Сенатор харассмент мәселесін көтерді: Қазақстан зорлық-зомбылық пен харассментті жою туралы конвенцияға қосыла ма?

Жарияланды
Фото: gov.kz

Қазақстандаға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты және Талдықорғандағы зорлау оқиғасынан кейін, депутаттар бұл мәселені жиі көтере бастады. Сенатор Дархан Қыдырәлі Қазақстанның Халықаралық еңбек ұйымының еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен харассментті жою туралы конвенциясын ратификациялауды ұсынып, премьер-министрге сауал жолдады.

Қоғамды тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі айрықша алаңдатып отырғанын алға тартқан депутат соңғы үш айда елімізде осы саладағы заң бұзушылықтың 4 есе артқанын айтады.

«Әдепсіз әрекеттер әдетке айналып барады. Кейбір азаматтар өзгелерге түрлі деңгейде тиісу, дөрекілік таныту, зәбір көрсету, қысым жасауды қалыпты жайт ретінде қабылдайды. Қылмыстың кез-келген түрін ақтауға болмайды. Озбырлық түбі – ойран. Сондықтан заң бұзушылыққа мүлдем төзбеу, зорлық-зомбылыққа ымырасыз болу мәдениетін дамытуымыз қажет. Бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын тұрақты өткізу, үлкен ұжымдарда жауапты арнайы қызметті бекіту қажет деп ойлаймыз», – дейді депутат.

Ол, осыған орай, БҰҰ мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірігіп жүргізген «ҚР еңбек саласындағы харассмент және зорлықтың деңгейінің негізгі себептерін» зерттеуінен статистикалық мәліметтер келтірді.

Ол Зерттеулерге сәйкес респонденттердің жартысынан астамы Қазақстанда жұмыс орнында харассмент пен зорлықтың бар екенін растаған. Харассментке ұшырағандардың 57,6%-ы бұл фактілердің бірнеше рет орын алғанын атап өткен.

Бұл орайда, харассменттің белгілі бір тұлғаға физикалық қана емес, ментальды және эмоциялық қысым көрсету екенін ескеру қажет. Зерттеуге сенсек, харассмент жағдайларының 41%-ы жұмыста, 38%-ы корпоративтік іс-шараларда жиі тіркеледі екен.

«Азаматтардың уақытының көп бөлігі жұмыс орнында өтетінін ескерсек, бұл алаңдарлық жайт. Елімізде харассменттің алдын алатын заңның болмауы да үлкен мәселе. Жазаланбай жеңіл құқтылатынын білетіндер түрлі жүгенсіздікке барады, қылмысты қымсынбай жасайды. Сондықтан қорғансыздың күнін кешпес үшін азаматтарымызды зорлық-зомбылықтан қорғайтын заңнаманы күшейту кезек күттірмейді. Заң үстемдігі салтанат құратын әділетті Қазақстанда кез-келген жастағы немесе жыныстағы адам өзін кез-келген жерде қауіпсіз әрі жайлы сезінуге тиіс. Халықаралық еңбек ұйымының еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен харассментті жою туралы конвенциясы бар. 2019 жылғы 21 маусымда қабылданған конвенцияны әлемнің 19 елі ратификациялаған. Қазақстанның құжатқа қосылғаны маңызды қадамдардың бірі болмақ», деп атап өтті депутат.

Сонымен қатар депутат жыл сайын БҰҰ-ның 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында зорлық-зомбылыққа қарсы өткізетін 16 күндігіне қосылуын да маңызды қадам деп санайды.

Артынша Жанна Асанова да әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесін көтеріп, Әлихан Смайыловқа сауал жолдады. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылық қатаң жазалануы керектігін айтып, зорлау фактісіне қатысы бар адамдардың болашақта орналасу мүмкіндігін шектеуді сұрады.

Сондай-ақ оқыңыз