Ішкі істер министрлігі Талдықорған полициясы басшысының «адам зорлау» фактісі бойынша кешірім сұрамайды

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: kursiv.media

Сенаттың кулуарында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Талдықорғандағы қыз зорлау оқиғасына қатысты түсініктеме берді.

«Бұл іс бойынша тексеру жасалды. Кеше Жетісу облысының полиция басшыларына қатысты шешім жарияланды. Бұл оқиға бойынша ұятты жағдай анықталды, оны мойындау керек. Күдікті полицейдің ойында не жүргенін біле алмаймыз. Осыған дейін тексерістен талай өткен болатын, яғни біраздан бері қызметте жүрген адам. Бірақ осындай теріс әрекеті анықталып жатыр. Оның жауапкершілігі тергеу амалдары мен сот шешімі нәтижесінде анықталады», – деді М.Қожаев тілшілерге.

Журналистер вице-министрден күдікті полицей бұған дейін қарамағындағы қызметкерлерін балағаттағанын, сол кезде қызметінен неге босатылмағанын сұрады.

«Сол оқиғадан соң оның лауазымы төмендетілген еді. Одан кейін қызметін атқара келе, мына лауазымға тағайындалған», – деді М.Қожаев.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары осыған дейін полиция қызметкерлері арасында профилактикалық жұмыс жүргізілгенін және ол жалғасып жатқанын айтты.

«Өкініштісі сол, кейде осындай жағдайлар болады. Бұл туралы айту да өте жағымсыз. Біз мұндай оқиғалар үшін жауапкершілігімізді толық сезінеміз», – деді М.Қожаев.

Журналистер вице-министрден полиция қызметкерлері арасында осындай жағдайдың қайталанбауына кім кепіл болатынын сұрады.

М.Қожаев: «Сұрақтарыңыз керемет! Мен жаңа ғана айттым. Адамның басына кіріп, жүрегінен шығатын технология жоқ. Кейбір кезде сіздердің араларыңыздағы журналистер де қылмыс жасайды. Жауапқа тартылып жатқанын естіп жатқан шығарсыздар», – деп жауап берді.

Тілшілер вице-министрге Ішкі істер министрлігі Талдықорғандағы қыз зорлау фактісі бойынша кешірім сұрай ма деген сауал қойды. М.Қожаев қойылған сұраққа қарсы сұрақ қойып: «Кімнен?», – деді. Журналистердің «Халықтан» деген жауабын естігенде Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:

«Министрдің халық алдында қандай кінәсі бар? Кінәлі адам заң бойынша жауапқа тартылып жатыр. Барлығымыз заң алдында бірдейміз», – деді.

Журналистер: «Жалпы, кешірім сұрайсыздар ма? Зорланған қыздан кешірім сұрайсыздар ма?» деп бастырмалатты. М.Қожаев: «Зорланған қыздан…» деп пауза жасады да «Қылмысты істеген адам кінәсін мойындап, сұраса…», – деп түсініксіздеу пікір білдірді.
Вице-министр оқиға орнына арнайы комиссия барып, қызметтік тергеу жүргізгенін жариялады.

«Кеше ұйымдастыру жұмысын қорытындылаған министр шешімімен полиция департаментінің барлық басшылығы қызметінен босатылды», – деді М.Қожаев.

Айта кетейік ІІМ басшысының бұйрығымен Жетісу облысы полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов қызметінен босатылды, оның бірінші орынбасары Жасұлан Байкеновке қызметін тиісінше атқара алмай отырғаны туралы ескерту жасалды.

Облыстық департамент бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары Талант Жұмабек пен тергеу бойынша орынбасары Мақсат Ережепов қызметінен кетті.
Жетісу облысы ПД бастығының міндетін атқару полиция генерал-майоры Арман Садановқа жүктелді. Ол бұған дейін ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаментін басқарған.
Осыған дейін жәбірленушінің адвокаты Нұрлан Молбаев оқиғаның қалай болғанын жариялады. Оның сөзінше, 12 қараша күні учаскелік инспектор қоғамдық тәртіпті бұзды деген айыппен 27 жастағы қала тұрғынын Ішкі істер басқармасына жеткізеді. Кейін қызды басқарма басшысының алдына апарады.

«Менің қорғауымдағы азамат басқарма басшысының кабинетіне кіргеннен кейін, болған жағдайды айтып ақталған. Оны мұқият тыңдаған полиция басшысы көмектесетінін айтқан. «Сендей әдемі қызға протокол толтыртқызбаймын» деп қызды жыныстық қарым-қатынасқа мәжбүрлеп тиісе бастайды. Жәбірленуші тиісті сараптамадан өтті, қылмыс орнынан яғни Талдықорған қалалық полиция басқармасы басшысының кабинетінен айғақ алынды. Кабинеттен қызға тиесілі гигиеналық заттар мен ер адамның шауһат ізі табылды», – деген болатын адвокат.

Күдікке ілінген полиция генералы Марат Күштібаев 2022 жылдан бері Талдықорған қалалық полиция басқармасын басқарды. Бұған дейін ол Талғар, Іле аудандарында, облыстық әкімшілік полиция қызметінде ұзақ жылдар бойы лауазымды қызмет атқарды. 2019 жылы Алматы облысының жергілікті полиция қызметінің басшысы болып тағайындалды. Бұл жердегі қызметінен қол астындағы қызметкерлеріне тіл тигізгені үшін шеттетілді. Былтыр Жетісу облысының орталығына бас полицей болып орналасты.
13 қарашада Талдықорған қалалық полиция басшысы Марат Күштібаев әйел зорлады деген күдікпен қамауға алынды. Бұл туралы Жетісу облыстық полиция басқармасының экс-басшысы Атығай Арыстанов хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз