Жаңалықтар

Салық кодексі: Ұлттық қордан бөлінетін балаларға арналған нысаналы жинақтар кіріс ретінде қарастырылмайды

Фото: shutterstock, freepik

Мәжіліс «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын екінші оқылымда қабылдады.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Мұрат Ергешбаевтың айтуынша бұл заң жобасы қабылданса, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінетін балаларға арналған нысаналы жинақтар кіріс ретінде қарастырылмайды. Сонымен бірге коллекторлық агенттік, микроқаржы ұйымы берешекті есептен шығарған кезде жеке тұлғаның кірістері кіріс боп саналмайды.

«Шыны ыдыстарды жинаумен және қабылдаумен айналысатын шағын бизнес субъектілеріне арнаулы салық режимін қолдануға рұқсат беріледі. Ал сыра қайнату өнімдеріне акциздер мөлшерлемесі литріне 79 теңгеден 90 теңгеге дейін көтеріледі», – дейді комитет мүшесі.

Сонымен бірге арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қатысушылары мен басқарушы компанияларына санаттар бойынша белгілі бір мерзімге салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, А санаты бойынша – 7 жыл бойы,
В санаты – 15 жыл бойы, С санаты – 25 жылды құрайды.

Салықтық әкімшілендіруге қатысты салық органының «Астана» халықаралық қаржы орталығынсыз цифрлық активтердің құнын және олардың түрлерінің тізбесін айқындау, жариялау тәртібін бекіту ұсынылады. Сонымен бірге уақытша өтеулі жер пайдалануға берілген, сондай-ақ тиісті мақсаттарда пайдаланбайтын немесе заңнаманы бұза отырып пайдаланылатын жер учаскелері бойынша төлемақыны есептеу және төлеу тәртібін нақтыланады.

«Қатты пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия негізінде Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауы учаскелерін есептеу мен төлеудің жеке тәртібі айқындалады. Активтер мен міндеттемелер, кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсыну мерзімдері мен жасау ерекшеліктері нақтыланады»,– деді Ергешбаев.

Сонымен бірге өзгерістерге сәйкес ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган салық органына тоқсан сайын төлемақы төлеушілер, салық салу объектілері, олардың орналасқан жері және электр энергиясының көлемі туралы мәліметтерді ұсынатын норма алып тасталады.

Комитет өкілі сондай-ақ зиянды өндірісте жұмыс істеген кезде алатын кірісінің бір бөлігін өтеу жолымен жұмыскерлерге зиянды еңбек жағдайларында жұмыс өтілін қысқартуға мүмкіндік беруге бағытталған арнаулы әлеуметтік төлемдер ЖТС төлеуден босатылатынын айтты.

Мәжіліс қабылдаған бұл құжат Сенаттың қарауына жолданды.