Яндекс холдингі барлық ресейлік активтерін 6 млрд долларға сатуы мүмкін

Жарияланды
Яндекс компаниясының ресейлік активтерінің құны 50 пайыз жеңілдікпен 560 миллиард рубльді құрайды /Фото: kursiv.media

Голландиялық Яндекс холдингі (YNDX.O) өзінің негізгі үлесімен бірге барлық ресейлік активтерін сатуды қарастырып жатыр,- деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Мәскеу 2022 жылдың ақпанында Украинаға соғыс ашпағанда «Ресейлік Google» аталып кеткен Яндекс технологиялық фирмасы жаһандық деңгейге көтеріліп, үлкен бизнеске айналу мүмкіндігі бар ресейлік компаниялардың бірі болды.

Яндекс Ресейдегі және тағы да бірнеше елдерде такси және интернет-жарнама секторларында үстемдік етеді. Оның такси қызметі Африканың сегіз елінде жұмыс істейді.

Кремльдің қысымымен Яндекс 2022 жылдың аяғында өзінің жаңалықтар агрегаторын және басқа да онлайн-мүлкін мемлекет бақылауындағы «ВКонтактеге» сатып жіберді. Содан кейін корпоративті қайта құрылымдау жұмыстары басталды.

Қараша айының аяғында өтетін Дубай кеңесінде тараптар мәмілеге келуі тиіс. Десе де бұл мәміле Ресей үкіметінің мақұлдауымен ғана жүзеге асады. Яндекс бұл ақапаратқа қатысты түсініктеме беруден бас тартқан.

Reuters-тің хабарлауынша, 50 пайыз жеңілдікпен есептегенде ресейлік активтердің жалпы құны 560 миллиард рубльді құрайды. Доллларға шаққандағы құны шамамен 6 млрд доллар.

Болжам бойынша Яндекс өз бизнесінің негізгі бөлігін бөлек компаниялар тобына айналдыруды көздейді. Үandex N.V. акционерліктен шығып, өз атын өзгертуді жоспарлап отырғанын жазады басылым.

Еске сала кетсек, 9 тамызда Қазақстандықтардың деректерін республика аумағынан тыс жерде сақтағаны үшін Yandex.kz домені бұғатталған болатын. Цифрлық даму министрлігі «Яндекс» компаниясы пайдаланатын деректерді өңдеу орталықтарының орналасқан жері және ҚР азаматтарының дербес деректерін қорғау шаралары, сондай-ақ «Яндекстің» құқық қорғау және арнайы органдармен өзара іс-қимыл жасау қағидаттары туралы толық ақпарат беруді талап етті.

Ал оған дейін компания «Yandex Go» сервисін тұтынушылардың жеке деректеріне Ресей федералды қауіпсіздік қызметі сұрау салса, қол жеткізе алатынын мәлімдеген.

Артынша компанияның Қазақстан заңын осы күнге дейін бұзып келгені анықталды. Бұл олқылықты түзеу үшін биліктен уақыт беруді сұрады. «Яндекс» өз доменін ел аумағына көшіретінін жеткізді.  

Сондай-ақ оқыңыз