Тоқаев қазақстандықтарды халық санының 20 миллионға жетуімен құттықтады

Жарияланды
Токаев
Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті – Тоқаев \ Фото: Ақорда

16 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының саны 20 миллионға жеткенін айтты.

Тоқаев өзінің X (бұрынғы twitter) парақшасында қазақстандықтарды осы қуанышты жаңалықпен құттықтады.

«Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді», – деп жазды президент.

16 қазан күні Ұлттық статистика бюросы 20 миллионыншы азаматтың туған күні барлық қолда бар,тұрақты тұруға келген және одан шыққан, туғандар мен қайтыс болғандардың саны секілді демографиялық деректерді ескере отырып айқындалғанын жазды.

«Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар», – делінген ақпаратта.

ҰСБ баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұрын халық саны туралы мәліметтер қолмен өңделетін және бұл көп уақытты қажет ететін.

«Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің интеграциясы бұл процесті жеделдетуге және 20 миллионыншы азаматтың туған күнін жоғары дәлдікпен және қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік бергенін», делінген хабарламада.

Дегенмен stat.gov.kz мекен-жайында орналасқан Ұлттық стастика бюросының деректер базасында халық санына қатысты соңғы ақпарат 1-қазанда жаңарған. Оған сәйкес, қазақстандықтар саны 19 967 964 адам деп көрсетілген.

Қазақстан халқының саны 19 миллионға 2021  жылы жеткен. Бұл хабарды да статистика комитетінен бұрын президент Тоқаев жеткізіп, twitter парақшасына жазған. Жәния Азаматқызы есімді бүлдіршін 2021 жылы 3 тамызда Алматы облысы Талдықорған қаласында (қазіргі Жетісу облысы) отбасында төртінші бала болып дүниеге келген. Оның аты-жөнімен отбасы туралы ақпаратты да президент жазған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз