Сенат Цифрлық даму министрлігін дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті орган ретінде тану туралы заңды мақұлдады

Жарияланды
Ақпараттық деректерге бір айдың ішінде 20 миллион кибершабуыл жасалған / Фото: kursiv.media

Сенат ақпараттық қауіпсіздік және дербес деректерді қорғауға қатысты заңды бірінші оқылымда мақұлдады.

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы ақпараттық қауіпсіздік және дербес деректерді қорғау саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, сондай-ақ цифрлық майнинг жөніндегі қызметті реттеу мақсатында әзірленген.

Сенатор Бибігүл Жексенбай заң дербес деректердің айналымы мен сақталуы саласында мемлекеттік бақылауды күшейтіп, құқықтық базасын қалыптастыруға көмектесетінін айтады .

«Заңда операторлар дербес деректер «ағып кеткен» жағдайда реттеушіге бірден хабарлауы міндеттелген.  Ал, ақпараттық жүйелердің осал тұстары мен кемшіліктерін дер кезінде анықтап, ұдайы жетілдіру мақсатында ақпараттық жүйелерді зерттеуші үздік мамандарды тарту да Заңға енгізіліп отыр. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар шара. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Орталық құрылып, «электронды үкіметтің» бірыңғай репозиторийі нақтыланып, онда бағдарламалық өнімдердің бастапқы кодтары сақталады»,– дейді депутат.

Сенатор Андрей Лукин қоғамның қарқынды цифрландыруға көшіп жатқанын ескере келе, азаматтардың дербес деректерін сақтау маңыздылығына тоқталып, заңды қабылдау қажеттігін айтты. Депутаттың айтуынша, 1 жыл ішінде маңызды цифрлық инфрақұрылымдарға 163 млн рет шабуыл жасалған.

«Деректерге сәйкес, өткен жылы мемлекеттік органдардың ресурстары мен маңызды инфрақұрылымға жасалған 163 миллионнан астам кибершабуылдар тоқтатылды. Оның үстіне небәрі бір айдың ішінде 20 миллион кибершабуылға тойтарыс берді. Сандар өте қорқынышты»,– дейді Лукин.

Сенатор қыркүйек айында Telegram боттарына Қазақстан азаматтарының мәліметтері, соның ішінде тұрғылықты мекенжайы, байланыс телефондары және қызметіне қатысты жеке ақпараты тарап кеткенін атап өтті. Сондай-ақ ол «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ өз порталында, еліміздегі ірі квазимемлекеттік компаниялары қолданатын Geoserver бағдарламалық жасақтамасының осалдығы мен басқа да проблемалары туралы хабарлағанын, тиісті заңмен қорғалмаса Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігіне қауіп төніп тұрғанын айтты.

«Осыған байланысты бұл салада бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органды заңнамалық деңгейде айқындау аса маңызды және қажет деп санаймын», – деді.

Егер заң қабылданса, дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті орган ретінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі танылып, оған деректер және оларды қорғау туралы заңнаманың сақталуын мемлекеттік бақылаудың қосымша функциясы беріледі.

Сонымен бірге бұл заңға байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, Кәсіпкерлік, Еңбек және «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 10 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.

Ал Цифрлық активтерге қатысты заңға цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жетілдіру бағытында лицензиядан айыру, оның қолданысын тоқтата тұру және қайта бастау рәсімі енгізілмек.

Осыған дейін, депутат Нұртай Сабильянов дербес деректерді қорғауда мемлекеттік бақылау болмағандықтан, көптеген азаматтың жеке деректерінің заңсыз таралу жағдайы жиі тіркелетінін айтқан. Ол мысал ретінде медициналық ақпараттық базасынан, Бас прокуратураның  ақпараттық жүйесінен мәліметтердің таралып кету жағдайын келтіріп, заңға өзгеріс енгізу осындай келеңсіздіктердің алдын алуға көмектесетінін алға тартып, заңның енгізілуін қолдаған.

Цифрлық даму министрлігі қазан айының аяғында азаматтардың құпиялылығына және олардың дербес деректерінің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірген 8 Telegram-бот бұғатталғанын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз