Димаш Құдайберген Костенко шахтасында қайтыс болған кеншілердің отбасыларына 20 млн теңге көмек көрсетті

Жарияланды (жаңартылды )

Фото: жеке парақшасынан

Әнші Димаш Құдайберген Костенко шахтасындағы апаттан әкелері қайтыс болған, кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар 20 отбасыға 20 млн теңге аударған. Бұл туралы ақын Бауыржан Бабажанұлы facebook желісінде жазды. Оның айтуынша, бұл ақпаратты әншінің әкесі Қанат Айтбаев растаған.

«Қарағандыдағы Костенко шахтасында қаза тапқан 46 азаматтың қайғысы әлі ұмытылған жоқ. Мемлекет те, жеке кәсіпкерлер де олардың отбасына қолұшын созып жатыр. Әйгілі әнші Димаш Құдайберген де бұл сауапты істен сырт қалған жоқ. Ол сол апатта әкелері қайтыс болған, кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар 20 отбасыға кеше 1 миллион теңгеден аударды», – деп жазады ақын.

8 қазанда түнде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Костенко» шахтасында тереңдігі  700 метр жерге өрт шығып, кейіннен метан-ауа қоспасы жарылды. Салдарынан 24 адам зардап шегіп, 46 кенші опат болды.

Бұған дейін Назарбаев қоры қайтыс болған кеншілердің отбасына 50 млн теңгеге қаржылай көмек көрсететіні хабарланған.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевтың айтуынша,  «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы 41 отбасыға кеншілердің 10 жылдық жалақысын төлеген.

Сондай-ақ оқыңыз