Вьетнамның VietJet Air компаниясы QazaqAir-ді сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр

Жарияланды (жаңартылды )
Qazaq Air-ді кім сатып алады / shutterstock


Шетелдік әуе компанияларының бірі отандық QazaqAir-ді сатып алуы мүмкін. Тиісті келіссөздер басталып та кеткен. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев мәлім етті.


«Біз QazaqAir компаниясын сату және оған халықаралық ойыншы тарту туралы айтып жатырмыз. Әрине, бұл күрделі мәселе. Бүгін тәңертең ғана шетелдік компаниялардың бірімен кездесу өткіздік, жалпы бүгінгі талқылау кезінде ол компания QazaqAir-ді сатып алған жағдайда қосымша 50 жаңа ұшақ жеткізуді жоспарлап отыр», – деді брифингте.

Көлік министрінің айтуынша, вьетнамдық компаниялар тобында жалпы тапсырыс бойынша 200 Boeing және 200 Airbus бар.


«Оның 50-і олар алатын қазақстандық компанияның құрамында болғаны туралы айтып отырмыз. Иә, бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Әрине, компания тек арзан рейстерге ғана көңіл бөліп қоймайды, сонымен қатар олардың Қазақстаннан тыс жерлерге ұшуына біраз қолдау көрсетуді сұрайды», – деді Қарабаев.

Оның айтуынша, әртүрлі нұсқалар талқыланып жатыр. Дегенмен, вьетнам елінің компаниясына басымдық берілуі бек мүмкін.

«Бұл VietJet компаниялар тобы – лоукостер компания. Тәңертең ғана компанияның басқарма төрағасымен келіссөздер жүргіздік. Сондай-ақ Қазақстандағы әуежайлардың біріне инвестиция салу мүмкіндігін талқылап жатырмыз. Басымдық жасалып отырғаны Ақтөбе әуежайы және бұған қоса, әрине, QazaqAir сату», – деді Көлік министрі..

Оның айтуынша, әуе кемесін сатып алу үшін QazaqAir компаниясы «Самұрық-Қазынадан» қарыз алған. Сатып алушы тарап осы берешекті өтеуге тиіс.


«Бұл компания рейстерге қатысты белгілі басымдықтар сұрайды. Әрине, біз нарықты шектемеу үшін қандай да бір ерекше жағдай жасай алмаймыз. Бірақ олар қанша ұшақ сатып алуы керек, қандай қосымша маршруттар берілетінін талқылап жатырмыз», – деп министр келіссөздер әлі жалғасып жатқанын атап өтті.

Айта кету керек, Qazaq Air компаниясын сатып алғысы келетін инвестор 2033 жылға дейін 38 млрд теңге қарызын өтеуге тиіс. «Самұрық-Қазынаның» дамыту және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжанның айтуынша, бұл компанияның бес ұшақ үшін алған қарызы.

Ол 2033 жылға дейінгі кесте бойынша толық төленуі керек (бір транш – 2030 жылға дейін, екіншісі – 2033 жылға дейін). Бірінші транш бойынша өтеу 2024 жылдан 2029 жылға дейін жыл сайын 425 млн теңгеден, 2030 жылы – бірден 13,234 млрд теңгеден өтеді. Екінші транш бойынша өтеу 2024 жылдан 2032 жылға дейін 425 млн теңгеден, 2033 жылы – 18,282 млрд теңгеден жүріп жатыр.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры иелігіндегі компанияларды жекешелендіру бағдарламасы аясында Qazaq Air компаниясын жекенің қолына беруге талпынып жатқанына біраз болды.

Qazaq Air-дің IPO-сы бұған дейін бірнеше рет кейінге шегерілген. «Самұрық-Қазына» әуе компаниясының 2022 жылы жекешелендіру жоспарынан бас тартуын бизнес ауқымының шағын болуымен түсіндірген еді.

Биыл тамызда «Самұрық-Қазына» Qazaq Air АҚ акцияларын тағы сатуға шығарды. Конкурстық өтінімдерді қабылдау 28 қыркүйекте аяқталуы керек еді, алайда Тәуелсіз Кеңесші ұсынысы негізінде бұл мерзім қыркүйек айының соңынан 13 қазанға, сағат 10:00-ге дейін ұзартылды.

Әлеуетті инвесторлар конкурсқа қатысу үшін кепілдік жарна ретінде 173,4 млн теңге салуы керек. Компания акцияларының бастапқы ең төменгі бағасы – 10,2 млрд теңге деп белгіленген.

Сондай-ақ оқыңыз