Фото: shutterstock.com
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы нарығын реттеу саласында ESG қағидаттарын енгізетін болады. Реттеу қаржы ресурстарын орнықты жобалардың пайдасына қайта бөлу үшін қаржы ұйымдарын орнықты дамуға ынталандыруға бағытталады.
«Бұл Қазақстан Республикасының инвестициялық тартымдылығын арттыруға оң әсер етеді және компаниялардың әлеуметтік және экологиялық жауапкершілігінің өсуіне ықпал етеді», – делінген хабарламада.
Реттеуші ішкі тәуекелдерді басқару және қаржы ұйымдарының корпоративтік басқару жүйелеріне қойылатын талаптарды әзірлемек. Сондай-ақ қаржы институттарының ESG тәуекелдерді басқару жөніндегі нұсқаулықтарға қаншалықты сәйкес келетінін бақылайды.
Ал 2024 жылдан Қазақстанның банктері үшін климаттық тәуекелдерге стресс-тестілеу енгізіледі. Климаттық тәуекелдерге талдау жүргізу кезінде климаттың өзгеруіне байланысты Қазақстанның экономикасы мен қаржылық тұрақтылығына ықтимал тәуекелдер бағаланады.
Бұл жұмыс Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ESG қағидаттарын енгізу жөніндегі бастамасы аясында жүзге асырылады. Осы мақсатта Агенттік IFC-пен бірлесіп банктер мен басқа да қаржы ұйымдары үшін ESG-ақпаратты жария ету жөніндегі нұсқаулық әзірлеп бекіткен.
Жыл соңына дейін Қаржы ұйымдарындағы экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді басқару жөніндегі нұсқаулық (ESRM) пен Қаржы ұйымдары үшін парниктік газдар шығарындыларын есептеу және банктердің кредиттік портфельдерінің көміртегі ізін бағалау жөніндегі нұсқаулық әзірленеді.
«Орнықты даму қағидаттарын ішкі тәуекелдерді басқару және қаржы ұйымдарын корпоративтік басқару жүйесіне қойылатын талаптарды әзірлеу және белгілеу, сондай-ақ ESG-тәуекелін басқарудағы ұсынымдар мен талаптардың сақталуына мониторинг жүргізу арқылы енгізілмек», – дейді ҚНРДА.
Ол еліміздің 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасы және 2030 жылға дейінгі қаржы секторын дамыту тұжырымдамасында ұзақ мерзімді стратегиялық басымдық ретінде танылған. 2025 жылға дейін бекітілген «Бизнестің Жол картасына» түзетулер мен толықтырулар енгізіліп, «жасыл» жобалар, «жасыл» таксономия ұғымдары қосылды.
Қазақстан 2021 жылы ESGI индексі бойынша рейтингте 51-орында тұрса, былтыр ESG есептілік практикасының даму динамикасы бойынша ТОП 5 елдің қатарына енген.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бағалы қағаздар нарығы департаментінің директоры Айдын Дәулетбақ ESG бойынша ақпарат жариялау биыл ерікті түрде жүзеге асырылып жатса, 2024 жылдан бастап міндетті талап болатынын айтқан. Сонымен қатар қор нарығына ESG-облигацияларын шығаратын компанияларға қолдау көрсетіледі.