ЕуроОдақ Қазақстанның тау-кен саласындағы екі ірі жобасына қолдау көрсетеді

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: shutterstock.com

Еуразиялық Одақ пен Еуропа қайта құру жәну даму банкі «Тау-Кен Самұрық» компаниясының маңызды шикізат саласындағы екі жобасын техникалық қолдайтын болды. Ниет декларациясына жыл сайынғы «Шикізат апталығы» аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс миистрлігі мен ЕО-ЕҚДБ қол қойған.

Қолдау «Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты вольфрам кен орындары» және «Арал теңізінің тұзды батпақтарынан литий өндіру» жобаларына қажетті техникалық бағалау жүргізуге бағытталған.

Бұл жобалардың жалпы құны 400 мың еуро болса, соның ішінде 200 мың еуроны ЕО салады деп болжанып отыр.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Ілияс Оспановтың айтуынша, Қазақстан қазіргі кезде ЕО-ның 34 маңызды шикізатының 19 түрін өндіреді.

Сонымен қатар, Қазақстанның Бельгия Корольдігіндегі елшілігінде Kazakhstan Forum Astana Group пен Люксербургтік Lobox Architects компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Алайда министрлік бұқ келісімнің егжей-тегжейін нақтыламаған.

«Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» акционерлік қоғамы қатты пайдалы қазбаларды барлау, игеру, өндіру, өңдеу және өткізу, тау-металлургия саласы акциялар пакетін тиімді басқарумен айналысады. «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» AҚ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ компаниялары тобына кіреді. Ол «Glencore International» компаниясының әріптесі және «Қазцинк» ЖШС жарғылық капиталына 29,82% қатысу үлесіне иелік етеді.

Компанияның қос жобасы туралы не белгілі?

Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кен орындарындағы жер қойнауын пайдалану құқығы «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны «Солтүстік Қатпар» ЖШС-ға тиесілі. Бұл жерде сирек және өте қажетті металл – вольфрамның үкен қоры бар.

Елімізде вольфрам өндірісі өткен ғасырдың 70-шы жылдары қолға алынғанымен, түрлі себеппен 1993 жылы тоқтап қалған. Қазақстан осы істі қайта қолға алып, қазіргі уақытта республика бойынша 12 кен орны зерттелген, олардың жиынтық қоры 2 млн тоннадан асады. Соның ішінде ең ірі және перспективалы кен орындары – бұл Жоғарғы Қайрақты және одан 20 шақырымдай қашықтықта орналасқан Солтүстік Қатпар кен орны (Қарағанды облысы). Осы екі кен орнындағы вольфрам қоры 1 млн тонна мөлшерінде бағаланады. Соның есебінен Қазақстан әлемдік вольфрам ресурстарының басым бөлігін иеленеді.

«Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ Басқарма Төрағасы Ерлан Ғалиевтің айтуынша, Қазақстанның үш облысында литий әлеуетін зерттеу жұмысы басталады. Егер шығыс және оңтүстік-шығыс бөліктерде бастапқы литий шөгінділері болжанса, ал  Арал шөгінді бассейнінің минералданған тұзды сулары да литий үшін өте қолайлы. Қазіргі кезде мемлекеттік баланста литий болуы мүмкін алты кен орны бар. Олар: Юбилейное, Жоғарғы-Баймырза, Бакен, Ахмет, Медведка, Ахмировское.

Ел үкіметі сирек және жерде сирек кездесетін металл өндірісін дамытуға 11,8 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Осы бағдарлама аясында барлау жүргізілетін кен орындарының арасына Қайрақты кен орны да кірген.

Бұған дейін Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов, жаңа кен орындарына геологиялық барлау жүргізілмесе, Қазақстандағы бағалы және түсті металдар қоры алдағы 10-15 жылда сарқылуы мүмкін деп мәлімдеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз