Жаңалықтар

KMF микроқаржы ұйымы банкке айналуы мүмкін бе?

«KMF» ЖШС микроқаржы ұйымы банкке айналуы мүмкін / Фото: kursiv.media

«KMF» ЖШС микроқаржы ұйымы жарғылық капиталын ұлғайтып, оған қоса ЖШС-дан Акционерлік қоғамға айналып жатыр. Жарғылық капиталы серіктестіктің бүкіл қатысушысы теңдей қосымша салым жасау арқылы 50,8 млрд теңгеге жетпек. Бұл туралы KASE-ге жолданған ақпаратта жазылған.

Бұл шешім директорлар кеңесінің 10 қарашадағы жиналысында қабылданған, Соған сәйкес, енді микроқаржы ұйымының жарғылық капиталы 50 008 939 084 теңгені құрайды.

Сонымен қатар, жиын нәтижесінде KMF резерв капиталы таратылып, бөлінбеген пайда шотына аударылып, сосын ЖШС-нің барлық қатысушысы арасында бөлу туралы шешім қабылданды.

«49 005 435 098 теңге сомасындағы таза табыс Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салық ұсталған соң, дивиденд төлеуге бағытталсын. Серіктестік қатысушылары тізіліміне сәйкес, төлем 2023 жылдың 10 желтоқсанына дейін төленеді», – делінген хабарламада.

the-tenge.kz сайтының жазуынша, жарғылық капиталдың ұлғаюы – микроқаржы ұйымының банкке айналу жолындағы алғашқы қадамы болуы ықтимал. Өйткені ірі МҚҰ-лар банкке айналуы мүмкін деген әңгіме екі жылдан бері айтылып жүр. Екіншіден, банк ретінде тек АҚ ретінде тіркелген мекеме жұмыс істей алады.

KMF акциялары 55 акционерге: 5 заңды және 50 жеке тұлғаға тиесілі. 45 пайыз көлеміндегі негізі бөлігі «KMF-Демеу» корпоративті қорының иелігінде.

Бұған дейін Solva микроқаржы ұйымы дивидент төлеп, банкке айналуға дайындалып жатқаны хабарланған.