Назарбаев қайғысына ортақтасқан көпшілікке алғыс айтты

Жарияланды
Назарбаев қайғысына ортақтасқан көпшілікке алғыс айтты / shutterstock және wikimedia commons

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев інісі Болат Назарбаевтың қайтыс болуына орай көңіл айтқан адамдарға алғысын жеткізді.

«Інімнің мезгілсіз қайтыс болуына орай айтылған жылы сөздер мен шынайы тілектеріңізге ризашылығымды білдіремін. Осындай ауыр сәтте сіздердің көрсеткен қолдауларыңыз маған күш-қуат берді», – делінген Назарбаевтың ресми сайтында жарияланған үндеуде.

Экс-президент інісінің ұзақ жылдар бойы ауырғанын, алайда жақын адамдарына қиналғанын білдіртпей жүргенін айтқан.

Сонымен қатар, ол өз қайғысына ортақтасқан бірқатар ел басшылары мен саясаткерлерге алғысын жеткізді.

«Соңғы күндері бірқатар елдің басшыларынан көңіл айту жеделхаттарын алып жатырмын. Сондай-ақ, маған еліміздің саяси және қоғам қайраткерлерінен, депуттатар мен дипломаттардан, діни қызметкерлер мен бизнес қоғамдастық өкілдерінен, сондай-ақ көптеген қазақстандықтардан хаттар келіп түсті», – делінген үндеуде.

Осыған дейін Назарбаевтың ресми сайты экс-президентке бірқатар ел басшылары мен белгілі саясаткерлер көңіл айтқаны туралы ақпарат жарияланған. Олардың қатарында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Әзірбайжан президенті Илхам Әлиев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, БАӘ премьер-министрінің орынбасары шейх Мансур бен Заид Әл Нахаян, Татарстан басшысы Рүстем Минниханов, ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов бар.

71 жастағы Болат Назарбаевтың 13 қарашада Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханада қайтыс болған. Ақорда президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтқаны, жерлеу рәсіміне бармайтыны туралы ақпарат таратқан.

Сондай-ақ оқыңыз