Алматыдағы 2-ЖЭО газға көшіріле бастады

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
Алматы ЖЭО-сы газға көшіріліп жатыр. Фото: shutterstock

Алматы қаласындағы №2 ЖЭО газға көшіріле бастады. Жылу-электр орталықтары үшін газ инфрақұрылымы құрылысы аясында жаңа автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылған.

Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмриннің айтуынша, бұл – Мемлекет басшысының Алматы ЖЭО-сын газға көшіру жөніндегі тапсырмасын іске асырудағы алғашқы қадам.

«Бүгін «ЖЭО-2» автоматтандырылған газ тарату станциясын және станция мен ЖЭО-ны қосатын TIP-04 жалғастырғышты іске қосамыз. Жылыту маусымында ЖЭО-2 жыл сайын шамамен 1,5 млн тонна көмір жағып, шамамен 660 мың тонна күл өндіреді. Табиғи газға көшіру 2026 жылға қарай ластаушы зат шығарындыларының көлемін жылына қазіргі 37 мың тоннадан 3 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл Алматы мен Алматы агломерациясының экологиясын жақсартып, азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттырады», – деді Асқар Әмрин.

Қала әкімінің орынбасары 2030 жылға дейін өнеркәсіптік және жеке секторларға газ тартылатынын айтады. Тиісті жоба қаланы дамыту бағдарламасында және Алматының жаңартылған Бас жоспарында көзделген.

Алматыда газбен жанатын жаңа Алматы 2-ЖЭО құрылысын қандай компания жүргізетіні мамыр айының аяғында белгілі болған. Алматы 2-ЖЭО-ны газға көшіретін мердігер ретінде қытайлық консорциум таңдалып, екі жақты шартқа қол қойылды.

«Алматы электр станцияларының» Басқарма Төрағасы Ерлан Қырқынбаевтың айтуынша, жобаны салуға 324 миллиард теңге қаражат жұмсалады.

Алматы 2-ЖЭО-ны газға көшіру үшін «Алматы электр станциялары» АҚ «Қазақстанның Даму Банкінен» несие алған.

Сондай-ақ оқыңыз