Коллаж: Гамаль Сейткужанов
30 жыл ішінде сақтандыру алғашқы ынталы-компаниялардан жеке сақтандыру өнімдерін толық цифрландыруға дейін қарышты қадам жасады. Егер батыстың сақтандыру нарығына қазіргі дамыған жағдайға жету үшін бірнеше ғасыр қажет болса, қазақстандық сақтандыру компанияларында (СК) қарқын алу уақыты болған жоқ. Мемлекеттік реттеу сақтандыру оркестрінде дирижер һәм бірінші скрипка рөлін атқарды, әлі де атқарып келеді.
Есеп беру нүктесі
Қазақстандық сақтандырудың қалыптасуы мемлекеттік қаржы жүйесін орталықсыздандырумен және міндетті түрлер арқылы сақтандыруға мемлекеттік монополияны жоюмен бір мезгілде жүзеге асты. 80-шы жылдардың соңында алғашқы жеке сақтандыру компаниялары пайда бола бастады, кейбір мәліметтер бойынша 1992 жылға қарай нарықта 500 сақтандыру компаниясы жұмыс істеді.
Іс жүзінде нарықты реттеу болған жоқ және заңды тұлғалардың басым көпшілігі салықтан жалтару үшін «сақтандыру компаниясы» мәртебесін пайдаланды. Сақтандырумен айналысқандардың жағдайы, технологиясы және қаржылық мүмкіндігі болмады. Маман жетіспеді, білім мен сақтандыру өнімі аяқ астынан әзірленді. Көбінесе сақтандыру компаниясы қабылдаған міндеттемелер олардың активтерінен бірнеше есе көп болды. Қалыптасқан жағдай шешімді талап етті және үкімет сақтандыруды қадағалау мен мемлекеттік реттеу жүйесін құру бойынша шара қолдана бастады.
1992 жылы қабылданған «Сақтандыру туралы» заң сақтандыру заңнамасының негізін қалады. Оның нормалары сақтандыру нарығын «тегістеді», бірақ тәртіп орнатуға жеткіліксіз болды. Мемлекет нарық қозғалысын өркениетті бағытқа бұру үшін 1994 жылы реттеуді қолға алды.
Қаржы министрлігінде сақтандыру департаменті құрылды. Оған сақтандыру қызметін мемлекеттік реттеу және нормативтік қамтамасыз ету функциясы жүктелді. Сақтандырудың міндетті түрлерін енгізу коммерциялық сақтандырудың дамуына серпін берді. 1996 жылы өнімді міндетті сақтандыру, 1997 жылдың басында тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру (ТЖМС), сондай-ақ көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру (КҚЖМС) қабылданды. Міндетті сақтандырулар бірден жемісін берді: 1997 жылы сыйақының ұлғаюы 1996 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге өсті. Егер 1996 жылы сақтандыру сыйақысының құрылымында сақтандырудың міндетті түрлері 89 млн теңгені құраса, 1997 жылы 1892 млн теңге болды.
Алайда жетістікке қарамастан, сақтандыру өзінің бастапқы кезеңінде қалды. Елдің жалпы ішкі өніміндегі сақтандыру сыйақысының үлесі 1994-1997 жылдары 0,04-тен 0,19%-ға дейін өсті. Ал жан басына шаққандағы сақтандыру сыйақысының орташа көлемі 9,7 теңгеден 201,4 теңгеге дейін өскенімен, дамыған елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен болды. Негізгі мәселелер басқарудың әлсіздігі және біліктілігі төмен кадрлар шешімін таппай тұрды. Сақтандырушыларға халықтың және бизнестің сақтандыруға сенімсіздік танытуы қысым жасады, бұған Мемлекеттік сақтандыру жүйесі мен Міндетті медициналық сақтандыру қорының банкротқа ұшырауы айтарлықтай ықпал етті. Осы банкроттыққа қатысты келеңсіздік халықтың келесі кезеңдегі сақтандыруға деген көзқарасын анықтады. Сақтандырушылар әлі күнге дейін сақтандыруға қатысты теріс пікірді жеңе алмай, халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігін аңғарып отыр.
Күрделі жетілу
2000 жылға қарай сақтандыру нарығы инфрақұрылым, қызмет көрсету өнімдері мен технологиялары бойынша өзімен қатар іске қосылған банк, зейнетақы және бағалы қағаздар секілді қаржы секторларынан айтарлықтай артта қалды. Сақтандыру компаниясының қаржылық тұрақтылығы мен төлем қабілетінің аясы тарылды. 1999 жылдың соңында жан басына шаққандағы сақтандыру сыйақысының көлемі 380 теңгені құрады, оның ішінде өмірді сақтандыру 3 теңгеден аз болды және жалпы ішкі өнімдегі үлесі 0,3%-ға әрең жетті.
Сақтандыру саласы азаматтардың жинақтарын ынталандыру, олардың қаржылық қауіпсіздігі, ірі институционалдық инвестор құру мәселелерінен тыс қалды.
Сақтандырудың қолданысқа баяу енуіне сақтандыру қызметі сапасының төмендігі мен таңдаудың шектеулі болуы әсер етті. Сақтандырушылар аз күш пен шығынды талап еткенмен, клиенттерді тез тартуға мүмкіндік беретін міндетті түрлерді ғана ұсынды.
Сақтандыру компаниясының үлкен шығындарды жабудағы қаржылық мүмкіндіктері де әлсіз болып қалды. Сақтандыру нарығын қайта іске қосу үшін драйвер қажет еді.
Тағы да заңнамалық өзгеріс болды. 2001 жылдан бастап сақтандыру туралы жаңа заң күшіне енді, ол сақтандыру нарығының қызмет ету негізін толығымен қайта қарады. Салық салу, сақтандыру компанияларын лицензиялау, сақтандыру өнімін сату ережелерін жетілдіру сонымен қатар өмірді сақтандыру компаниялары (ӨСК) қызметінің негіздері мен қайта сақтандырудың негізгі стандарттарын түзді.
Реттеушінің сол кездегі негізгі міндеті халық пен бизнесті сақтандыруды нақты қамтамасыз ететін сенімді, капиталдандырылған сақтандырушылармен күшті нарық құру болды. 2000 жылдың аяғында 15 млн халқы бар Қазақстан үшін 70 сақтандыру компаниясының болуы сән-салтанатпен тең еді. Реттеуші бұрандаларды қатайтып, төлем қабілеттілігі маржасының (меншікті капиталдың жеткіліктілігі) ең төменгі деңгейіне қойылатын талаптарды күшейтті, бұл секторды одан әрі қайта құрылымдауға әкелді, сақтандыру ұйымдарының саны 2002 жылы 32-ге дейін қысқарды.
Өмірді сақтандыру өз траекториясы бойынша дамыды. Егер жалпы сақтандыру 2000-шы жылдарда аз да болса жетістікке жеткен болса, ал өмірді сақтандыру бір орында тұралап қалды.
Алғашқы лицензияланған өмірді сақтандыру компаниясы (ӨСК) 1999 жылы пайда болды (ӨСК «Династия», «БТА Өмір») және бірнеше жыл бойы нарықта жалғыз әрекет етті. Өмірді сақтандыру нарығының өсуіне сақтандыру өнімдерін сату технологиясының жоқтығы мен заңнамадағы олқылықтар кедергі болды.
ӨСК 2000-шы жылдардың ортасында 2004-2005 жылдардағы сыртқы нарықтағы арзан қаражат есебінен ипотеканың дамуынан қарқын алды. Банктер қарыз алушылардың өмірін сақтандыру үшін аффилирленген ӨСК құруға көшті, осының аясында заңнамалық база қатаңдатыла бастады.
2008 жылы қаржылық дағдарыс орын алды, жетекші банктер мемлекеттік қолдауды қажет етті, ипотекалық бағдарламалар қиындыққа тап болды, ӨСК кәсіпсіз қалды.
Тұрғындардың кірісінің мардымсыз ұлғаюы, өмірді сақтандыруға сенімнің жоқтығы (халықтың кепілдендірілген банк депозиттеріне көбірек сенуі), қор нарығының дамымауы, өмірді сақтандыруды мамандандырылған реттеудің болмауы сияқты жинақ нарығының өнімдерін шығаруға бірқатар проблема кедергі келтірді.
2000-шы жылдардың ортасында сақтандыру нарығының өсуінің негізгі драйвері міндетті сақтандыру болды.10 міндетті түр бекітілді, олардың бірқатары дамымай қалды, өйткені олар кәсіби қызмет түрлері – аудиторлар мен жеке нотариустардың жауапкершілігін сақтандыру ерекшелігін ескермеді.
Бірақ, мысалы, жұмыс орнында қызметкердің денсаулығына зиян келтіргені үшін жұмыс берушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру және тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру өзекті сақтандыру өнімі болып қала береді.
2000-шы жылдардың басынан соңына дейін сақтандыру секторы болашақ үшін инфрақұрылымды аяқтады: Бірыңғай сақтандыру деректер базасы (БСДБ), Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры, Сақтандыру омбудсмені институты, актуарийлер, сақтандыру брокерлері және андеррайтерлер құрылды.
Нарық жетілген кезде
2019 жылға дейін сақтандыру нарығы техникалық «тегіс» күйде болды: нормативтік база мен қадағалау жүйелері жетілдіріліп, ерікті сақтандыру өнімдері әзірленді. Өзгеріс өмірді сақтандырудың жинақ бағдарламасын әзірлеуден басталды. Нормативтік құқықтық базаға енгізілген түзетулер ӨСК-ға клиенттердің түрлі санаттары үшін жинақ жоспарын ұсынуға мүмкіндік берді.
2020 жылдан бастап нарыққа өмірді сақтандыру мен инвестицияны біріктіретін, инвестициялық әдістердің бірі болып табылатын сақтандыру компаниясының инвестицияларына (unit-linked) сақтандырушының қатысуымен өмірді сақтандыру өнімі шығарылды. Сала қарқынды дами бастады, динамикасы бойынша жалпы сақтандырудың өсімін басып озды.
2022 жылы әлеуметке бағдарланған өнімдер заңнамалық тұрғыда бекітілді: мемлекеттік субсидиямен өмірді сақтандыру (МБЖЖ) сондай-ақ бірлескен зейнетақы аннуитеті.
Нарықтық өнімдерді сату көлемінің өсуіне қарамастан, өмірді сақтандыру шарттарының айтарлықтай үлесі әлі де банктік сақтандыру деп аталатын банктен қарыз алушылардың өмірін сақтандыруға жатады.
Соңғы кездері банктер ипотека мен автокөлік несиесі бойынша жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламаның арқасында сақтандыру секторына ықпалын арттырды.
Көлікті ерікті сақтандыру қызметі 2022 жылы 44%-ға өсті. Банктік несиелендірудің қазіргі қарқынын сақтау сақтандыру сыйақысының өсуіне ықпал етеді.
Соңғы үш жылдағы таңғаларлық тенденция сақтандыру саласын цифрландыру болды. Ол сақтандыру қызметінің қолжетімділігін арттырып, сақтандыру нарығын ашық етуге тиіс.
2019 жылдан көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру полистерін сату онлайн режимге көшті. 2023 жылғы қараша айының басында міндетті сақтандыру түрлері бойынша барлық шарттың 100%-ы электронды түрде жасалған. 2024 жылдан бастап цифрландырудың екінші қадамы – сақтандырудың барлық міндетті түрі бойынша сақтандыру жағдайын онлайн реттеу жоспарланған. Дегенмен секторды цифрландыру біркелкі емес, банк холдингтерінің құрамына кіретін ірі сақтандыру компанияларына басымдық берілген. Жаппай тұтынушыларға арналған заманауи технологиялық өнімдерді әзірлеуге нарықтың шағын болуы кедергі келтіріп тұр.
Сыйақының өсуіне қарамастан, сақтандыру нарығы жаңа өнім ұсынуда тоқырауға ұшырады. Сыйақы құрылымы соңғы 20 жылда өзгерген жоқ. Жалпы сақтандыру нарығында сыйақы құрылымындағы ең үлкен көлемді ерікті мүліктік сақтандыру алады. 2023 жылдың 8 айында жинақ 309,5 млрд теңгені құрады. Өсім негізінен автокөлікті сақтандыру бойынша жиналған сыйақы көлемінің 110,4%-ға немесе 32,4 млрд теңгеге және мүлікті сақтандыру бойынша 16,2%-ға немесе 20,7 млрд теңгеге ұлғаюына байланысты болып отыр. 2023 жылдың 8 айында ерікті жеке сақтандыру бойынша сыйақы көлемі 214,6 млрд теңгені құрады, міндетті сақтандыру бойынша 130,6 млрд теңге жиналды. 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының сақтандыру секторы 25 сақтандыру ұйымымен ұсынылған, оның ішінде 9-ы өмірді сақтандыруға қатысты.
Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес бірнеше тренд қарастырылған. Біріншісі – сақтандыру саласын одан әрі цифрландыру (қазір нарық шағымдарды онлайн реттеу тақырыбымен жұмыс істеуде). Цифрлық шешімдер мен өнімдерді енгізу сақтандыру компанияларына бизнес-процестерді автоматтандыруға және сайып келгенде халықты сақтандыру қызметімен қамтуға, олардың қолжетімділігін арттыруға және сақтандыру агенттеріне комиссиялық төлемдерді азайтуға мүмкіндік береді.
Екінші тренд – сақтандырудың есептелген түрлерінің дамуы болып табылады – тарифтерді мемлекет емес, нарық белгілейтін міндетті түрлер.
Қазіргі уақытта медицина қызметкерлері мен адам көп жиналатын қоғамдық орын иелерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тақырыбы әзірленуде.
Таяуда сақтандырудың міндетті түрлерінен есептелген түрлерге кезең-кезеңімен көшу жоспарлануда. Бұл – тариф белгілеудің икемді жүйесіне көшуге және сонымен бір мезгілде халықты сақтандыру қызметімен қамтуды сақтауға мүмкіндік беретін негізгі тренд.
Сақтандыру нарығы өз қызметінде сақтандырудың міндетті түрлері есебінен қауіпсіздік маржасын қалыптастырды. Бүгінгі таңда өсудің негізгі драйвері – ерікті сақтандыру. Сондықтан реттеуші сақтандырудың міндетті түрлерін оңтайландыру, сонымен бірге олардың құнын төмендету және тұтынушыға қолайлы жағдай жасау қажет деп санайды.
Реттеуші сақтандырудың ерікті түрлерін ынталандыру шараларын да қолға алмақшы. Қадағалау тәуекелге бағытталған салада (төлем қабілеттілігі II-ге көшу) және мінез-құлық қадағалау моделін енгізу бағытында қозғалады.
Бұл модель сақтандырушылардың тұтынушылардың мінез-құлық үлгісімен жұмысына негізделген және әділетсіз әрекетті болдырмау үшін сақтандыру нарығындағы өзгерістерге алдын ала жан-жақты әсер етуге мүмкіндік беретін стандарттарды жасайды.
Соңғы 10 жылда сақтандыру нарығы бөлшек сақтандыру үлгісіне көшіп жатыр. Бұл жан басына шаққандағы сыйақы мен сақтандырудың енуіне оң әсер етті. 9,3 млн сақтандыру шартының 86%-ы жеке тұлғаларға тиесілі.
Қазір нарық алдында сақтандыру процесін одан әрі цифрландыру мен оңтайландыруға қатысты жаңа міндеттер тұр: елдің жалпы ішкі өніміндегі сақтандыру сыйақысы 1%-ға да жеткен жоқ.
Автор: Валентина Палаичева