұлттық банктің хабарлауынша, цифрлық шоттар арасында төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізу функционалынан бөлек, «смарт-келісімшарт» технологиясын пайдалана отырып, әлеуметтік қолдау шаралары аясында есеп айырысуды автоматтандыру үшін Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп іске асырылған «цифрлық ваучерлерді» пайдалану сервисі де жұмыс істейді.

Сондай-ақ, қатысушы банктер халықаралық төлем жүйелерімен ынтымақтаса отырып цифрлық карталар шығарды. Олар өз ұстаушыларына екінші деңгейлі банктерінің қолданыстағы төлем инфрақұрылымымен арадағы интеграцияның «тігіссіз» есебінен жеке және заңды тұлғалармен әдеттегі режимде цифрлық теңгенің төлемдері мен аударымдарын жүргізуге мүмкіндік береді.

Цифрлық теңгені толықтай енгізу ісі оның сервистері, пайдалану сценарийлері және платформаға қатысушылар ортасын кеңейту арқылы 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Айта кету керек, Алматыда Қазақстанның ұлттық валютасы теңгенің 30 жылдығына орай Қазақстан қаржыгерлерінің XI Конгресі өтіп жатыр. Жиынға қатысушылар қазіргі жағдайда ақша-кредит саясатын жүргізу, макроэкономикалық тұрақтылық пен фискалдық тәртіп мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, күн тәртібінде – қаржы нарығын дамыту, қаржы секторының киберорнықтылығы мен қаржы нарығының жаһандық өзгерісіндегі инновацияның рөлі де бар.

Сондай-ақ оқыңыз