Байден АҚШ үкіметін қаржыландыру туралы заңға қол қойды: Украина мен Израиль қолдаусыз қала ма?

Жарияланды
байден
Байден АҚШ үкіметін қаржыландыру туралы заңға қолды / reutersconeect.com; shutterstock; pexels

АҚШ президенті Джо Байден үкіметті уақытша қаржыландыруға арналған заң жобасына қол қойды. Жобада Украина мен Израильге көмек көрсету қарастырылмаған. 

Associated Press хабарлауынша, заң жобасы ұзақ мерзімді жоба қарастырылып жатқан кезеңде мемлекеттік қаржыландыруды қалыпты жағдайда сақтауды көздейді. Мұнда соғыс ардагерлерін қолдау, транспорт, әскери құрылыс, энергетика және өзге де салаларға қаржы бөлу туралы жазылған.

Алайда Ақ үйдің Израиль мен Украинаға әскери көмек көрсетуге $106 млрд бөлу туралы ұсынысы кірмей қалған. Бұған қоса, палестиналықтарға гуманитарлық көмек көрсетуде қарастырылмаған.

Бұл жоба уақытша әрі 3 ай ішінде орындалуға тиіс. АҚШ үкіметін қаржыландыруға арналған ұзақ мерзімді жоба әзірге талқылау үстінде. Онда Израиль мен Украинаға әскери және палестиналықтарға гуманитарлық көмек енуі мүмкін.

Айта кетейік, осыған дейін АҚШ өкілдер палатасы аталмыш заң жобасында Украинаға емес, тек Израильге көмектесуді көздеп, жобаны қабылдағанын жазғанбыз. Алайда конгресс пен президент Джо Байденнің жобаға қарсылық білдіріп, оған вето қоюға мүдделі екенін хабарлағанбыз.

7 қазан күні Газа аумағында билік құрып келе жатқан «Хамас» ұйымы Израильге шабуыл жасады. Кейіннен Израиль әскерилері «Хамас» ұйымының шабуылына жауап ретінде арнайы операция бастады.

2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украина аумағына басып кіріп, толыққанды соғыс бастады. Осы күнге дейін АҚШ пен Еуропа одағы Украинаға қаржылай және әскери көмек көрсетіп келеді.

Сондай-ақ оқыңыз