Тегі қазақ, ресейлік танымал саясаткер Аман Төлеев қайтыс болды

Жарияланды
 Аман Төлеев қайтыс болды / vk.com/tsivilev

Ресейдің Кемерово облысының губернаторы Сергей Цивилев өзінің Telegram-арнасында Кемерово облысының экс-губернаторы Аман Төлеев қайтыс болғаны туралы хабарлады.

«1997-2018 жылдар аралығында Кемерово облысының губернаторы болған Аман Гумирұлы Төлеев дүниеден озды. Бүкіл өмірін Кузбасс пен Ресейге қызмет етуге арнаған ерекше адам. Бұл орны толмас қайғы. Өңіріміз өмірінің тұтас бір дәуірі Аман Ғұмырұлымен байланысты: ол кеншілер Транссібір темір жолындағы қозғалысты бөгеп, рельске отырып, қиын-қыстау кезеңде оны басқарып, дағдарыстан алып шықты. Кузбастықтардың есінде Аман Төлеевті өз қызметінде әрқашан халық мүддесін бірінші орынға қойған нағыз халық губернаторы ретінде қалады», – деп жазды Кемерово облысының губернаторы.

Төлеев этникалық қазақ. Ол 20 жыл Кемерово облысын басқарды.

2021 жылы «Егемен Қазақстан» басылымына берген сұхбатында ол өзінің тегі, атамекені туралы пікірін де білдірген екен.

«Түрің қазақ екеніңді айғайлап айтып тұрса, алпыс екі тамырыңда қазақтың, оның ішінде адайдың қаны бұлқынып тұрса, өзіңді басқа ұлтқа теңеудің немесе басқа ұлттың қатарына кіремін деп дәмеленудің қажеті жоқ. Балаларым қазақ екенін, адай екенін біледі. Немерелеріме дейін маған ұқсаған қайтпайтын қайсар қазақ. Ата-бабасының шежіресін де біледі. Құрметпен қарайды…Маған жұмақтың төрі қайда десе – қазақ жерінде деп жауап берер едім. Себебі қазақ жерінде әкемнен бас­тап жеті атам­ның сүйегі жатыр», – деген еді Аман Төлеев.

Сондай-ақ оқыңыз