Атырау облысында ТШО-ға тиесілі кен орнында мұнай төгілді

Жарияланды
Фото: kursiv.media

12 қарашада «Теңізшевройл» компаниясына тиесілі жерасты желісінде мұнай төгілген. Бұл ақпаратты компанияның баспасөз қызметі растап, оқиғаға байланысты түсініктеме берді.

«Қарашаның 12-сі күні Теңіз кен орнында мұнайдың ағуы анықталды. «Теңізшевройл» мекемесінің жедел тобы оны оқшаулау үшін шұғыл шаралар қолданды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының қауіпсіздік шаралары мен ережелеріне сәйкес тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлық жауапты органдарға тиісті түрде хабар берілді. ТШО қалыпты жағдайда жұмысын жалғастырып жатыр»,- делінген баспасөз хабарламасында.

БАҚ-та тараған ақпаратқа сәйкес, апат мұнай резервуарлары мен газ өңдеу зауытының кешенді технологиялық желілері арасында, жерасты желісінде болған. Шамамен 50 текше метр мұнай төгілгені айтылады. Бұл көлем шамамен бір вагон мұнайға тең.

Мұнайдың төгілуі салдарынан экологияға қаншалықты зиян келтірілгеніне қатысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі де, Атырау облыстық экология департаменті де түсініктеме берген жоқ.

Осыған дейін Батыс ғалымдары Қаратұрын кен орнында метанның көп ағып кеткенін анықтаған болатын. Француздық Кayrros SAS геоаналитикалық фирмасының хабарлауынша, спутниктер бір айда кем дегенде тоғыз рет Қазақстан аймағынан атқылаған метан бұлттары байқалған. Кайростың бағалауы бойынша, жерсеріктік деректер негізінде кен орнынан шығатын шығарындылардың жылдамдығы сағатына 35-тен 107 метрикалық тонна метанды құрайды

Сондай-ақ оқыңыз