«Бишімбаев ісі»: Тергеушілер неге жиі ауысып жатыр?

Жарияланды (жаңартылды )
Бишімбаевқа әйелін өтірді деген айып тағылды/ Фото: kursiv.media


Сенаттың жалпы отырысынан кейін кулуарда Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сараптама қорытындысы қашан дайын болатынын мәлім етті. Еске саламыз, «Әйелін ұрып өлтірді» деген күдікпен экс-министр Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынған болатын.

«Аутопсия жүргізіліп, барлық қажетті биоматериал алынды. Қазір сараптама жүргізілуде, ол бір айға созылады», – деді М.Қожаев журналистерге.

Ол сот-медициналық сараптамасымен қатар басқа да зерттеулер жүргізіліп жатқанын, оның нәтижесін білуге де бір ай қажет екенін айтты.

Вице-министр қылмыстық іске қатысты қосымша ақпарат таратудан бас тартты.

«Бұл мәліметтердің барлығы сотқа дейінгі тергеу ісіне қатысты. Толық мәлімет бере алмаймын, барлығы зерттелуде», – деді М.Қожаев.

Журналистер Ішкі істер министрінің бірінші орынбасарынан «Бишімбаев ісінде» неге тергеушілер қайта-қайта ауысып жатқанын сұрады.

«Ондай мәлімет жариялауға жатпайды. Бірінші күні оқиға орнына кезекші тергеу тобы жіберіледі. Ертеңінде тергеу басқа маманға тапсырылуы мүмкін. Сондықтан осындай мәлімет тарап жатқан шығар. Қайталап айтамын, бірінші күні оқиға орнына арнайы топ шығады. Одан кейін іс нақты бір адамға тапсырылады. Оның жанында тағы тергеушілер болады. Қылмыстық істі жалғыз адам тергемейді, топ болып тергеуі мүмкін», – деп жауап берді вице-министр.

Тілшілер Марат Қожаевтан Бишімбаевтың қылмысын жасырған немере ағасына қатысты қылмыстық іс қозғала ма деп сұрады. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары бірнеше адамның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын алға тартып: «Тергеу амалдары жүріп жатыр. Соның нәтижесінде кім қандай жауапқа тартылатыны анықталады», – деді.

Журналистер ағасы қасында болды ғой деп нақтылады. Марат Қожаев басқа мәлімет айта алмайтынын, бұл заң талабы екенін мәлімдеді.

Қанша тергеуші ауысты деген сұраққа М. Қожаев: «Қанша тергеуші ауысқанын айта алмаймын», – деп жауап берді.

Естеріңізге салайық, 9 қарашада Астанадағы «Bau» мейрамханасында болған жанжалдан кейін әйел адам қайтыс болды. Ішкі істер министрлігі қайғылы оқиғаға қатысы бар деген күдікпен Ұлттық экономиканың бұрынғы министрі Қуандық Бишімбаевты ұстап, қамауға алды.

Астананың полиция департаменті мейрамханадағы адам өлімі Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-тармағы бойынша тергелетінін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз