Еліміздің ең ірі екі мегаполисінде ақылы автотұрақтардан түсетін ақша қайда жұмсалады?

Жарияланды
Жылжымайтын мүлік бөлімінің редакторы
Мегаполистердегі автотұрақ ақысы қайда жұмсалады? / kursiv.media

Алматыда ақылы автотұрақ бағасы қымбаттауы мүмкін бе? Еліміздің ең ірі екі мегаполисінде ақылы автотұрақтардан түсетін ақшаға кімдер ие және бұл қаражат қалай бөлінеді? «Курсив» ұсынған бүгінгі шолу осы мәселелер төңірегінде.

АСТАНА

Ағымдағы жылға сай соңғы мәліметтерге көңіл бөлсек, Астанадағы 7 мыңнан астам ақылы автотұрақ төлемдерінен Елорда бюджетіне 35 млн теңге түскен. 2023 жылдың соңына дейін біржарым айдай уақыт барын ескерсек, бұл түсім – 2022 жыл бойындағы (18 млн теңге) көрсеткіштен екі есе жоғары екенін байқай аламыз. Ал автотұрақ ережелерін бұзғаны үшін салынатын айыппұл көлемі әлдеқайда жоғары: 2023 жылы 1,1 млрд теңгені құраған.

Серіктестік дәрежесі тең емес…

Елордадағы ақылы автотұрақтар бизнесі мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде құрылған.

«Астана қаласында ақылы автотұрақ кеңістігін құру, пайдалану және басқару» жобасы 2017 жылдың басында «Астана көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС тарапынан ұсынылды. Компания Елордада 10 мыңдай ақылы автотұрақ салып, іске қосу арқылы көлік құралдарының жол бойындағы аялдау және тұрақтау ережелерін бұзушылар мен сұранысқа ие орындарда ұзақ уақытқа тұрақтаушылар санын азайту жолдарын ортаға салды.

2018 жылдың қарашасында аталған серіктестік пен Астана әкімдігі мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізіндегі келісімге қол қойды. Оған сәйкес жеке кәсіпорын автотұрақ «қалталарын» жабдықтап, қала ішіндегі автотұрақтарды өз басқаруына алуы тиіс-тін. Сөйтіп, «Астана көлік тұрағы кеңістігі» ерекше құқық иеленіп, келісім аясындағы 20 жылдың ішінде (2038 жылдың қарашасына дейін) Астана әкімдігі бұл тұрғыдағы жобаларға өзге серіктестерді қатыстыра алмайтын болды. Ал ақылы автотұрақтардан түсетін кірісті екі тарап былайша бөлісетін болып келісті: алғашқы төрт жылда (2022 жылдың қарашасына дейін) кірістің 95%-ын жеке сипаттағы серіктес алады да, әкімшілік тек 5%-ға ие болады. 2022 жылдың желтоқсаны мен 2038 жылдың қарашасы аралығында бюджет үлесі 25%-ға дейін ұлғаяды, бірақ, ақылы автотұрақтардан жиналатын төлем көрсеткіші ең жоғары дейтін кіріс түсімінің 70%-нан жоғары шықса ғана. Егер бұл талаптың орындалуы мүмкін болмаса, онда әкімдік үлесі 20%-ды құрайды.

Қарым-қатынас мәз емес…

Әйтсе де, жеке кәсіпорын тарапынан тікелей мүдде болғанына қарамастан, серіктестер қол қойғаннан кейінгі бес жылда Астанада 2022 жылға дейін деп жоспарланған 10 мың автотұрақтың 500-і ғана құрылған. Әлеуметтік толқулардан қауіптенген әкімдік ақылы автотұрақтар тізімі бар қаулыға қол қоюды үш жылдай кешіктірген. Және бұл негізсіз де емес еді: аталған жобаны жүзеге асыру барысында қала жұрты мен бизнес тарапынан оған қарсы наразылық туындап жатты.

«Бұл жоба қала ішіндегі автотұрақ тапшылығын шешіп бере алған жоқ, өйткені автотұрақ орындары қолданыста бар инфрақұрылым негізінде құрылды, яғни автотұрақ желісі кеңейтілген жоқ. Ақылы автотұрақ орындарының басым бөлігі тұрғын үйлер жанында белгіленген, өз кезегінде, бұл тұрғындардың қолжетімділік деңгейін айтарлықтай төмендете түседі», – дейді «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ жобаларды зерттеу және бағалау департаментінің мамандары.

«Жаңадан ақылы автотұрақ орындарын құру туралы жоба сауда және бизнес орталықтарының меншік иелері мен басқарушылары тарапынан біраз наразылық тудырды. Бұл түсінікті де: олардың иелігіндегі ғимараттардың алдында ақылы автотұрақ қолдану – келушілер трафигін азайтып, жалға алушылардың қызығушылығын төмендетіп жіберуі мүмкін ғой», – дейді астаналық коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Айнұр Бүркітбаева.

«Күнделікті көріп жүргеніміздей, тегін автотұрақтар жоқ жерде жүргізушілер өз көліктерін жол бойында қалдырып, бұл тұрғындар үшін қолайсыздық тудырады әрі жол бойында да бейберекетсіздік орнайды», -деп қосады өз тарапынан коммерциялық жылжымайтын мүлікті басқару жөніндегі сарапшы, девелопер Қайрат Көкенов.

Ойламаған жерден қалыптасқан шиеленісті сейілту үшін әкімдік, тіпті, мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізіндегі келісімді сот арқылы бұзуға да әрекеттенді. Алайда, жобаның жекеше серіктесі де қарап қалмады – ол да сотқа жүгініп, келісімдегі шарттарды орындау бойынша әкімдіктің әрекетсіздігін заңсыз деп тану туралы қарсы талап қойып, 2021 жылдың мамырында жеңіп шықты. Бұдан кейін (2022–2023 жж.) Елордадағы ақылы автотұрақ орындарының саны 7218 деп бекітілді.

«Жобаны жүзеге асыру бырысы әрі қарай жалғасуда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізіндегі келісім аясында ақылы автотұрақтар санын 10 мыңға дейін ұлғайту жоспарда бар», – деп хабарлады «Курсивке» Астана әкімдігінде.

Бірақ бизнес өкілдері бұл жобаға бәрібір наразы, оның басты себебі – әкімдік пен жеке серіктес арасындағы келісімнің шарты дегенге келіп тіреледі.

«Қала ішіндегі кептелістер мен бейберекетсіз автотұрақтар мәселесін шешу үшін дамыған елдердің ірі мегаполистеріндегідей – кәсіпкерлік қызмет орындарында көп деңгейлі автотұрақтар салып, туристік нысандарда сараланған тарифтер белгілеу мүмкіндігін ойластырса болады ғой. Бірақ біздің шенеуніктер жаңа ізденістің орнына, бұрыннан жабдықталған автотұрақтарды көк түспен белгілей салып, ақша тапқанды жөн көрген. Және де бұл арада табыстың 75%-ы жеке серіктестің қалтасына түседі. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын қаржыландыру әдісі де қызық: жобаның жеке серіктесі оған өз қаражатының 1%-ын салады да, қалған 99% – бұл жеңілдетілген пайыз негізіндегі қарыз қаражаты», – деп кейиді QazProperty қауымдастығының өкілі.

Наразылыққа түрткі болған тағы бір себеп – жеке серіктестің келісімшарт бойынша міндеттемелері.

«Құру» және «эксплуатациялау» [автотұрақтарды – K] дегенде жол бойын белгілеу, программалық қамтамасыз етуді әзірлеу және төлем алу құрылғысын орнату ғана меңзелген. Мұның ішінде асфальттау, жөндеу, қардан тазалау сынды мәселелер ескерілмеген. Жеке серіктес өз сайтында, жер мемлекеттік болған соң, қызмет көрсету жұмыстарымен коммуналдық қызметтер айналысуы тиіс деп көрсеткен», – деп жалғастырады QazProperty өкілдері.

Айтпақшы, екі жыл бұрын «Астананың автотұрақ кеңістігі» құрылтайшыларының қатары мейлінше өкілетті болып көрінген-ді: онда Тіленді Қуғабаевты («Жасыл Жер» ЖШС арқылы), Шыңғыс Досыбаевты, Қайрат Бисембаевты және Ержан Төлеубековты («ДТМ-2021» ЖШС арқылы) байқай алғанбыз. Мемлекеттік кәсіпорындар реестріндегі деректерге сай, Тіленді Қуғабаевпен аттас азамат ҚР парламенті мүшелеріне арналған қызметтік баспананы қолданысқа беруге жауапты компанияның басшысы, Ержан Төлеубеков – «Kazakhstan Engineering» ҰК» АҚ тәуелсіз директоры және директорлар кеңесінің мүшесі, кезінде  «Цеснабанк» АҚ және «Астана Капитал Инвест» АҚ (2018 жылы банкротқа ұшыраған) басқармасының төрағасы болған. Қайрат Бисембаев – жарнама агенттігінің және SatLogistics көлік-логистикалық компаниясының тең құрылтайшысы. Бүгінгі таңда акционерлер қатарында тек «Астана көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС-ның тікелей басшысы Шыңғыс Досыбаев қана қалған.

Айналым көрсеткіші алты есе

Астана әкімдігінің өкілдері, ақылы автотұрақтар бірқатар стратегиялық мәселелерді шешіп береді дегенді алға тартады, мысалға, автокөлік трафигін реттеу, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздік деңгейін арттыру деген сияқты.

«Ел астанасында ақылы автотұрақтар қолданысқа енгізілгелі автотұрақтар айналымы 6 есе ұлғайып өсті, жол бойында аялдап, тоқтау уақыты, орташа есеппен алғанда, 40 минуттан аспайды. Көлік құралдарының жол бойындағы аялдау және тұрақтау ережелерін бұзу көрсеткіші 30%-ға дейін төмендеді. Нәтижесінде – қала көшелерінде жолаушыларды және көлік құралдарын өткізу қабілеті артып келеді», – деп сендіреді Астана әкімдігінің Жол қозғалысы қауіпсіздігі және көлік инфрақұрылымы бөліміндегілер.

Аталған мекеменің мәліметінше, Астанада бір күн ішінде автотұрақтар 5%-дан 60%-ға дейінгі деңгейде, ал жол бойындағы қарбалас сәттерде – 80%-ға дейін толып қалады.

«Ақылы автотұрақтар жобасы қала ішіндегі автотұрақтардың толу көрсеткішін арттыруға бағытталмаған. Керісінше, бұл арадағы басты мақсат – ақылы автотұрақтарды босатып, оларға деген қолжетімділікті қамтамасыз ету. Бұл жоба жүзеге асырылмай тұрып, жол бойындағы қарбалас сәттерде автотұрақтақтардың толу көрсеткіші 100%-ға дейін жететін», – деп қосады ресми мекеме өкілдері.

Әкімдік мәліметінше, 2022 жылы ақылы автотұрақтардан қала бюджетіне 18 млн теңге кіріс түскен (әкімдік ақылы автотұрақтардан түсетін табыстың 5%-на иелік еткен). Ал 2023 жылғы көрсеткіш 35 млн теңге, бірақ жыл соңына дейін әлі уақыт бар (әкімдіктің үлесі 20%–25%). 2022 жылы айыппұлдар негізінде бюджетке, жалпылай алғанда, 1,3 млрд теңге түскен, биылғы көрсеткіш әзірше 1,1 млрд теңге. Жиынтық түрде алғанда бұл кірістер түгелдей Астана бюджетінің шығыс бөлігін құрайды және қаланың инфрақұрылымын дамытуға да, халыққа арналған әлеуметтік төлемдерді жасақтауға да бөлінеді.

АЛМАТЫ

Ақылы автотұрақтардан оңтүстік астана бюджеті қандай сомаға толыға қоятыны әзірше белгісіз – биыл көктемде коммуналдық меншікке қайтарылған алматылық автотұрақтар өз жұмысын екі ай бұрын, яғни 11 қыркүйекте қайта жандандырды және қазір тек Медеу ауданында ғана. Өзге аудандардағы ақылы автотұрақтарға қатысты әкімшілік жұмыстарын қала әкімдігі жыл соңына дейін қолға аламыз деп отыр. Алматы әкімдігінің мәліметінше, бұған дейін жеке серіктестердің бұл тұрғыдағы жылдық айналымы, орташа есеппен лалғанда, 1,4 млрд теңгені құраған.

Анығы да, тұнығы да байқалмады

Жеті жыл бұрын – үстеріне лас кеудеше киген (онда қандай да бір айрықша белгісі де жоқ), қолдарына кассалық аппарат та ұстамаған әлдебір түсініксіз «көмекшілер» Алматыдағы бірқатар автотұрақ «қалталары» мен жол жиектерін өз қалауынша «бақылауға» алып, әрекет етіп жүрді. Бірақ 2015 жылы оңтүстік мегаполис прокуратурасы  «автотұрақтар төлемінен түскен қаражатты ұрлау» және «көлеңкелі негізде қаражат жинау бойынша көптеген фактілерді» анықтап, тексеру нәтижесінде мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істер қозғалды, сөйтіп, Алматыда бұл салада ашықтықты арттыру жөнінде шешім қабылданды.

2016–2017 жылдары Алматы әкімдігі қаладағы автотұрақтарды ақылы автотұрақтардың бірыңғай операторы A-parking компаниясына берді. Жаяу жүргіншілер жолындағы тұрақтарды (жолдар мен көшелер бойындағы) бақылауға «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС, алаңдық тұрақтарды (ірі базарлардың автотұрақ аймағындағы шлагбаум ескерілген орындар) бақылауға «AlanParking» ЖШС ие болды. Жеке серіктестер өкілінің бірі айтып өткендей, бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында, екі ЖШС да меншік түрінің аралас моделін қолданған: 30%-ы мемлекетке, 70%-ы «RR2» ЖШС атты жеке серіктеске тиесілі деген тұрғыда. Бүгінгі күнге дейін «RR2» ЖШС-ның түпкілікті бенефециары ағайынды Боранбаевтар : үлкені Мұрат және кішісі Қайрат («Алмалы» активтерді басқару компаниясы» ЖШС арқылы).

Алматы әкімдігінің мәліметінше, оңтүстік астанадағы ақылы автотұрақтардың қаржы айналымы бір жылда, орташа есепппен, 1,4 млрд теңгені құрайды. Салық төлеу деректеріне сүйенсек, «RR2» ЖШС үшін ең табысты жыл 2017 болса керек: компания сол жылы 120 млн теңге шамасында салық төлеген. Бірақ одан кейінгі екі жылда төленген салық сомасы 25%-дай, яғни 84–90 һ млн теңгеге дейін төмендеп кеткен. Осы тұста қала әкімдігі – мегаполис көшелеріндегі автотұрақтарға көлік иелері төлеп жатқан қаражатты өз тарапынан бақылауға алып, қадағалап отырмайтындарын мәлім етті, ал бұл дегеніңіз – қаланың бес ауданындағы (Алмалы, Бостандық, Жетісу, Медеу, Түрксіб) 12 мыңға жуық тұрақ орындары мен Алатау, Бостандық, Жетісу аудандарындағы 12 автотұрақтан түсетін төлемдер.

2019 жылы Алматы қаласының қаржы басқармасы тендер арқылы жеке серіктеске «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС-нің мемлекеттік үлесін (30%) 75,9 млн теңгеге сатып жібермек болды, бірақ прокуратура тендер нәтижесіне наразылық танытты. Ал «AlanParking» серіктестігіндегі мемлекеттік үлесті жекеменшік компанияға беру бойынша мәселе туындаған жоқ – 2021 жылдың желтоқсанында «RR2» ЖШС компаниядағы 30% мемлекеттік үлесті бағаны төмендету негізіндегі аукционда бар болғаны 5,1 млн теңгеге сатып алды (аукционда белгіленген бастапқы құн 122 млн теңге болатын).

«Мемлекеттік үлесті жекешеменшік ортаға беруден ақылы автотұрақтардың жұмысы өзгермейді. Біз саудаға дейінгідей – автотұрақтарды ашық та тиімді жолмен басқаруды қамтамасыз ететін боламыз», – деп мәлімдеді сонда «AlanParking» ЖШС директоры Мұхтар Базарбаев.

Алайда, арада бір тоқсан өте, яғни 2022 жылдың сәуірінде Мұхтар Базарбаев пен «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС директоры Марат Принбеков ірі көлемдегі бюджет қаражатын (436 млн теңге) жымқырды деген күдікпен қамауға алынды. Бұдан бір ай бұрын дәл осындай күдікпен Қайрат Боранбаев ұсталса, шілдеде Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қалалық департаменті «қылмыстық істің басты фигуранты және қылмысты ұйымдастырды» деген күдікпен оның ағасы Мұрат Боранбаевқа қатысты халықаралық іздеу салатынын жария етті.

Атымтай жомарт

Сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдары барысында A-parking ісіне қатысы бар фигуранттар мемлекетке келтірілген залал шығындарды толығымен өтеді. Оның сыртында, компания қожайындары қала әкімдігіне «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС бойынша 70% үлесті, ал «AlanParking» ЖШС бойынша 100% үлесті коммуналдық меншікке қайтарып беретінін мәлім етті: әкімдік мұндай жомарт ұсыныстан бас тартқан жоқ.

«Курсив» жолдаған сұраққа жауап берген Алматы қаласы мобильділік басқармасының мамандары, программалық қамтамасыз ету, almaty-parking. kz сайты мен мобильді қосымшасы қалаға өзіндік сыйлық ретінде тарту етілгенін де хабардар етті. Мұндай емеурін «АйЭс Телеком» (құрылтайшысы – ресейлік Интермобилити компаниялар тобы) тарапынан 2023 жылдың наурызында жария етілген-тін.

Бүгінде Алматыдағы автотұрақтар қала меншігіне қайтарылып, бірыңғай оператор ретінде – шаруашылық жүргізу құқығындағы «Алматы паркинг» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны құрылған. Ақылы тұрақтардың әкімшілік реттеуін жаңа оператор – жерге қатысты тиісті құжаттарды әзірлеуге сай, кезең-кезеңімен енгізуде. 11 қыркүйекте ақылы тұрақтарды бірінші болып іске қосқан Медеу ауданы. «Алматы паркинг» жыл соңына дейін өзге аудандарда да автотұрақ жұмыстары жанданады деп уәде етті.

Алматыдағы атотұрақ құны өзгермейді, бұрынғысынша сағатына 100 теңге болып қала береді, тек Көк базар аумағындағы тариф 1,5 есе жоғары – сағатына 150 теңге. Автотұрақ төлемдерінен түсетін кірістің бір бөлігі (Алматы әкімдігінің 2020 жылдың 21 қыркүйегіндегі №3/377 қаулысына сәйкес сомасына қарай 5%-дан 50%-ға дейін) «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша аудандық әкімдіктер арасында бөлінеді. Айыппұлдардың ақшасы түгелдей қала бюджетіне түсетін болады.

Ал алдағы жоспарлардың арасында, қала ішіндегі жеңіл металл құрылымдарынан жасалған гараждарды жою, көп деңгейлі автотұрақтар салу және Алматыда жүк көліктерін қоятын аумақтарды анықтау сынды мәселелер көзделген.

«Кәсіпорын 2024 жылға дамыту жоспарын әзірлеп қойды. Біз «Сайран» автовокзалы мен «Тигрохауд», «Арыстан», «Сарыарқа» базарларының аумағындағы, Момышұлы көшесіндегі, «Тастақ» базары мен Рысқұлов және Сейфуллин даңғылдары маңындағы кептелісі шектен тыс дейтін жол тораптарын және метро станциялары тұрақтары мен өзге де аумақтарды зерттедік. Тұрғындардың қала ішінде капиталды тұрақтар жетіспейді деген ұсынысымен таныстық, әсіресе, Егізбаев көшесінде (Розыбакиев көшесі), Қазақфильм және Жетісу шағын аудандары мен Медеу және Алмалы аудандарында. Капиталды тұрақтар салу үшін жер учаскесін бөлу жөнінде қала әкімдігіне тиісті ұсыныстар дайындап бастадық. Сондай-ақ, жерді тиімсіз пайдалану жағдайларын ескере отырып (әсіресе, жеңіл металл құрылымдарынан жасалған гараж типті тұрақтарды есепке алып), кәсіпорын жеке меншіктегі автотұрақ иелерімен оларды модернизациялау жөнінде келіссөздер жүргізуде», – деп мәлімдеді «Алматы паркинг» өкілдері «Курсивке».

Сондай-ақ оқыңыз