Түркістандағы «Керуен Сарайдың» базары ерте тарқады ма, бос тұрған сауда орындары неге көп?

Жарияланды

Қарқыны қатты, жоспары жойқын болып ашылған көпфункционалды «Керуен Сарай» туристік кешені екі жарым жыл өтсе де, толық қуатында жұмыс істей алмай отыр. 

Қарашаның сенбі күні болса да Түркістанның басты туристік нысандарының бірі – «Керуен Сарайында» адам қарасы аз. Біреулер сауда жасап жүрсе, басқа біреулер сауда орталығының әдемі жерлерінде суретке түсіп, құр серуендеп жүр. Бұл жердің басты қызығы – шағын көл мен орталықтағы жартылай дөңгелек алаңда. Ал сауда орталығының екінші қатарынан ешкімді көрмейсің. Ол жердегі сауда павильондар әлі күнге дейін қаңырап бос тұр, көбісі – сол бастапқы берілген қалпында. Жақын маңда орналасқан тамақтану орындарында да адам аз, жұмыс істеп тұрған алты мекемеге жеті бос орыннан келеді.

2021 жылдың сәуірінде ашылған Орталық Азиядағы ең үлкен туристік кешен «Керуен Сарай» өңірге туристер мен инвестиция тартатын орын болу керек еді. Қазақстан нарығы үшін ерекше бастаманың тиімді және қымбат болғаны, сөзсіз. Жобаны жүзеге асыруға 87 млрд теңге жұмсалды, оның 40 млрд-ы Қазақстан даму банкі арқылы 20 жылға қарызға алынды, ал қалған 47 млрд-ты қазақстандық KIDF тікелей инвестициялар мемлекеттік қоры мен FTG түрік компаниясы салды. Келісім 2024 жылға дейін Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту кешенді жоспарының аясында жасалған болатын.

2022 жылға дейін сауда алаңдары 90-100% толады деп жоспарланған. Алайда 2,5 жыл өтсе де, кешеннің толық толғанын көріп отырған жоқпыз.  

Көзсіз шығын 

«Курсив» кешен құрылысы басталғаннан бері сарай «өмірін» бақылап келеді. Редакция мүшелері «Керуен Сарайына» жыл сайын барып, ондағы үлкен өзгерістерді тіркеп отырды. Сауда орталығындағы кейбір бутиктер ашылғаннан бері жұмыс істеп тұр, ал кейбіреуі бір жылдан кейін жабылып қалды. Сондай-ақ жақында ғана ашылғандары бар. Алайда олардың барлығы бірінші қатарда жұмыс істейді. Екінші қатарда орналасқан сауда орындарында осы уақыт ішінде ешкім тұрақтап қалмады.

Жалға беру құны ашық айтылмайды. Кешен әкімшілігі редакцияға берген ресми жауабында: «Кешен екінші қатарда орналасқандарды қоса алғанда аудан көлеміне, жалға алу ұзақтығына және басқа да факторларға қарай жалға алудың икемді және жеке шарттарын ұсынады. Шарт екі тарап үшін ашықтық пен өзара тиімді ынтымақтастық жасауды қамтамасыз етеді. Қазақстан заңнамасын ескере отырып, тараптардың бизнес-мәліметтерінің құпиялығын сақтау мен мүддесін қорғау үшін кешен жалға алушымен арадағы келісім-шарт талаптарын жария етпеуді қатаң сақтайды», – деп мәлім етті.

Дегенмен орын-жайларды жалға беру бөлімі («Курсив» журналисі былтыр күзде  сатып алушы ретінде келген) жалға алу құны іс жүзінде «Хан Шатыр» СОО төлемімен бірдей екенін айтты. Тағы бір айтарлығы, сауда жақсы жүретін тек жазғы маусымға ғана келісім-шарт жасауға болмайды. Жалға алудың ең аз мерзімі – бір жыл, яғни туристер азайып, сауда мардымсыз болған кезге де төлеу керек болады. «Керуен Сарайына» қарағанда «Хан Шатырға» адамдар қысы-жазы үздіксіз келеді. Сонымен қатар жалға алу құнына жөндеу жұмыстарына жұмсалатын шығынды қосу керек, өйткені барлық орын-жай бастапқы күйінде беріледі. Кешен қызметкері жөндеу жұмысының арзан болмайтынын бірден ескертті, себебі орын-жайлардың биіктігі жеті метр.  

Жалға беру бөлімі қызметкері жалға алу құнының қымбат болуын кешенді ұстап тұру үшін кететін шығынның көптігімен (несие берушілер мен инвесторлар алдындағы міндеттен басқа) түсіндірді. Ғимаратқа тек бір көз тартарлық жарық берудің өзіне миллион теңге кетеді, оған қоса қызметкерлерге төлейтін жалақы бар. Ал қызметкерлер саны жазғы уақытта 500-ге дейін жетеді.   

«Бұған қоса кешен аумағын жақсартуға көп күш пен ақша жұмсалады. Бірнеше жыл бұрын бұл жер қу дала болып, бір ағашта өспейтін. Ал қазір бұл жерде өсімдіктің сан алуан түрі өседі, оның ішінде арнайы Түркиядан әкелінгендері де бар. Оларға ерекше күтім қажет», – деді кешен қызметкері.

Барлығына бірдей жетпейді

Жалға алушылардың «Керуен Сарайға» келмеуінің екінші бір себебі – ірі брендтер үшін аудирторияның аздығы болып отыр. LC Waikiki киім дүкендер желісі сауда-ойын-сауық кешені ашылған күннен бастап жұмыс істеп келеді. Компаниядағылар бұл жоба өздері үшін тиімді болғанын, бірақ та түсетін табыс маусымға қарай, бір айда кіріс көп болса, келесі айда болмай қалуы мүмкін екенін айтады. Жалпы жыл қорытындысы бойынша дүкеннің табысы жоғары. Сауданың қызуы қалада өтетін іс шараларға байланысты.

«Егер қалада қандай да бір іс шара өтетін болса, сауда да жақсы жүреді. Ал іс шара болмаса, онда өлі тыныштық орнайды. Жыл бойы сауда тұрақты болатын басқа дүкендерімізбен салыстырғанда, бұл жерде келушілердің негізгі ағыны жазғы туристік маусымда болады», – деді LC Waikiki-ің өңірлік өкілі Нұрдос Оспанов.

«Керуен Сарай» шынымен де туристерге тәуелді. Ал жергілікті тұрғындар бұл жерге табыс әкелмейді. Kursiv Research-тың (2023 жылдың бірінші жартыжылдығында жүргізілген) әлеуметтік сауалнамасы нәтижесі бойынша, Шымкент пен Түркістан облысынан сауалнамаға қатысқандардың тек бір пайызы ғана кешенге аптасына бірнеше рет тұрақты келетінін айтқан. Сауалнамаға қатысқандардың 43%-ы аталған туристік нысанға жоқ дегенде бір рет келген, сонымен қатар келгендердің жартысынан көбі ешқандай сауда жасамаған.

Жергілікті тұрғындар мұндай жерлерде сауда жасауға енді үйреніп келеді.

«Бізден туристер де, жергілікті тұрғындар да киім сатып алады. Әсіресе, жергілікті халық біздің ашылғанымызға қатты қуанды. Бұрын біздің брендті сатып алу үшін олар Шымкентке баратын, себебі қаланың басқа сауда орталықтарында біздің бутик жоқ», – дейді Koton киім дүкенінің кеңесшісі.

Koton сауда желісі «Керуен Сарайында» осы жылдың наурыз айында ашылған.

«Кез келген ретейлер үшін халық саны маңызды. Біздің дүкен ауданы 1000 шаршы метр, 150 мың адамға есептелген. Осынша адам келетін болса, дүкен табысты болады. Егер бұл жерге басқа ірі брендтер келетін болса, онда қазіргі сатып алушыларды бөлісуге тура келеді. Ал бұл ешкімге тиімді емес. Тіпті біздің тікелей бәсекелестеріміз бұл жерге келген күннің өзінде оларға сатып алушыларды тарту қиын болады. Себебі клиенттер бізге үйреніп қалды, біздің бағаларымыз жақсы», – деді Оспанов.

«Курсив» журналисінің «Керуен Сарай» үшін бір-бірінен сатып алушыларды тартып алмайтын жалға алушылар пулын жинау тиімді болар еді деген ойына LC Waikiki өкілі: «Болмаса халық санын өсіру керек», – деп күлді.

Кешен әкімшілігінің мәліметіне сүйенер болсақ, сауданың жақсы болуы маусымға байланысты. Мәселен, наурыздан бастап қыркүйекке дейін сарайға күніне 5,7 мыңға дейін адам келеді, ал қазан-ақпан аралығында шамамен 2,8 мың адам келеді екен. Осы орайда, 2023 жылдың басынан бастап барлық кешенге келушілер саны шамамен 1,4 млн  болғанын айту керек. Туристік кешен ашылған кезде оған жыл сайын 300 мыңға жуық адам келеді деп жоспарланған болатын. Жоғарыда келтірілген мәліметтерге қарап бұл көрсеткіш орындалды десе де болады. Бірақ онда неге көптеген сауда орны жалға алушыларды қызықтырмай, үшінші жыл қатарынан бос тұр. Бұл сұраққа жауап ретінде «Керуен Сарай» бірнеше сыртқы факторды келтірді. 

Олардың қатарында халық санының аздығы (2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Түркістанда 225 мың адам тұрған), табыстың төмен болуы (2023 жылы Түркістандағы номиналды жалақы 244 мың), COVID-19 пандемиясының салдары бар. Тағы бір себеп – инфрақұрылымның жетіспеуі. Түркістан жылына 1,5 млн турист тарта алатын Қазақстандағы басым туристік аумақтардың ондығына кіреді. Ал ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенер болсақ, 2022 жылы Түркістан облысында орналасқан орындар тек 253,5 мың келушіге қызмет көрсеткен. «Өңірдің туристік әлеуеті әлі даму кезеңінде және жалға алушыларды толық қанды қызықтыра алмай отыр. Авиабилеттер бағасының арзандауы, Қазақстанның ірі қалалары мен жақын шетелден жаңа әуе қатынастары ашылса, өңірдегі туризмнің дамуына жаңа серпін берер еді. Әуе рейстерінің жеткіліксіздігі мен ұшақ билеттерінің қымбат болуы ішкі туристер ағынының өсуіне кедергі болып тұр», – деп жауап берді компания.

«Керуен Сарайда» жұмыс істеуге деген ынта

Қазір «Керуен Сарай» аумағында екі отель, SPA-орталық, «Сиқырлы керуен» отбасылық-ойын-сауық орталығы, «Алтын Самұрық» театры, киім, аяқ киім, кәдесый сататын бутиктер, бірнеше мейрамхана мен кофехана, супермаркет, дәріхана, сондай-ақ шағын сауда алаңқайлары жұмыс істейді. Бас-аяғы – 40 жалға алушы. Олардың көбісі бір маусымнан артыққа шыдай алмай жатады. Мысалы, соңғы уақытта NAVOIY, Moofeta мейрамханалары, Pandora және Balausa зергерлік брендтері жабылып қалған.

Бизнесті туристік бағытқа тарту үшін 2021 жылы Түркістанда кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдетілген несие берудің Yassy Business арнайы бағдарламасы іске қосылды. Қаржыландыруды облыстық  әкімдік қолдауымен «Ырыс» МҚҰ жасады. Бұл көмек «Керуен Сарай» мен «Экобазар» аумағында жұмыс істейтін бизнесмендерге арналды. Несие жылдық 4%-бен жеңілдетілген кезең бір жылға дейін берілді.

«Ырыс» МҚҰ мәліметі бойынша оларға 26 бизнесмен өтініш берген, оның 11-і жалпы сомасы 204,5 млн теңге болатын қаражат алған.  Оның басым бөлігі, атап айтар болсақ, 9-ы «Экобазарда» жұмыс істейді. ШОБ-тың тек екі өкілі ғана «Керуен Сарайда» жұмыс істеу үшін 65 млн теңге несие алған.   

Сондай-ақ оқыңыз