Қаржы мониторинг агенттігі «ӨзенМұнайГаз» АҚ басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Компания басшылығына өз қызметін асыра пайдаланды және заңсыз тендер өткізді деген айып тағылып отыр. Олардың мемлекетке келтірген шығын көлемі – 623 млн теңге.
ҚМА «ӨМГ» АҚ бас директорының орынбасары Бауыржан Мамбетсапаев компанияда жұмыс істемейтін өз таныстарына негізсіз жалақы төлеп, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған дейді. Ал «ӨМГ» АҚ бас директорының тағы бір бұрынғы орынбасары Ермек Қарамырзаев ұңғымаларды жерасты жөндеуге қатысты заңсыз тендер өткізіп, жекелеген компаниялардың мүдделерін қорғады деп айыпталған.
«Сонымен қатар, алдын ала сөз байласу арқылы сеніп тапсырылған 294 млн теңгені жымқырып, талан-таражға салған «ӨМГ» АҚ мұнай-газ өндіру басқармасы директоры мен жеткізушіге айып тағылды», – делінген хабарламада.
Барлық қылмыстық іс сотқа жолданған. Агенттік ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, өзге де ақпарат таратуға жатпайтынын хабарлады.
«ӨзенМұнайГаз» компаниясындағы тексеріс жаңаөзендік мұнайшылар Астанаға барып, Энергетика министрлігі ғимараты алдында наразылық ұйымдастырған соң басталған еді. Оларды басты талабы – тұрақты жұмыс және лайықты жалақы болды. Алайда ӨМГ-нің бас компаниясы – «ҚазМұнайГаз» АҚ Жаңаөзенде өзге де жұмыссыздар жұмыс күтіп кезекте тұрғандықтан, олардың талабын орындау мүмкін емес деп мәлімдеген.
2 мамырда Маңғыстау облысы әкімінің өкімімен «БерӘлі Маңғыстау компани» сервис компаниясының бұрынғы қызметкерлері көтерген мәселелерді қарау бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған болатын.
2 маусым күні Қаржы мониторингі агенттігі 46 млн залал келтірді деген күдікпен «ӨзенМұнайГаз» бас директорының орынбасары ұсталғанын мәлімдеді. Бауыржан Мамбетсапаев лауазымдық мәртебесін пайдаланып, жұмысқа қабылдау туралы бекітілген қағидаларды өрескел бұзып, өзінің бірқатар танысын «Өзенмұнайгаз» АҚ-на заңсыз кіргізген деп айыпталды.
23 маусымда ҚМГ «Өзенмұнайгаз» бен оның мердігерлерін тексеру қорытындысын жариялады. «ӨзенМұнайГаз» ҚМГ-ға 47 млн теңге шығын келтірген. ӨМГ қаржылық-шаруашылық қызметіне талдау жүргізілгенде 118 заң бұзу мен сәйкессіздіктер анықталды: 7 факт құқық қорғау органдарына жіберіліп, 10 мәселе бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп, 101 мәселе бойынша жауапты адамдарға тәртіптік жаза қолданылған.
Ал 26 маусымда ӨМГ Бас директорының бұрынғы орынбасары Ермек Қарамырзаев ұсталды.