Қазақстанда өндіріледі, Ресейде өңделеді: Энергетика вице-министрі сұйытылған газға қатысты жағдайды түсіндірді

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстан Ресейден қандай газ тасымалдайды? / shutterstock и freepik

Энергетика вице-министрі Қазақстан Ресейден өзі өндірген газды өңделген күйінде сатып алатынын айтты. Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов Қазақстан мен Ресей арасындағы газға қатысты қалыптасқан алыс-беріс жағдайын түсіндірді. Ол Орынбордан Қазақстанға жылына қанша тонна сұйытылған газ жеткізілетіні және Қазақстан Ресейден қандай газ сатып алып отырғаны туралы сұрақтарға жауап берді.

«Қазақстан Ресеймен өзінің сұйытылған мұнай газын жеткізу туралы келісімге келді. Еліміздегі сұйытылған мұнай газының тапшылығын жою үшін «ҚазРосГаз» компаниясымен келіссөз жүргізілді. Компания Қазақстанға көмектесуге және келесі жылдың басынан бастап Орынбор мұнай өңдеу зауытынан сұйытылған мұнай газының қажетті көлемін бағыттауға ниет білдірді», – деді Энергетика вице-министрі журналистерге арналған брифингте.

Әлібек Жамауовтың мәлімдеуінше, Орынбордан жылына шамамен 90 мың тонна сұйытылған мұнай газы жеткізіледі.

Қазақстан Ресейден сұйытылған газ сатып алмайтынын нақтылаған Энергетика вице-министрі бұл Ресейге шикізат түрінде өңдеу үшін жөнелтілген, дайын өнім түрінде кері қайтатын газ екенін түсіндірді.

«Орынбор мұнай өңдеу зауытында өндірілетін сұйытылған мұнай газының барлығы қазақстандық өнім. Бұл газдың иесі – «ҚазРосГаз». Бұл импорт емес, бұл біздің өнім», – деді Әлібек Жамауов.

Ол Ресеймен жасалған келісім бір жыл күшін сақтайтынын, одан кейінгі жағдай Қазақстанның ішкі нарығындағы газ тапшылығына байланысты болатынын баяндады.

«Тапшылықты ішкі ресурс толтыратын болса, онда Ресейден тасымалдауды тоқтатамыз. Тасымалдау тапшылық жабылғанша жалғасады. Әзірше нақты мерзім бір жыл, кейін жағдайға қарай көреміз», – деді Әлібек Жамауов.

Энергетика вице-министрі Қазақстан Ресейден келетін транзиттік газды ала алмайтынын айтты.

«Ресей газы Қазақстан арқылы Өзбекстанға өтеді. Бұл газды ала алмаймыз, өйткені біз транзиттік елміз», – деді брифингте Әлібек Жамауов.

Бұған дейін Энергетика вице-министрі 2024 жылы сұйытылған газ қанша теңгеге қымбаттайтынын жариялады.

Сондай-ақ оқыңыз