Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндер 55 жастан бастап зейнетке шыққанша аннуитеттік ақы алады

Жарияланды
Фото: shutterstock, freepik

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлерге 2024 жылдан бастап сақтандыру ұйымдары қосымша ақы төлейді. Бұл жайлы ҚНРДА хабарлады.

Агенттіктің хабарлауынша мұндай төлемдер зейнетке шыққанға дейін төленеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғауды күшейту мақсатында олар үшін зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандырудың жаңа сақтандыру өнімі әзірленіп жатыр. Мұндай қызметте істейтіндерге зейнетақы алдындағы төлемдер 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа дейін жүзеге асырылатын болады», – делінген агенттік хабарламасында.

Ал зейнетақы алдындағы аннуитет жұмыс берушінің қаражаты есебінен жасалады. Яғни жұмыс беруші өз қызметкерлерінің еңбек міндеттерін атқаруы кезінде оларды жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруға тиіс.

«Мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, барлық жұмыс беруші жазатайым оқиғадан міндетті сақтандыру шартын жасауға міндетті. Ол зардап шеккен қызметкерлерге жоғалған табысын толтыруға арналған төлемдерді, медициналық көрсетілетін қызметтерді өтеуге арналған төлемдерді, асыраушысы қайтыс болған жағдайда асырауындағы адамдарға төленетін төлемдерді өтейді», – деп түсіндірілген хабарламада.

Агенттік сондай-ақ жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігін арттыру және жағдайларын жақсарту жөніндегі шараларды жүргізуге жұмсаған шығындарын ішінара өтеу мәселесі де қарастырылып жатқанын хабарлады. Яғни сақтандыру ұйымдары жазатайым оқиғадан міндетті сақтандыру шарттары бойынша жұмыс берушіге қосымша төлемдерді жүзеге асыруына қатысты мәселені пысықтап жатыр. Осылайша, алдын алу іс шараларын жүргізу бойынша жұмыс берушілердің қызметін бақылаудың тағы бір тетігі құрылады.

Жазатайым оқиғадан міндетті сақтандыру шарттары бойынша зардап шеккен қызметкердің денсаулығын оңалту және қалпына келтіру шығыстарын өтеуге төлемдер алу мүмкіндігі кеңейтіледі және зардап шеккен барлық қызметкерге санаторийлік-курорттық емделуге төлемдер төленеді.

Зардап шеккен қызметкерлерге жазатайым оқиғадан міндетті сақтандыру шарттары бойынша төлемдер жазатайым оқиғаның жұмыста кімнің кінәсінен болғанына қарамастан төленеді.

Бұл шаралар азматтарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі бойынша сақтандырылуын қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта осыған қатысты заңнамалық өзгерістер Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде қаралып жатыр.

Зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істейтін азаматтарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнайы әлеуметтік төлем тағайындалатынын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты.

Арнайы әлеуметтік төлемдер 55 жасқа толған және 7 жыл бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бар, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлерге тағайындалады.

Сондай-ақ оқыңыз