Жаңалықтар

Қазақ-қырғыз шекарасында тағы да 500 жүк көлігі тұрып қалды

пробка
Қазақ-қырғыз шекарасындағы кептеліске не себеп? Фото: shutterstock; wikimedia commons

Қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу бекеттерінің бірінде 500 жүк көлігі тағы өте алмай тұр. Қырғызстанның шекара қызметі көлік кептелісіне не себеп болғанын түсіндірді.

Қырғызстанның шекара қызметі мемлекеттік шекараның қырғыз-қазақ учаскесіндегі «Ақ-Тілек» бақылау-өткізу бекетінде көлік құралдары мен жүк көліктері тұрып қалғанын хабарлайды.

«20 қарашада жергілікті уақыт бойынша сағат 11:00-де «Ақ-Тілек» өткізу бекетінің алдында 500 жүк көлігі шекаралық бақылаудан өту үшін кезекте тұр», – делінген хабарламада.

Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің мәліметінше, соңғы тәулікте Қырғызстаннан Қазақстанға 280 көлік шыққан.

«Жүк көліктерінің өткізу пунктінде тұрып қалуы Қырғызстаннан ауыл шаруашылығы өнімдері мен халық тұтынатын тауарлар экспортының артуына байланысты», – делінген хабарламада.

Шекара қызметі мал мен тез бұзылатын өнім тиелген жүк көліктерін бақылау бекетінен кезексіз өткізіп жатыр.

«Қырғыз Республикасы тарапынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі тарапынан жүк көліктеріне ешқандай шектеу жоқ», – деп сендірді Қырғызстанның шекара қызметі.

Тамыз айында осы бекетте 400-ден астам көлік кептелісте қалған. Кезек тосып тұрған жүк көліктерінің жүргізушілері бұл кептелістің себебін су дауымен байланыстырған еді.

Кедендегі көлік кептелісі 20 тамыз күні таңғы сағат 8:00-ден басталған. «Кең-Бұлун-Автодорожный» және «Ақ-Тілек» өткізу бекеттерінде ауыр жүк көліктері қаптай бастаған. Сол күні таңнан кешке дейін небары 15-ке жуық жүк көлігі Қазақстан аумағына өте алған. Мұндай кептелістің себебін біреулер Өзбекстаннан келген көліктен есірткі табылғанымен байланыстырса, енді бірі «қырғыз тарапы су жібермей қойғаны себепті Қазақстан шекарадан көліктерді өткізбей жатыр» деген ақпарат таратқан.

Қазақ-қырғыз шекарасында жүк көліктерінің кептелісіне қатысты мәселеге Еуразиялық экономикалық комиссия араласты.

Ал 26 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайды екі ел арасында қалыптасқан серіктестік және бауырластық қарым-қатынас аясында реттеуді тапсырды.  

Кейін 28 тамыз күні Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан мен Қырғызстанның бақылау бекеттеріндегі жағдайға қатысты түсініктеме берді. Шекара қызметі есірткі заттарды тасымалдау 35 фактісін, 33 қару мен оқ-дәрілер, 20 жалған құжат пайдалану, 36 қос азаматтық, 2 млрд теңгеге жуық сомаға 299 контрабанда фактісі, жалған құжаттарды пайдаланып көлік құралдарын әкелу және әкету бойынша 27 фактті анықтаған. Сондай-ақ көші-қон заңнамасын бұзған 909 адам анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 

Қазан айында қазақ-қырғыз шекарасында тағы кептеліс орын алып, 400-ден аса жүк көлігі тұрып қалды.