ESG  – Қазақстан үшін ұзақмерзімді стратегиялық басымдық

Жарияланды
Premier Business Consulting & Communication стратегиялық консалтинг бутигінің директоры Ростислав Куринкомен сұхбат

Соңғы кездері ESG термині көп айтыла да, жазыла да бастады. Бұл уақытша тренд пе, әлде бәріміз аяқ басатын жаңа бағыт па? Environment, Social, Governance – экология, әлеуметтік әділдік, басқарудың ашықтығы қағидаларының жиындығы. Бұл бізде бұған дейін айтылып келген бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің қайталамасы емес пе? Егер ESG бойынша әлемдік ранг тізімі жасалса, Қазақстан соның қай сатысында болар еді? Осы сұрақтың барлығын Kursiv.Media қазақ редакциясының ESG бойынша арнайы шолушысы Баян Талдыбай PHD докторы, «Premier Business Consulting & Communication» стратегиялық консалтинг бутигінің директоры Ростислав Куринкоға қойды.

Сұрақтың әлқиссасын осы бір заманауи тренд атауынан бастағанымыз дұрыс шығар. Ростислав, сіз қалай ойлайсыз, ESG деген не өзі, бұл жай ғана сәнді тренд пе, әлде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі (БӘЖ) терминінің баламасы ма? Нарықта белең алған бұл нендей құбылыс?

– Байқайсыз ба, соңғы кездері «БӘЖ» сөзін емес, «ESG» терминін жиі қолданып жүрміз. Сырттай қарағанда екі сөз бір мағынаны айшықтайтын іспетті. Яғни, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қызметкерге, қоғам мен экологияға қатысты бизнестің барлық бастамаларын біріктіруші ұғым ретінде танылады.  Мұны KPI-мен (Key Performance Indicator) салыстырып,  бизнес тиімділігінің негізгі көрсеткіші ретінде қарастыруға болады.

БӘЖ бойынша біз бизнесті басқарудың бірқатар тетіктерін қарастырамыз, атап айтқанда: нарық пен бизнесті жүргізу шарттары, ресурстарды ескеру, нәтиже көрсеткіші, нарықтық стратегияның бағыт-бағдары,  инвесторлар талаптарымен үндесу секілді міндеттерді қамтиды.

Ал енді, ESG терминіне келсек (Environment, Social, Governance), оның ауқымы анағұрлым жоғары. ESG – бұл компанияның әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мәселелерін қамтып қана қоймай,  сонымен қатар басқару жүйесіндегі  стейкхолдерлермен қарым-қатынасын айқындап, белсенділігін білдіретін, болашақты бағдарлайтын іскерлік термин.

Салыстырмалы түрде алсақ, ESG-дің тамыры терең. Бизнес стартегия ұзақ мерзімге құрылады, корпоративті басқару жүйесі бойынша баянды болашақ бағдарланады. Бүінде жаһандық деңгейде қарқын алуы соның айғағы.

Сол себепті, бұл екеуін бөле жармай, нарықта бірін-бірі толықтырып тұрған өлшем деуге келетін шығар. Көне ұғымды жаңғыртып, маңызы орасан аспектілерге кең ауқымда үңіліп, заманауи көзқарас қалыптастыру қажет деп ойлаймын.

Ел Үкіметі де нарықтың ESG қағидаттарына ойысуын міндеттеп отыр. Ал, жалпы, Қазақстанның осы бағыттағы даму барысын қалай бағалар едіңіз?

– Енді  Қазақстанның болашағына келейік. Іс жүзінде үздіксіз әрі  ауқымды дамудың бұдан өзге жолы да жоқ және ESG қағидаттарына сай даму жайлы шешім әлдеқашан қабылданып та қойды.

Қазақстанда 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасы және 2030 жылға дейінгі қаржы секторын дамыту тұжырымдамасы ESG-ді ұзақ мерзімді стратегиялық басымдық ретінде таныды. 2025 жылға дейін бекітілген «Бизнестің Жол картасына» түзетулер мен толықтырулар енгізіліп,  «жасыл» жобалар, «жасыл» таксономия ұғымдары қосылды. Үкіметтің 2021 жылғы 13 қазандағы № 736 Қаулысына сәйкес,  «Жасыл» жобаларды іске асыру үшін берілетін несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесі белгіленді және «жасыл» облигациялар бойынша купондық мөлшерлемені субсидиялау көзделген (7 млрд теңгеге дейін шығару, купон мөлшерлемесі – 7%, субсидиялау мерзімі – 5 жыл).

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заңнамаға өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр, оған сәйкес «әлеуметтік облигациялар» ұғымы енгізіледі. Сондай-ақ облигацияларды жасыл, әлеуметтік немесе тұрақты деп тану үшін қағидалар  мен шарттар айқындалады.    

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы жобалар қаржыландырылып, оларға  «жасыл жоба» деген атау берілді. Жасыл облигациялар мен несиелер енгізіліп, олардың ара-жігін ажырату үшін «жасыл» таксономия әзірленді. Еуропалық Одақпен инвестициялық ынтымақтастығы жөніндегі диалог отырысында Қазақстан Республикасының премьер-Министрі Әлихан  Смайылов 2030 жылға дейін  Қазақстан «жасыл» энергияның үлесін 15%-ға дейін жеткізуді жоспарланғанын айтқан еді. Осы бағыта Қазақстан Республикасының 2021 – 2030 жылдарға арналған «Жасыл» экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдама бекітіліп және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары қабылданды.

Мұның бәрі Қазақстанда ESG қағидаттарын енгізу  бойынша қолға алынған іс-шараның  бір бөлігі ғана. Заманауи бағыттағы алғашқы қадам деуге келеді.  Сондықтан уақыт көшімен ілесіп, Қазақстан да өркендеп-өсе береріне сенімдімін. Өзгеріс түрлі салаға ықпалын тигізеді. Бөле жарып қарастырмай, тұтас құбылыс деп қабылдаған жөн. Бүкіл әлем тұрақты және инклюзивті болашаққа ұмтылып жатыр. Соның ішінде «Самұрық-Қазына» АҚ да бизнесті жүргізу тәсілдерін қайта қарастырып, әлеуметтік жауапкершілікті күшейте бастады. Біз тұрақты даму бағытында ESG саясатын әзірлеуге кірістік. Әлемдік деңгейде қанат жайған  ESG бағытына нарықтағы әр қатысушы өзіндік қолтаңбасын қалдырып, үлесін тигізуге ұмтылғаны дұрыс деп білемін.

Қазірдің өзінде Қазақстанның ESG қағидаларына сай өсу қарқыны мен даму бағытында нақты нәтижелі көрсеткіші бар. Мысалы, Қазақстан 2021 жылы ESG (ESGI) индексі бойынша рейтингте 51-ші орында тұрып, ЕАЭО мен Орталық Азияның барлық елдерін аралап шықты. Ал өткен жылы Қазақстан ESG есептілік практикасының даму динамикасы бойынша ТОП 5 елдің қатарына енді.

– Корпоративті секторға келсек. Бізде квазисектор ESG бойынша қалай дамуда?

– Иә, жаһандық даму үрдісіне елдегі көш озық компаниялар ілесіп бағып отыр. Сан тараптан жүргізілген алуан түрлі зерттеулердің нәтижесі бойынша осыны көріп отырмыз. Мысалы, әлемдік рейтингке Қазақстан бойынша ең ірі қор – «Самұрық-Қазына» кіреді. Осы холдинг ESG қағидаттарына сай тұрақты даму көрсеткіші бойынша үздіктер қатарында деуге болады. Жалпы, бұл қағидаттардың деңгейін Біріккен Ұлттар ұйымы өзінің тұрақты даму методикасы бойынша бағалап отырады.

Атап айтқанда: басқару, корпоративтік тұрақты инвестициялау саясаты, тұрақты дамуды интеграциялау стратегиясы, бүкіл инвестициялық тізбек бойынша ESG интеграциясы, бағалау және есеп беру бойынша електен өткізген.  Бұл құжат 50 ірі мемлекеттік зейнетақы қорлары мен 30 ірі ұлттық әл-ауқат қорларын қамтыды. Сараптауларға  сәйкес, қорлардың орнықты даму есептерін жариялап, ESG қағидаттарын орындау  барысындағы халықаралық стандарттарды орындау тәртібі ескерілді.

Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан мемлекеттік деңгейде де, корпоративті деңгейде де әлем көшінен қалып келе жатқан жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет. Еліміз ESG бойынша дами берсін!

Сондай-ақ оқыңыз