Ұлттық экономика министрі тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы не ойлайды
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы екенін айтты.
Үкімет кулуарында журналистер үкімет мүшелері қоғамда талқыланып жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі туралы пікір білдірмегенін алға тартып, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтан үкімет мүшесі ретінде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесімен, оған қарсы заң қабылдау жөнінде жарияланған петиция жайлы пікір білдіруді сұрады.
«Мен осы кезге дейін өз пікірімді айтқанмын, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсымын. Бар айтарым осы», – деді Қуантыров.
Үкімет кулуарында жүрген журналистер ақпарат алу үшін ішкі істер министрі Ержан Саденовті күткен. Алайда Саденов болмағандықтан, сұрақ Ұлттық экономика министріне қойылған.
Естеріңізге сала кетейік, 11 қарашада кешке қарай бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Ішкі істер министрлігі оның ұсталғанын растады.
2018 жылы сотталған Қуандық Бишімбаев қандай жағдайда босап шыққаны туралы жазған едік.
Осы оқиғадан кейін қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты талқылау күшейген.